Қазақтың қара баласы Şarkı Sözleri

Серілер тобы

Қазақтың қара баласы

1
0

Paylaş:


Еңісте жүрген ел болмас,
Етектен кесіп жең болмас.
Еншілеп алған ауруға,
Екі дүниеде ем қонбас.
Ананың сүтін арда емген,
Атадан бала кем болмас.
Тебініп атқа мінсе де,
Тектіге тентек тең болмас.
 
Қазанға түспей ас болмас,
Қарекет қылған аш қалмас.
Қазақтың қара баласы,
Біріне-бірі қас болмас.
Қазақтың қара баласы
Біріне-бірі қас болса,
Күндердің күні туғанда,
Жат болудан жасқанбас.
 
Өзіңе өзің жаудайсың,
Бітпейтін істі даулайсың.
Төріңді жатқа жайлатып,
Төсекте жатып аунайсың.
Аузыңмен орақ орасың,
Тіліңмен оны баулайсың.
Атымтай сенің неңді алған,
Қожанасырдан аумайсың.
 
Сарыала қамыс сар қамыс,
Саясы кімге алданыш?
Самырсын қанат сары балақ,
Самұрық көкке самғап ұш!
Жақынның бәрі сарамсақ,
Алыстың бәрі арбағыш.
Балаға бағбан болса игі,
Бабадан қалған ар-намыс.
 
Асу да асу бел қайда?
Аса бір соққан жел қайда?
Еңіреп туған ел үшін,
Едіге сынды ер қайда?
Еңісте малы мыңғырған,
Ежелгі қоныс жер қайда?
Еншісі бөлек ер ұлан,
Еңсесі биік ел қайда?
 
Атадан қалған көз қайда?
Абыздан қалған сөз қайда?
Алауыз болса арасы,
Ағайын азып-тозбай ма?
Барға да, жоққа бар қадыр,
Баяғы бекзат кез қайда?
Кенеуі кеткен тіршілік,
Кеуденің шерін қозғай ма?
 
Басыңның көзі балбал тас,
Басына байғыз қонбай ма?
Қаражал тіккен қараша үй,
Қараусыз бір күн қалмай ма?
Отқа да түскен қызыл тіл,
Шоққа да түскен қызыл тіл,
Бекерден бекер, Құдай-ау,
Заманның зарын толғай ма?
 
Аспанның бәрі ала қат,
Алланың нұры ғаламат.
Келген бір күнге салауат,
Көрген бір күнге қанағат.
Жаманнан туар жалмауыз,
Жақсыға құмар жамағат.
Қадымнан қалған қағанат,
Қазаққа бүгін аманат.  
 

Серілер тобы, Қазақтың қара баласы Şarkı Sözleri, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Sözü ekledi

23.10.2015
Video
Серілер тобы
Қазақтың қара баласы