Заманға айтпай, маған айттың бар зәріңді, ақын дос Şarkı Sözleri

Әбіш Кекілбаев

0
0

Paylaş:


Заманға айтпай, маған айттың бар зәріңді, ақын дос,
Тепсінісіп шығатынға,- дедің бе екен,- тақым бос,
Тепсініскен бабаларың тентіресіп кеткен-ді,
Ойқастамай, ойласайық, одан да, бауырым, ақыл қос.
Ей, бауырым, мен де өзіңдей жұмыр басты адаммын,
Сен сияқты мен де емгенмін аппақ сүтін анамның,
Сен сияқты мен де далмын ертеңін ойлап баламның,
Сен сияқты мен де аң-таңмын кей ісіне заманның,
Мен де өзіндей қырда туған қара борбай қазақпын,
Мен де өзіңнен кем тартқам жоқ кермек дәмін азаптың.
Сор тұзақтың торын әлі түгел сыпырып болғам жоқ,
Қуанғанмен туды ма деп қазақ үшін азат күн.
Ей, бауырым, мен де өзіңдей басы қатқан пендемін,
Пенделікті мен де өзіндей әлі күнге жеңбедім.
Пенделіктен қамығамын құмға сіңіп, тәрік боп,
Кете ме деп өмір бойғы өзек үзген еңбегім.
Ей, бауырым, мен де өзіндей көп нәрсеге аң-таңмын,
Ашу буып әзер сиям кейде ішіне қаңқамның,
Аң-таң болып аңырғанды айдалаға лақтырып,
Кеткім де келер кесір дүниені біржолата талқан қып.
Талқандайық, ешкімге де керек болмаса бұл жарық,
Талқандайық, талқанына болар екен кім қарық?
Талқаны шыққан түл даланы талақайға салғанда
Болмаймыз ба бәрісібір сен ғарып та, мен ғарып.
Таусылмайды шамалы да бұл ыза мен бұл арман,
Орнағанша қу далада жайқала өскен ну орман,
Ол үшін тек балтаңды алып бәйтерекке кіжінбей,
Жөн шығар-ау қауғаңды ұстап өз шыбығыңды суарған.
1999.
Әбіш Кекілбаев, Заманға айтпай, маған айттың бар зәріңді, ақын дос Şarkı Sözleri, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Sözü ekledi

26.08.2016