Ыбырайым Құлбайұлы Алтынды орда қонған жер (0) сөзі

Алтынды орда қонған жер сөзі

Ыбырайым Құлбайұлы

0
0

Бөлісу:


Қызыл тілім қайнарлы-,
Аманат тәнде жан барда,
Бетте қызыл қан барда,
Белде қуат, әл барда.
Қадір Алла жаратқан,
Түрлі мақұлық, жандарды.
Әнбие-мүрсал Пайғамбар,
Дін шырағы – шамдарды.
Солардың жолын ұстаған,
Қазы, мүфти, хандарды.
Біреулерді бай қылдың,
Малды түрімен айдарға.
Біреулерді би қылдың,
Халық ішінде сайрарға.
Біреулерді ер қылдың,
Қызыл, жасыл ту ұстап,
Арқа терісі құрыстап,
Жау ішінде жайнарға.
Әлемге жарық шам қылдың,
Күн менен жұлдыз, айларға.
Көрнекке біткен жүз, маңдай,
Сөйлерге біткен тіл, таңдай.
Қызыл тілім, сөйлеп қал,
Өлгеннен соң күн қандай?!
Осы жүрген адамның,
Өледі бәрі дым қалмай.
Осы сөзім қалмайды,
Еш уақытта шын болмай.
Қызыл тілім, сөйлеп бақ,
Алла берген санадан,
Арғы шеткі сағадан,
Ата менен бабадан,
Тыңдаушылар табылса,
Іні менен ағадан.
Көнеріп қалған шежіре,
Біз өңдедік жаңадан.
Біз көбейіп, түледік,
Адам менен Хауадан.
Құлақ салып тыңдаңыз,
Дені дұрыс, сау адам.
Сол Адамнан бері қарай
Әлденеше пір де өтті.
Дұшпанға қарсы оқ атқан,
Әлденеше ер де өтті,
Атамыз Адам Пайғамбар,
Хақ расулі Мұхаммед,
Отыз үш мың сахаба,
Хазіреті Әли шер де өтті,
Дін үшін қылған еңбекті.
Адам менен Мұхаммед,
Арасында қарасақ,
Азы мың жүз жыл өтті.
Сол Адамнан бері қарай,
Мұхаммедке келгенше,
Елу ата бұл да өтті.
Жаратылыс осылай,
Шежіреден қарасақ.
Шежіренің түрі бар,
Әркімдерден сұрасақ,
Өз пікірін бәрі де,
Мақұлдауға таласад.
Біз де – көптің біріміз,
Кемге қоймаң біздерді.
Сахабадан бері қарай
Айтуға нәсап жарасақ.
Атамыз Әнес сахаба
Пайғамбардан бата алған.
Кәдімгі нәби атанған,
«Жау бар» десе, жасанған,
Жауды жеңді қасарған.
Панасында Әнестің
Көп адамдар күнелтті.
Пақыр, міскін, нашардан.
Малды түрімен айдаған,
Жазираны жайлаған,
Тереңнен ақыл ойлаған,
Тепсеңге бие байлаған,
Жал менен жая шайнаған,
Жасыл таудай жайнаған,
Жау жарағын сайлаған,
Алмасын шарға қайраған,
Сөйлесе, тілі сайраған,
Сақилығы өлшеусіз,
Бұдан артық қайда адам?!
Әнестің көз ұялады тұлыбынан,
Адамзат мін таба алмас қылығынан.
Патия алады артық құлығынан,
Арабтың Хазрадж деген руынан.
Олардың Сейітзада ұлығынан.
Мағлұм аты Мәлік еді,
Берені асылдардың құлынынан.
Заманында сол Әнес
Қадірлі болды халқына,
Несібесі көлдей шалқыды,
Ажары күндей балқыды.
Бәйгі алды шаршыда,
Балапан құстай талпынды.
Ақ дариядай қарқынды,
Асылдардың сарқыны,
Дұшпанын оттай шарпыды.
Табанға салып тарпыды,
Тұрмастай қылып жаншыды.
Мысалына қарасаң,
Қаз-қу ілген қаршыға,
Досына балдай татыды,
Қайғыны іштей аршыды.
Үшеу екен Әнестің
Некелеп алған қатыны.
Өз белінен баласы
Жетіпті жүз де алтыға.
Аяқты малдан аз емес,
Жинаған ақша-алтыны.
Мал, перзентке тасқынбай,
Жалғыз бенен жартыға,
Тимеген сөздің салқыны.
Жақсы менен жаманның,
Мырза менен сараңның,
Айырған екен парқын-ай.
Сөзі қалды артында-ай,
Шежіре айтар солай деп,
«Алла берсе оңай» деп,
«Мал, перзенті Әнестің
Болған екен нобай» деп.
Қарттардың айтқан сөзі бар,
«Бәйбішеден Әнестің
Естек пенен Ноғай» деп.
Айта берсе ерінбей,
Ескертетін жағдай көп.
Естектен туған Жабал-ды,
Жабалдан туған Сейіл-ді,
Сейілден туған Мағаз-ды.
Қаза етпеген сол Мағаз
Ораза менен намазды.
Сол Мағаздың баласы –
Ақшолпан мен Құрай-ды,
Құрайдан туған Аламан,
Аламаннан – Сейілхан,
Ел халқына сыйлы хан.
Сейілханның ұлына
«Түркімен» деп атақ тағылған.
Бұл түркіменнің үйіне
Мейман келсе, бағылған.
Ақ ниет, адал, бір сөзді,
Тілектері қабылдан.
Сегіз арыс түркіменнен,
Жақсы адамдар табылған.
Ертелі-кеш келгенге
Есігі жоқ жабылған.
Тыңдаушылар табылса,
Бұрынғы сөзді сағынған.
Рас болса шежіре,
Артық-кем айтып, жаңылман.
Артық адам болған жоқ
Ысмамыттай зайырдан.
Ақ кәләмді аударып,
Даңқы көпке жайылған.
Гөроғұлбек сол кезде,
Қаптаған жауды қайырған.
Айтқыш адам болған жоқ
Мақтымқұлыдай шайырдан.
Қамалын жаудың бұздырған,
Досының көңілін тындырған,
Дұшпанның көңілін сындырған.
Гөроғұлбек келеді,
Негізгі ата шынжырдан.
Ақшолпаннан – Жайылхан,
Мырзалығы өлшеусіз,
Аш, арықтар тойынған.
Ажарында бір мін жоқ,
Мысалы, алтын шайылған.
Жайылханнан туған Майқы еді,
«Майқы би» деп атанды,
Тілге шешен жайтынан.
Майқы бидың баласы –
Жиен менен Өзбек-ті.
Тұқымынан Өзбектің
Қайырлы жандар көп өтті.
Сейітмұхаммет – Аллақұл,
Көптің қамын жеп өтті.
Арасына жік салмай,
Он сегіз мың тек өтті,
Қазы, мүфти, бек өтті.
Ұлама ишан көп еді,
Ел-халқына құрметті.
Көзсіздерге көз болып,
Надандарды түзетті.
Баласы сол Жиеннің – Қазақ, Созақ,
Созақтан жеке туды Айырқалпақ,
Баласы Айырқалпақтың – Қарақалпақ.
О-дағы – бірталай ел жатқан жалпақ.
Қарақалпақ баласы үшеу екен:
Қоңырат, Маңғыт, Кенегес.
Айтуға оларды мен емес шорқақ.
Шежірені жаттадым,
Хатқа салып тапқаным,
Асылдарын мақтадым.
Қарақалпақ Жиренше,
Тілге шешен тақтағым,
Талас етпес ешбір жан,
Білігі ханнан артқаным.
Ислам дінінің тірегі,
Мұсылманның пірі еді,
Құттықожа, Мәткәрім,
Әбу, Жәмил, Құлымбет,
Асылзада достарым.
Қазақ қарттың баласы –
Елеу менен Қырғыз-ды,
Дін-шариғат жүргізді,
Қызықты дәурен сүргізді.
Ұл бала болмай Қырғыздан,
Шаһизада қырық қыз болды.
Ажары көркем нұр жүзді,
Көзі раушан жұлдыз-ды,
Қасы суда құндыз-ды.
Тұқымдары Қырғыздың
Бір жиенін қолына,
«Мұрагерім» деп кіргізді.
Сол себептен басқалар
«Қырғыз» десіп жүр бізді.
Елеу ердің баласы –
Маңғыбай менен Алаш-ты.
Бақыты көкке таласты,
Жақсылармен жанасты.
Жастайынан Алашпен
Хан, төрелер де санасты.
Үш әйел алды сол Алаш,
Бәрі – тектінің баласы.
Үлкен әйелінен Алаштың –
Үйсін менен Ойсыл-ды,
Бұларға халық бойұсынды.
Жаратылған бір мінсіз,
Белгілі ерлер айтулы.
Тұқымына бұлардың
«Ұлы Жүз» деп айтылды.
Ортаншы әйел баласы –
Арғын менен Қыпшақ-ты.
Киген киім шап-шақ-ты,
Алған жары аппақ-ты,
Тілге шешен, тақпақ-ты.
Тұқымына бұлардың
«Орта Жүз» деп ат тақты.
Кіші әйелдің баласы –
Алшын менен Кеншін-ді.
Мейман келсе, кеңсінді,
Дұшпан келсе, ерсінді.
Ұзын су менен кең қоныс,
Сарыарқаны жерсінді.
Ол күнде ешкім озбады,
Кеншін менен Алшыннан.
Жігіттері айбатты,
Тұлпар мініп талпынған.
Сән-салтанат айт пен той,
Қатарынан артылған.
Ар жіберіп дұшпанға,
Жоқ еді жері тартынған.
Асып кетті қайраты,
Кем болмады айбаты.
Оларға Алла бақ берді,
Жайлы қоныс тап келді.
Тұқымына бұлардың
«Кіші Жүз» деп ат берді.
Алаш Алаш болғалы,
Алты Алаш атақ алғалы;
Ақбоз орда үй тігіп,
Сарыарқаға қонғалы,
Кигеніміз – асыл зат,
Мінгеніміз – жорға еді.
Жүйріктігі парапар,
Ақ киіктің қырдағы.
Жұбайлары аршын төс,
Беті қызыл құрма еді.
Ренжітпес ерлерін,
Алма мойын сырғалы.
Біріне-бірі жарасар,
Қыздарымыз ханша еді,
Ұлдарымыз мырза еді.
Қыз-келіншек жиналып,
Нарға жүкті қомдады,
Береке басқа орнады.
Әулие, шайхы көп шығып,
Аруағы бұлттай торлады.
Кебеже қарын би шықты,
Айтқан сөзі формалы.
БаҺадүрлер көп шығып,
Сән, тәрбие, салтанат,
Басқа бақыт қонғаны.
Медресе, мешіт салдырып,
Мектепке қойдық молданы.
Орындалды қазасыз
Шарғының тартқан жолдары.
Қызықпады параға
Бек пенен төре, сардары.
Тура жүріп, жол бастап,
Халықты тегіс қамдады.
Өз көзімен көрмесе,
Өсекке айтқан нанбады.
Кітаптың сөзі болмаса,
Басқадан мейірі қанбады.
Заманыңда солардың
Есепсіз елдің малдары.
«Жақсы адамдар көп шықты Құдай» деген,
Еткен ісі шарғыға ұнай берген,
Байланысқан дін үшін талай жермен.
Артық еді сәніміз былайғы елден,
Көзі толды талайдың сынай келген.
Кеншіннің болды жеті ұлы:
Біреуі – ойлының білгірі,
Біреуі – қыранның ілгірі,
Біреуі – бақтың гүл-гүлі,
Біреуі – орманның сүмбілі,
Біреуі – құстың бұлбұлы,
Біреуі – аттың дүлдүлі,
Біреуі – жорғаның сүргіні.
Кердері, Керейт, Рамазан, Телеу,
Жағалбайлы, Тама, Табын.
Осы күнде лақабын
«Жеті ру» деп жүр мұны.
Рамазан, Телеу-ді,
Бұлар да байтақ көп ел-ді.
Жігіттері беделді,
Балуандары алқада
Алысқанын алып шөгерді.
Әулие зайыр көп шығып,
Ажалы жоқ аурулар
Тапты содан демеуді.
Мұқтажы болмай жиһанда,
Тапқан екен кемелді.
Жағалбайлы ұлынан
Нешелер шықты артық жан.
Мінгені жүйрік жұлқынған,
Дауласқан даушы жығылған,
Жауласқан жауы қырылған.
Сөзге шебер көп еді,
Тілі тәтті шырыннан.
Жастарының әдеті –
Әдеп пенен ибалық.
Қарт, хазірет жиналып,
Ордада мәжіліс құрылған.
Жағалбайлы елінде,
Жанқасқа менен Төлеген,
Асып туды анадан,
Адамға бітпес шамадан.
Туғандай-ақ осылар,
Бибатпа менен Сарадан.
Тәрбие менен салтанат
Осылардан тараған.
Артық еді ажары
Жанқасқаның талайдан.
Салтанаты тағы артық,
Мейман күткен сарайдан,
Астына кілем төсеген.
Қорқа алмайды өлімнен,
Туған адам шешеден.
Асып туған Төлеген,
Жазым қылды жамандар,
Жол тонаушы көшеден.
Ерлік пенен билікке
Артық адам өткен жоқ,
Сансызбай мен Шегеден.
Сөзге келдік жаңадан,
Кердері менен Тамадан.
Осы елдердің ішінен
Көп табылды паң адам,
Білімі асқан дана адам.
Айтқыш адам болған жоқ,
Кердерінің ішінде,
Әбубәкір мен Панадан.
Жолбасшылар көп шықты
Молла менен қожадан,
Жүйріктер шықты озаған.
Дүниеге батыр келген жоқ
Қарт Нәрік пен Шорадан.
Талай қуды жауларды,
Әлденеше қаладан.
Ер Есет пенен Қарабас
Дұшпандардың талайын
Жұтаған қойдай қарнаған.
Қарт Нәрік жүрген жерлерге
Дұшпан ізін салмаған.
Ноғайлының Менді қыз
Тең таба алмай өзіне,
Қарт Нәрікті қалаған.
Мырза мен төре көп шықты,
Сырлы аяқтың түбінен
Бал сапырып жалаған.
Әулиелер көп шықты,
Келешек істі болжаған.
Кербездер шықты Тамадан,
Кигені құндыз қамадан,
Қайырма сыртың жағадан.
Іші-тысы асыл зат,
Ақша жетпес бағадан.
Сары қымыз – ішкені
Піспекті қара сабадан.
Жігіттері әдепті,
Сөйлемес бұрын ағадан.
Айла, сұмдық білмейді,
Көңілдері ақ адам.
Мал менен басқа тасқындап,
Кетпеген аузы тобадан.
Ортадан мешіт салдырып,
Діннің шамын жандырған.
Төбесіне мешіттің
Қидырып асыл шам құрған.
Мешітте имам молда бар,
Дәріс айтқан орда бар.
Зиаратқа келгендер
Сөз бастауға қорғалар.
Айт, жұмада жиналған
Жамағат мың сан сонда бар.
Жігіттері сымбатты,
Бойлары ұзын, сұңғақ-ты,
Алғандары асыл жар,
Секілді мылтық құндақты.
Қыз, бозбала аяққа
Атлас мақпал шұлғапты.
Осындай Тама ауылдың салтанаты,
Әр елден ілгері еді асыл заты.
Арғымақ мінген аты бедеу еді,
Мысалы, қолтығында бар қанаты.
Сол Таманың ішінде
Өтаман мен Құралбай.
Білімі жанған шырақтай,
Несібесі қайнар бұлақтай,
Сабырлы екен тұрақты-ай.
Мұң-мұқтажын адамның
Ақылмен білген сұратпай.
Үлгі көрген ордадан,
Сабақ алған молдадан,
Ашебек, Тама, Балғын би,
Ақылын тура жолдаған.
Балғын бидің бір қызы
Ақылды дана би болған.
Жауап таппай сол қызға,
Байбақты Сырым сорлаған.
Тама ауылдың жігіті
Бедеу атты байлады,
Аты арқанда ойнады,
Ханменен қатар ойлары.
Есенгелді, Кенжебай –
Салтанатты байлары.
Бақша, сарай жайлары,
Төрінде шар айналы.
Жал менен жая шайнады,
Шай самаурын қайнады.
Мейман келсе, жайлады.
Болса жиын-тойлары,
Жиналады аймағы,
Қой менен түйе сойғаны.
Сырлы аяқтың түбінен
Кетпеген жал мен қаймағы.
Бары өзінен табылды,
Керекті құрал-сайманы.
Асыл киім киініп,
Қыз-келін гүл-гүл жайнады.
Ортасында Таманың
Сандуғаш бұлбұл сайрады.
Табылғасын ойдағы,
Жігіттер күліп-ойнады,
Қойын сойып, құрметтеп,
Бірін-бірі сыйлады.
Осылардай жақсының
Болса керек иманы.
Тама менен Табыннан
Дұшпанның туы жығылған,
Дәулеті жоқ арылған.
Осыларға кездессе,
Заманы жаудың тарылған.
Ер жігіттер көп еді,
Қорғаған елді залымнан.
Би жігіттер көп еді,
Таңдайы шешен жарылған.
Бай жігіттер көп еді,
Тасқындаған бақыты,
Әмудария ағыннан.
Бәйбішілер шалқыды,
Сарыала түйме тағынған.
Еш кісіге көз сатып,
Болған жоқ күні жалынған.
Табында талай асқан бар,
Дариядай тасқан бар.
Үй салдырған Меккеден
Қошақтың ұлы Досжан бар!
Үш баласы Табынның –
Тарту, Шөмішті, Тарақты.
Жігіттері жарақты,
Табындағы Бөкенбай
Асынды айдар садақты.
Шіреніп тартқан бір оғын
Қалаған жерден қадапты.
Кеміте қоймас әркімдер
Шөміштінің ішінде
Асау менен Барақты.
Батырлар шықты жүректі,
Балуандар шықты білекті,
Шайхылар шықты тілекті.
Асылдар шықты білікті,
Білгені – көпке дерек-ті,
Мырзалар шықты керекті.
Пақыр-мүскін паналап,
Күнелтуге себеп-ті.
Сөз айтайын төтеден,
Ата-анамыз – мұсылман,
Парыз, уәжіп өтеген.
Жүйрік адам болған жоқ
Тама, Қоспақ, Бөтеден.
Табындағы Досы-Мәукеден.
Мін тапқан жоқ қазақтан
Үй санап келген уәкілі
Медина менен Меккеден.
Сөзге келсек Алшыннан,
Сөйлесе, көңіл аршылған.
Үш қатын болды Алшында,
Бойлары ұзын аршыннан.
Үш қатынынан Алшынның
Үш бала туды паңсынған.
Қас патша менен парсынған,
Көрген адам таңсынған.
Үлкен әйел баласы – Ақарыс,
Ортаншы әйел баласы – Бекарыс,
Кіші әйел баласы – Жанарыс.
Ақарыстан – Әлімқожа,
Бекарыстан – Байқожа,
Жанарыстан – Қыдырқожа.
Үшеуі қатарынан туған оза,
Секілді періштедей нұрдан таза.
Құдайым әр пендені жарылқағай,
Болғанда қияметтік яум-ил-жаза.
Сөз жазып шежіреден қылдық есеп,
Қалдырмай Кіші Жүзді айта кетсек,
Баласы Әлімқожаның Қаракесек.
Қаракесек баласы –
Шөмен менен Әлім-ді.
Атағы жұртқа мәлім-ді,
Ақылға толық кәміл-ді.
Жасанған жауға барғанда,
Ойламаған өлімді.
Алдау, өтірік білмеген,
Қатарында сенімді.
Заманында бұлар да
Қасиеті жұртқа көрінді.
Әлімқожа – ар жағы,
Қаракесек – бер жағы.
Әлімге сөзді арнаса,
Алты арыс Әлім болғалы,
Батырлық, байлық тең өскен,
Кіші Жүздің еді салмағы.
Ер жігіттер көп еді,
Дұшпанға батқан бармағы.
Би жігіттер көп еді,
Тілінен тамған балдары.
Бай жігіттер көп еді,
Ортасында жарқырар
Асыл гауһар шамдары.
Қайсыбірін айтайын,
Жігіттері Әлімнің –
Қара құлақ нар-дағы.
Құдай деген құлдардан,
Ардақтап сүйген ұлдардан
Өлмей тірі кім қалған?!
Майлыбайдың ішінде
Шернияз бенен Қаратау
Жүйрік еді жүлде алған.
Шаршыдан бәйге күнде алған,
Сөйлесе, ішкі сырды алған.
Ұлы Сыр менен Сарыарқа,
Біздің қазақ баласы
Азғана күн құлданған.
Жақсылар өтті қазақтан,
Танбаған құлдық, тағаттан,
Кеш қалмаған сабақтан.
Ақ кәләмді аударып,
Ұйқы ұйықтамай таң атқан.
Озған адам болмады
Тілеу менен Қабақтан.
Көтібар мен Арыстан
Айқайлай жауға шабысқан,
Атқан жауы шақ ұшқан.
Жаны құрбан олардың
Халықтың ары – намыстан,
Талайлармен салысқан.
Ақылың жетсе, ойлап ал,
Мұндай жігіт қайда бар,
Қайраты асқан данышпан?!
Арыстан менен Көтібар –
Қайратты жігіт осылар,
Қайтпайтын жаудан ниеті бар,
Тентек емес, есі бар.
Айбатынан бұлардың
Көрген адам шошынар,
Жауда арылмас өші бар.
Ат мінбесе қатырып,
Жау жеңбесе жапырып,
Жазылмастай дерті бар.
Киіз үйлі қазақтың
Тілеу менен Қабақтың
Мұнан артық несі бар?!
Баласы Байқожаның төртеу еді:
Ата, Қалпақ, Естай мен Елтай еді,
Құлынынан байланбаған телтай еді.
Еліне ауа көшу, пайда болды,
Қонысы ол күндегі жайда болды.
Әлімқожа, Қыдырқожа аса көшіп, Сырға барды,
Байқожа қоныс қимай жайда қалды,
Ол жерді ел кеткесін қалмақ алды.
Аз елді аңдып жүріп алды дұшпан,
Құладын қу ілгендей таңдап құстан.
«Жаяуда шаң, жалғызда үн жоқ» дегендейін,
Қараусыз сақтанады құр соғыстан.
Елтай жас ұрысуға қадам басқан,
Айтысып, ағалары жібермеді:
«Шырағым, орны толмас оқтан ұшсаң».
Алаштап ат шабуға әрбір тұстан.
Өткенге өкінгенмен келмек бар ма,
Тіктірген ақ орданы тепсең шыңға-ай,
Мырзалар ақ күмістей тартқан сымға-ай.
Қожаның қызыл тілі сайрап өлді,
Алладан тағдыр жетіп бұлар да өлді.
Байқожа қам құсадан қайнап өлді,
Бауыры жанған оттай жайнап өлді,
Шыққанша жан кеудеден ойлап өлді.
«Жалғыздық жараспайды» деген сөз бар,
Не пайда Сыр бойында қарындастан?!
Төрт жігіт, шал мен кемпір зар жылайды,
Көзінен қан аралас аққан жастан.
Мал-мүлік бәрін тастап, шығып кетті,
Бар малын Қалмақ шауып, олжа қылды,
Кісі жоқ пайда қылып ес пен достан.
Қиын емес Алла салса болмақ сұмырай,
Қарттарын өлген жерге қоя салып,
Тауына хазіреттің келіп қонды-ай.
Алатауға арып-ашып зорға келді,
Жоқтыққа айла тапты күннен-күнге,
Көрмеген мұндай жоқтық бұрын-сонды-ай.
Елтайдан басқасының әйелі бар,
Қиғаш қас, алма мойын, жазық маңдай,
Көздері жарқыраған фаныс шамдай.
Кербездер отырысып тас кеуекте,
Айтады бергеніне «Шүкір, Құдай».
Бірнеше ай өткізді тауда жатып,
Алланың ақ бұйырған дәмін татып.
Көргені қатын-бала – қиыншылық,
Аң аулап, құлан қуып, киік атып.
Мырзалар талап қылды жаяу жатып,
Намаз бен рузасын тәрк етпеді,
Дін үшін ер жігіттер жанын сатып.
Ата мерген қатынымен тағы да өлді,
Артына жетім ұлды жалғыз тастап.
Темір бала жас қалып, болды мұңды,
Осылар Тәңір айдап шықты шетке-ай.
Ішінде ел-халықтың болса нетті-ай,
Құданың құдіреті қандай епті-ай?!
Пенденің Алла салса шарасы не,
Кешікпей тағы да өлді Қалпақ, Естай,
Қалдырды екі буаз қолаң шашты-ай.
Зар жылады Елтай жас,
Төгілді көзден қанды жас.
Арасында тау-тастың
Қаңғырып қалды жалғыз бас.
Ағайын-тума мұнда жоқ,
Қасында қара тау мен тас,
Қан татиды ішкен ас.
Жұбататын көңіл айтып,
Табылмады қарындас.
Қасында отыр телміріп,
Екі бірдей қиғаш қас.
Сөз сөйледі Елтай жас,
Көздің жасын тия алмай,
Бауырларын қия алмай:
«Сіз секілді асылдар
Қазса көрге сыяр ма-ай,
Тұрмын, - деп, - сізден ұялмай».
Жаназа оқып, дәреттеп,
Ойланып тұр қоярға-ай,
Қабірді терең оярға-ай.
«Екі бірдей асылды
Қалам ба, - деп, - қоя алмай».
«Ағайын-тума менде жоқ,
Намазға адам жиярға-ай.
Сән-тәрбиет менде жоқ,
Ақша шашып, үй тігіп,
Басына семіз соярға-ай.
Не қылайын қиналмай,
Менен қайран болмай тұр,
Жақсыларды шақырып,
Оқытып құран, сыйларға-ай.
Бере көр, Алла, иманды-ай!».
Тәрбиетті өлімге
Білімсіз адам қиналды-ай.
«Қайрат қылар күшім жоқ,
Көмек берер кісім жоқ,
Сіздерді қоймай тынышым жоқ,
Болып тұрмын сор маңдай».
Дәреттеп, намаз оқып, көрге қойды,
Топырағы бұйырған жерге қойды.
Жалғыздық адамзатқа қандай қиын,
Елтай жас күндіз-түні ойлайды ойды.
Бұларды боран соғып, шалды мұнар,
Елтайға бірнешелер болды құмар.
«Өш алып ата жаудан, соғыс қылып,
Күн қайда біз пақырға көңіл тынар?!».
Жатады жер бауырлап, жерді құшып,
Қайғылы өткен күндер еске түсіп.
«Қалмақпен мал үстінде соғыс ашып,
Құдая, неге өлмедім оқтан ұшып?!
Шаһиттік бұйырмады бізге нәсіп,
Күн бар ма рахметіңнен ашар есік?!».
Айталық ақырында болды нешік,
Көргенді шежіреден баян етіп.
Айтқан сөзім анық тұр,
Шежіреден көзім танып тұр.
Өліп қалған адамның
Келмесіне нанып тұр,
Іші оттай жанып тұр.
Осынша жүкті көтеріп
Өліп қалмай неғып тұр?!
Тап болды мұндай күнге Елтай батыр,
Дұшпанға салмақ еді заманақыр.
Досына айтқан сөзі балдай татыр,
Барында қызылыңның ойна да күл.
Алданып мал-дүниеге, болмай ғапыл,
Бұрынғы кәсіппенен күнелтеді,
Елтайға Құдай берген артық ақыл.
Елтайға қайрат берді Құдай сүйіп,
Қайраты кеудесіне азар сыйып.
Елтай жас жеңгелерін жұбатады:
«Ұзамас ұмытылар тартқан күйік».
Айтқанын жеңгелері мақұл көрді,
Пақырлар бір-біріне ақыл берді.
Елтай ер – ақылы асқан кемеңгер-ді,
Екі әйел, бір баланы ертіп алып,
Бет алып Сырдарияға төмен жүрді.
«Иншаалла, тосамын, - деп, - Сырдағы елді».
Жүреді мезгілімен түнде жатып,
Аш емес тамақтары, аң-құс атып.
Жас бала, буаз қатын жүре алмайды,
Тәнінен пақырлардың қуат қашып.
Бұларды «Жүре алмас» деп қауіптенді,
Жақсылап қамыс күрке жауып берді.
Аң атып, ұзақ тамақ тауып берді,
Отынын жеткілікті шауып берді.
«Ал сіздер осы арада бола тұрың,
Білейін алыс па екен, жуық па енді».
Жол жүруді ойға алды,
Қандай заман күн болар,
Алмас қылыш байланды.
Жау кездессе қорықпастай,
Қару-жарақ сайланды.
Тұла бойда міні жоқ,
Батыр жігіт айбарлы.
Жеңгелері мен жас бала
Панасыз қалып барады,
Осыған батыр қиналды.
Бұларды қиып кете алмай,
Бір мезгіл тағы айналды.
Шын кетерін батырдың
Жеңгелері аңғарды:
«Ашқай деп, - Алла бағдарды».
Құшақтап тұр жеңгесі мойынынан,
Жас төгілді тамшылай қойынынан.
Естері бірде шығып, бірде кіріп,
Тірілей айрылудың қиынынан,
Жеңгелері жылайды,
Жар етеді Құдайды,
Қайратын ердің сынайды.
«Қаламыз қалай тірі?!» деп,
Айдалада мұңайды.
Күймежан жеңгей сөйледі,
Сөйлегенде не дейді:
«Айналайын, қарағым,
Кетесің бе шынымен?!
Мен садаға кетсемші
«Жеңеше» деген үніңнен.
Тоқтатуға лаж жоқ,
Көзімнің жасы тізілген.
Бұйрығы болып Алланың,
Қош айтыстық өзіңмен.
Тірі жүрсең, қарағым,
Хабардар бол бізіңмен.
Жүруге әлім келмей тұр,
Кетуге сенің ізіңнен.
Құдай да – тақ, сен де – тақ,
Сақтаушы сені – жалғыз Хақ.
Сен едің біздің дәулет-бақ,
Сен келмесең, бізге – өлім нақ.
Сені Аллаға тапсырдым,
Енді лажын өзің тап.
Қош аман бол, қарағым,
Келмей тұр сөзге тіл мен жақ».
Қалпақтың әйелі Күмістің сөзі:
«Айналайын, қарағым,
Жауға асынған жарағым.
Жарық сәуле фанарым,
Көзде раушан жанарым
Енді айтар сөзім жоқ,
Қабыл болсын талабың,
Жолыңда дұшпан кез болса,
Қанды болсын садағың.
Көріскенше күн жақсы,
Алла берсін мұратың.
Сыйынып Хаққа жылайын,
Болса қабыл сұрағым.
Көп кешікпей келе гөр,
Аман болсаң, шырағым.
Қайырын Алла бермесе,
Таусылып тұр лажым».
Қоштасып бұларменен кетті жүріп,
Ақылы кейде шығып, кейде кіріп.
Буыны көпке дейін бекімеді,
Батырдың ағзалары майдай еріп.
Ойлайды артта қалған жетімдерді,
«Қалды-ау, - деп, - бейшаралар іштен тынып».
Елтай жас келе жатыр көңіл бөліп,
Ер еді Тәңірім артық берген білік.
Көп ойлап, тәуекелмен жүріп кетті,
Күніне ат жетпейтін жерге жетіп,
Арадан тағы неше күндер өтті.
Жақындай Сыр бойына келген шақта
Аттанған қарақшыға кез келіпті.
Қасына екпіндетіп келді шауып,
Елтайды ұстайын деп ебін тауып,
Жол бастап тіл қылмаққа көңіл ауып.
Көргесін Елтай ердің саясатын,
Іркіліп, қарақшылар етті қауіп.
Елді шауып, мал талау – олар қасы,
Елтай ердің ішінде дін таласы.
Олар атты, бұл жаяу болғаннан соң
Ашық кетті жаяу мен екі арасы.
Елтай жас оқ атады құлаш тартып,
Осылай шежіре білсе сөз сарасы.
Дұшпанды көрген жерде дәлдеп атты,
Даусын сары масақтың сылдыратып.
Жеткізді оғын жауға бұлдыратып,
Оқ тиіп, талайлары қалды жатып.
Кімдері өлі, кімдері жарақатты,
Жау көрінбей, тұрды да, кетті қашып.
Елтай жас енді жөнге жүре берді,
Бір үлкен биік асқар белге келді,
Белге шықса, астында ел көрінді.
Өзінің іздеп жүрген елдері еді,
Сыр, Алатау арасы көп жер еді,
Батыр да арып-шаршап, шөлдеп еді.
Есінен еш кетпейді жеңгелері,
Оларға көп кешікпей келмек еді.
Бір үлкен ортадағы үйге келді,
«Күтінің, жау келді, - деп хабар берді, -
Өзінен зорды көрмей, қайтар емес,
Қапы қалмаң, бүлдірер тәмам елді».
Келгені – Қыдырқожа байдың үйі,
Қонақ келсе, түседі оның күйі,
Қызыл шәй, сары қымыз – еткен сыйы,
Қонақ келсе ол үйге бағылады,
Бір күн қонақ келмесе, сағынады.
Отырған айдалада қоңсы-көрші
Көлге келген жылқыдай жабылады.
Туыс бірге болса да, жүріс басқа,
Көрмеген соң, бірін-бірі танымады.
Қыдырқожа сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Ашиды сізге жанымыз,
Қымыз бен шайға қаныңыз.
Бағлан қозы соямыз,
Бұл айтқан сөзге наныңыз.
Сөйлесерміз танысып,
Азырақ тыным алыңыз».
Шайдан бұрын қымызға қанып алды,
Елтайға оңашадан төсек салды.
Шаршаған неше күндер жаяу жүріп,
Елтай ер сол төсекте ұйықтап қалды.
Бұл елді қарақшылар қамап алды,
Ел де сонда өз күшін шамалады,
Ұрысуға жігіттері жарамады.
«Ұрысатын жауменен құрал жоқ» деп,
Адамы шартарапқа таралады.
«Малмен кетсе, шүкірлік етеміз» деп,
Тау мен тас, сай-саланы сағалады.
Келе жатыр дұшпанның көңілі тасып,
Бетіне адам елден қарамады.
Әлқисса, адамдар қашып бара жатқанда, Қыдырқожаның бәйбішесі Жанби үйде ұйықтап қалған мейманды оятуға қайтып келіп, баланы: «Жау келді! Тұр! Бас қамыңды жаса», - деп оятты.
Елтай тұрып, киінді,
Қайратты бойға жиынды,
Бір Аллаға сыйынды.
Өткір жүрек, қызыл жүз,
Қаламдай қасы қиылды,
Көк бүркіттей шүйілді.
«Мал жіберіп үстімнен,
Өлмей қалсам, қиын-ды».
Көргеннен-ақ дұшпандар
Танып мұны, жиылды.
Аш арыстандай құтырып,
Ителгідей жұтынып,
Дұшпанға тиді ұмтылып,
Өлім қалды ұмытылып.
«Бұл қорлыққа көнгенше,
Малды қолдан бергенше,
Кетейін жауға тұтылып».
Қаны қызып, батыр елірді,
Қолда садақ керулі,
Ойламады өлімді.
«Өліп қалсам осыдан,
Шаһиттігім сенімді.
Тәңірім берсе тілекті,
Алайын жаудан кегімді.
Келіңдер, - деп, - дұшпандар»,
Болса жігіт көңілі.
Батыр тартты садақты,
Қойған жерден қадапты,
Жалғыздамай шақ атты.
Бір оғынан батырдың
Талай дұшпан құлапты,
Жығылып аттан, сұлапты.
Қандалып, батыр есірді,
Жауға салды кесірді.
Байлаулы жатқан қайрат-күш
Босанып, бүгін шешілді.
Қарсы келген дұшпандар
Бауыздаудан кесілді.
Сырт қараған дұшпандар
Жауырынынан тесілді.
Жауға қылды кесірді,
Бермеді мал мен жесірді.
Елтай ер – елдің қыраны,
Тұқымды ер ғой сірәғы,
Дұшпанды ойран қылады.
Жаралы болған дұшпандар
Сай-жыраға бұғады,
Ер қайратын сынады.
Дұшпанның белін сындырып,
Достың көңілін тындырып,
Көңілі ердің тынады.
Ұмытылмастай бір болды
Жауға салған лаңы.
Мұны көріп, қуанып,
Келгенше Жанби шыдады.
Алдынан шығып батырдың,
Құшақтап, Жанби жылады:
«Сен асылзада жаралдың,
Дұшпанға оқтай қадалдың,
Қан төгіп, жаудан жан алдың.
Шамшырақтай жанарым,
Танытып мені өлтірші,
Сен қай тұқымнан болдың, қарағым?».
Сонда Елтай сөйлейді
Сөйлегенде бүй дейді:
«Сен сұрасаң, ай, ханым,
Қонаққа төсек жайғаным,
Мен айтайын саған жайларын.
Мен – манағы өзіңнің
Үйде жатқан мейманың.
«Мейман» деп, мені сыйладың,
Сіздерді жауға беруге
Көз алдымда қимадым.
«Мен аясам жанымды,
Жау қолына кетер, - деп, -
Қыз бенен келін ибалың».
«Сіздер үшін жаудан мен өлсем,
Аз болмас, - деп, - иманым».
Мен – Алшыннан дерегім:
Байқожаның ұлы едім.
Байқожадан төрт бала,
Сол төрт баланың бірі едім.
Баста бақыттың барында
Жайнаған бақта гүл едім,
Бұлбұл құстай түледім.
Бұл уақыттар болғанда,
Қайғымен қатты жүдедім.
Жарлылық басқа жетіп жүр,
Ақыл, күйім кетіп тұр,
Бермесе Алла тілегім».
Сонда Жанби сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Мен – тәттінің балымын,
Ауруларға дәрімін.
Айырдың туған нарымын,
Қайраңның құба талымын.
Мен – өзіңнің жеңгеңмін,
Әкеңменен немере
Қыдырқожа байдың жарымын.
Мал-бастарың аман ба,
Қай жақтан келдің, жарығым?
Біздер кеткен заманда
Сен кішкентай бала едің,
Айтқаннан соң таныдым,
Елдің қандай жағдайы,
Айтшы, қалқам, анығын?!».
Елтай сонда сөйлейді:
«Ел кеткесін, малды алды дұшпан шауып,
Жайда қалды кемпір мен шал қаза тауып.
Ата, ана мал-мүлік – бәрі де жоқ,
Алатауға біз келдік, жұрттан ауып.
Түстей болды кешегі өткен күндер,
Жиын той, ойын-күлкі, еткен сауық,
Ағайын-тума бізде жоқ сүйенетін,
Айдалада жылаймыз ауық-ауық.
Мен жайымды айтайын жеңге, саған,
Алатауда күнелттік біраз заман.
Ата да әйелімен қаза болды,
Артында Темір деген бала қалған.
Аздан соң Қалпақ, Естай қазаланды,
Артында әйелдері бек зарлаған.
Асқынды бірден-бірге қайғы-мұңы,
Ата, ана, өліп қалды туғандарым,
Олардың тастап кеттім алған жарын.
Жеңгемнің екеуі де буаз еді,
Олардың жесін-дағы Алла қамын,
«Айналып келем» деген болды шағым,
Отыр ғой бейшаралар жолға қарап,
Кісідей шөлдегенде қуған сағым.
Ауызымнан «аһ» десем шығар жалын,
Таусылмас айта берсем менің зарым.
Келтірген мұндай күйге Құдірет Кәрім,
«Көп сөзден – азғантай пәхәм» дегендейін,
Мұң-мұқтаждың көңілімдегі айттым бәрін».
Сонда Жанби жылай егілді,
Көзінің жасы төгілді:
«Саламат жаның сау жетіп,
Сақтадың жаудан еліңді.
Ар жібермей дұшпанға,
Шығардың ғой белімді.
Қыдырқожа сау болса,
Азық, көлік апарып,
Алдырармыз түздегі
Бала менен келінді.
Түгендерміз кеміңді.
Қайыры болсын өткеннің,
Өзіңе берсін, қалқам, өмірді».
Сонда Елтай сөйлейді:
«Жеңеше, сені таныдым,
Жете алмай, шаршап, арыдым.
Дұшпаннан қашып кеткелі,
Ел далада тозып жүр,
Сай-саланы кезіп жүр,
Келе алмай, үйден безіп жүр.
Анық білмей хабарды,
Мойындарын созып жүр.
Жеңеше, барып, хабар бер,
Есітіп, көңілі тыншайсын,
Қыдырекемдей кемеңгер».
Жанби кетті баруға,
Қуаныш хабар салуға.
Қыдырқожа байды табуға,
Сүйінші сұрап алуға.
Мақсаты – қоспақ Елтайды
Жалғыз қызы Анайы деген аруға.
Қыдырқожаны тауып, Жанби сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Аман қалды ел» дейді,
«Хабаршы едім мен» дейді.
«Сүйіншімді бер» дейді.
«Кешегі келген мейманың,
Жігіт екен ер» дейді,
«Сол баланы риза қыл,
Дүйім баян асылы,
Жігіт екен ашулы.
Айбарын оның көргенде
Дұшпанның көңілі басылды,
Қандары судай шашылды.
Көбін қырып дұшпанның,
Аз қалғанын қашырды.
Бірнеше қырдан асырды.
Туған екен дін үшін,
Қатын-бала күні үшін,
Сілтеді жауға қылышын.
Рүстем менен Алиға
Жақындатты ұрысын.
Жау келген күн тап болған,
О-дағы – сенің ырысың.
Қайтер едің, жұбайым,
Жауға кетсе жинаған
Қазына, мал мен мүлігің?!
Сол баланы риза қыл,
Дүние шіркін құрысын!
Енді ауылға қайталық,
Ақтан садақа айталық,
Осы еді менің жұмысым.
Бай, бәйбіше табады оңашалық,
Жанби айтты: «Азырақ сырласалық,
Бір ақ отау, келісті үй жасалық.
Мақұл көріп, «Хош» десең,
Екеуін Анайымен біз қосалық.
Сол баланың негізі:
Қарадан туған хан екен,
Айырдан туған нар екен.
Дәл бойына қарасам,
Сиырдағы құба тана екен.
Ақылына қарасам,
Ер Әлименен пар екен.
Анайыменен қосылса,
Лайқатты жар екен.
Төре сүйек асылдай,
Самарқанның тасындай,
Жүзіктің гауһар қасындай,
Бақыт құсы басында-ай,
Өзі талдырмаш жасында-ай.
Мақтай айтқан сөз емес,
Жаратылысы осындай.
Бой біткеннің ұзыны,
Бет біткеннің қызылы,
Қалам қасты ақ маңдай,
Ай менен күндей нұр жүзі.
Екі айналып келмейді,
Дүниенің қызығы.
Қасы қара құндыздай,
Көзі гауһар жұлдыздай,
Қайтсе де табады бір қызды-ай.
Тағалы тай алдырмай,
Сақтаған жаудан сол бізді-ай.
Асыл болсын мұратың,
Істі бітір сен тезде-ай».
Қыдырқожа сонда сөйлейді:
«Есіттім айтқан хабарың,
Көңіліңді сенің табарым,
Сен едің сая-самалым.
Бұрынғы ойда бар болсаң,
Алла қосқан жар болсаң,
Ойламассың менің залалым.
Сол баланы білдің бе,
Қай тұқымнан боларын?».
Сонда Жанби сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Ол баланы сұрасаң,
Өзіңнің туған жақының.
Қисық емес, мақұлың,
Араз емес, татуың,
Қорқақ емес, батырың.
Бұл – Байқожа байдың баласы.
Өлшеусіз білдім ақылын,
Қалмасын іште ғапылың.
Бұл – Байқожа байдың кенжесі.
Барлық малын жау алып,
Ата-ана, туғандар,
Өліп қалыпты өңгесі.
Сатуға жоқ теңгесі,
Атадан қалған бір бала,
Ере алмай қалыпты далада,
Екі бірдей жеңгесі.
«Тірі болсам, табам» деп,
Іздеп шыққан ел осы.
Құлақ салып тыңдасаң,
Ақиқат, рас сөз осы».
Бай хабарды естіп, қанады,
Іші оттай жанады.
Қиын екен бауырлас,
Бай ақылынан танады.
Біраз заман болғанда,
Есін жинап алады.
Қыдырқожа – елдің бегі еді,
Қалған елді уайымдап,
Көптен қайғы жеп еді.
«Кешегі біздің Байқожа
Ханзадаменен тең еді.
Пікір, сана көп еді.
Белгілі биік төбе еді,
Шөлістанда көл еді,
Қол жетпес асқар бел еді.
Байқожа келсе алқаға,
Табылған сөздің дерегі.
Халықтың еді керегі,
Ағаштың еді терегі.
Өткен іске айла жоқ
Қайғырғанмен пайда жоқ,
Жел соқса, шырақ сөнеді».
Бай ақылын тоқтатып,
Шаруа сөзге келеді.
Қабыл болса ойлары,
Беруге қызды ойлады.
Алдырады көлікпен
Адамдарды жайдағы.
«Жақындығын білдірмей,
«Тұқымы, - деп, - төренің»,
Қылалық елге айланы,
Екі асыл қосылсын,
Ақыл екен пайдалы».
Кісі салып араға,
Анайыдан сұрапты.
Мақұл көріп бұларын,
Қыздың көңлі құлапты.
Бас құрасып көпшілік,
Мұнысын байдың ұнатты.
Бай үйіне жиналды халықтары,
Беруге қызды әбден анықтады.
Сонда Қыдырқожа сөз сөйлейді,
Баланы өз еліне танытқаны:
«Бұл бала – Дүйім баянның тұқымы,
Айтып тұр ғой сықылы.
Бұл – төренің жас ұлы,
Сөздің осы мақұлы.
Баламызды алған соң бала болар,
Үлкенге іні, кішіге аға болар.
Төре тұқым сөзге шебер, дана болар,
Ел қорғаны, жау келсе – пана болар».
Қыдырқожа мұнан соң,
Беруге қызын ой қылды,
Халқын жинап, той қылды.
Тойда семіз сойғызды,
Асау ұстап, қой қырды.
Қымыз бен шайға қандырып,
Май менен етке тойғызды.
Той да енді тарқады,
Ойын-күлкі, тамаша,
Мерекені сарқады.
Әйел алып, үй тікпей,
Қалғандарын жинауға
Елтайдың көңілі тартады.
Ақылдасып елімен,
Нарға жүкті артады.
Нарменен тізді атанды,
Мінуге таңдап ат алды,
Киім үшін мата алды.
Жау құралын жасанды,
Іздемеді жолдас, қатарды.
Елтай жүріп кетеді,
Арада күндер өтеді.
Аман-есен адаспай,
Қосына келіп жетеді.
Сау-саламат қосылып,
Аллаға шүкір етеді.
Көліктерін демалтып,
Киімдерін жаңартып,
Енді еліне көшеді.
Білікті Елтай ақылды-ақ,
Тура жолмен тақылдап,
Елге келді жақындап.
Алдынан шықты елдері –
Төре, қара, бегілері,
Сіңлі, келін, жеңгелі,
Ел-елден келген елші еді.
Екі үй тікті бұларға,
Айтпасын ешкім «қоңсы» деп.
Сұрамастай ешкімнен
Малды берді еншілеп.
Қыдырқожа байдың мұнысын
Айтқан жоқ ешкім «ерсі» деп.
Анайы асылзада сылдырайды,
Сағымдай жазғытұрғы бұлдырайды.
Тілі бал, тісі меруерт, нұр шырайлы,
Ойлайды, күндіз-түні бір Құдайды.
Елтаймен қосылуға асығып жүр,
Құмарына асыл жардың кім шыдайды?!
Айдан сұлу ажарлы,
Туған күндей базарлы.
Әдептілік пен мінезі
Аузына жұрттың ілінген.
Сабақ алған ұстаздан,
Құр емес еді білімнен.
Мақтау сияр асылға,
Болмаса кеміс тілімнен.
Шарайнадай маңдайы,
Тілге шешен таңдайы.
Екі асыл зат мінеді
Жылқыдан таңдап жорғаға.
Тоқсан басты тор көзді
Кіргізді алтын ордаға.
Өнерлі кілем жайдырып,
Үйдің ішін толтырды
Алтын, күміс, тілләға.
Екі кісі куәмен
Қидырды неке молдаға.
Молдалар қиды некені,
Көпшілік тарап кетеді,
Жататын мезгіл жетеді.
Жеңгелетіп әйелдер,
Халық әдетін етеді.
Екі асыл қосылды
Тал жібектей есілді.
Сыртылдатып түймесін,
Бешпент, шалбар шешілді.
Ұмыт болды қам-қайғы,
Басқа түскен кешегі.
Асыр салды, ойнады,
Екі адал некелі.
Айтпасақ та белгілі,
Ендігі қалған есебі,
Айтысады жақсылар:
«Перзент болса бұлардан,
Болар, - деп, - елдің көсемі».
Атанды Есентемір Темір бала,
Ақылды, асып туған болды дана.
Естай мен Қалпақтан қалған екі қатын
Екеуі екі ұл бала туды және.
Құдайым қанат-құйрық бергеннен соң,
Елтай жас той қылады келген шама.
Ісінде Елтай жастың жоқ-ты шала,
Ат шауып, палуан құрды, бәйге ала.
Естай баласына – Беріш деп,
Қалпақ баласына – Таз деп,
Ат қойды тойға келген төре, қара.
Ат қойған жақсыларды ырза қылды,
Ат мінгізіп, үстіне шапан жаба.
Той тарқап, көпшілікті жөнелтеді,
Қосылса екі жақсы күнелтеді.
Анайы бір заманда буаз болып,
Одан да бір ұл бала дүниеге енді.
Солардың баршасынан өтіп кеткен
Түбіне бұл дүниенің кім жетеді?!
Елтай жас тағы ойлайды той қылуға,
Алыстан сауын айтты ел жиюға.
Сап түзеп, Алшын елі қызмет етті,
Қонақты тойға келген жайғаруға.
Әр жерден түрлі тағам даярлатты,
Үй-үйге атпен жүріп табақ тартты.
Той қылды аса артық салтанатты,
Халықты қатар жүрген таңырқатты.
Сол күнде алты Алашқа бір көрінді
Алланың бұған берген мал мен бақыты.
Тәмамдап түрлі-түрлі мерекесін,
Тарқатты рұқсат беріп жамағатты.
Баласы туған айдай асыл затты,
«Баланың атын қойып кетіңіз» деп,
Түсірді ауылына молда қартты.
Отырған ақсақалдар ақылдасып,
«Адай» деп сол балаға қойды атты.
Баланың жағдайынан айтсақ сөзді,
Қалам қас, орта бойлы, қызыл жүзді.
Анайы сылдыраған күнде қыз-ды,
«Анайы ата-анадан қысылар» деп,
Адайды Таз шешесі қоса емізді,
Адай, Таз сол себептен сүт егіз-ді.
Есентемір, Беріш, Адай, Таз,
Төртеуі – Байқожаның немересі.
Осылай шежіре білсе түп негізі.
Адамға өлшеулі өмір, қаза бар-ды,
Күндердің күні болғанда,
Елтай да жау оғынан қазаланды.
Осындай түрлі-түрлі, жағдайменен
Айтылған Байқожаның төрт немере
Бәрінің Байұлына саналмағы.
Құдайым, тұқымына берекет беріп,
Адай, Таз, Байұлының бар салмағы.
Қыдырқожа байдың қатыны –
Жанби, Тотан-ды.
Жанбиден туған үш Сиық,
Тотаннан туған бір Жаппас,
Тұқымдары бұлардың
«Байұлы» деп атанды.
Сұлтансиық баласы –
Қызылқұрт, Масқар, Алаша,
Байбақты менен Тана-ды.
Қыдырсиықтан – Шеркеш,
Жайнаған гүл-гүл ажары,
Бақытсиықтан – Ысық,
Бір өзі көпке бағалы,
Атқа мінген тағалы.
Ысық тура барғанда,
Бұзылды жаудың қамалы.
Қызылқұрт, Масқар, Алаша,
Байбақты, Тана, Ысық, Шеркеш,
Есентемір, Беріш, Адай, Таз,
Жаппаспенен санасаң,
Он екі болды тамамы.
Он екі ата Байұлы,
Бірінің жоқ айыбы,
Тату еді ерлі-зайыбы.
Аш-арықты көп сүйеп,
Тиіп еді елге қайыры.
Қызық еді көргені,
Қызықты дәурен сүргені.
Алма мойын ат мініп,
Ару еді сүйгені.
Жігіттері таранған,
Туған күндей жүздері.
Артық еді әр елден
Әулие, шайхы, пірлері,
Балдан тәтті тілдері.
Келіншектер керме қас,
Тартқаны – жібек ілмелі.
Құлақта – сырға үзбелі,
Өңіржиек тізбелі.
Қызыл ерін, ақ маңдай,
Шала құмар етеді
Езу тартып күлгені.
Байұлының қыздары
Иығы мықты, тұлғалы.
Бұралып тұр белдері,
Құба талдай сырдағы.
Таптырмастай адамға
Мінез-құлқы, сырлары.
Шашы сұлу көрінер,
Жібектің тал-талындай.
Түрсе, балтыр көрінер
Наурыздың ақша қарындай.
Бағасына қарамай,
Меруерт гауһар тағынды-ай
Бойы түзу көрінер,
Шеберлердің тезіндей,
Қасы қара көрінер,
Құралайдың көзіндей.
Мойны артық иіннен,
Шариғаттың кезіндей.
Мұндай асыл іздесең,
Тек Байұлы деген елде бар.
Байұлының мекені
Күрделі құмайт жерде бар.
Ұзын су мен кең қоныс,
Көк орайлы көлде бар.
Бір асылдың пұлындай
Айыл-тұрман ерде бар.
Бір адамның құнындай
Деңмент белбеу белде бар.
Он екі ата Байұлы,
Бұл – Алшынның байы еді,
Төрт түлік мал сай еді.
Ғылым менен өнерге
Шаһарлы жермен тай еді.
Бір анадан туғандай
Білінбеген алыс-жақыны.
Бай менен көпке сүйенді
Жаңғыз бен жарлы, пақыры.
Тентек шықса арадан,
Түзетті айтып мақұлы.
Жинады қой мен түйені,
Тепсеңге байлап биені.
Сауын айтып он бес күн,
Күнде жиын-той еді.
Бұл Алшынның ішінде,
Алаша, Тана, Байбақты,
Қызылқұрт пенен Масқардан
Жақсы адамдар көп шықты,
Халықты тегіс басқарған.
Молдағали, Масқардың
Айтқан сөзі ізбе-із,
Жаңбырдай құйған аспаннан.
Құрманғазы – боз жорғам,
Төрт аяғын тең басқан.
Екі ішекті сөйлетіп,
Халықтың жайын аңдатқан.
Бәйге алып басшыдан,
«Сарыарқаны» тыңдатқан.
Дәулетияры Тананың
Күнәлі істен сақтанған.
Мүриттерін сақтады,
Шайтан, залым дұшпаннан.
Байбақтының Сырым би –
Білімі артық өткен жан.
Өмірі өтті тарықпастан,
Билік айтып жалықпастан,
Кісіге берген татпастан.
Он бір деген би шықты
Қара көз, Алтын-Жаппастан.
Сөз бастауға қажарлы,
Алқа ішінде қорықпастан.
Қатепті қара нар еді,
Аса көшсе, қос артқан.
Қадірлі елдің қарты еді,
Жиын-тойда бас тартқан.
Ысық пенен Шеркеш те
Қатарынан ерте өсті,
Ұл-қыздары ерке өсті.
Шеркештегі Шағырай
Барса, жаудың аты өшті.
Таң атқасын, күн қалған,
Баста тұрмас сұм жалған.
Дүнияда жақсы болған жоқ
Демеу молда, Шеркештің
Асауы менен Тұрланнан.
Бізге қалай тоқтайды
Солардан дүния тұл қалған?!
Тұманша биі Шеркештің –
Қылышкестен қашаннан.
Жареке х






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016