Жеңешем монологы сөзі

Сырбай Мәуленов

0
0

Бөлісу:


Науша бойым бар еді —
Гүл өрімдей,
Қара көзім бар еді —
Қара көлдің түбегіндей.
Қызыл жүзім бар еді —
Батқан айдай,
Қара қасым бар еді —
Тартқан жайдай.
Қолаң шашым бар еді—
Қара мақпал іңірдің түнегіндей,
Самал соқса желпілдеп ойнаушы еді,
Желкілдеген толқынды ну егіндей.
Ақ маңдайым бар еді —
Қыс қарындай,
Сайраушы еді таңдайым —
Көктемнің құстарындай.
Қыр мұрынға жұқа ерін жарасатын,
Беріп еді табиғат парасатын.
Сылаң қаққан бір кезгі өтті дәуір,
Біз жайлаған бақшаға жетті дауыл.
Қызыл ерін бозарды,
Күңгірт тартты көз алды.
Қара шаш қырауланды,
Ақ көңіл тұманданды.
Бетті әжім басып,
Бел бүгілді,
Мен солай болып едім деп,
Сендіре аламын енді кімді?
* * *
Жанымда әлі көктем бар,
Қырық төртте деп ұқпаңдар.
Көктейтін әлі көк тал бар,
Жауатын әлі бұлттар бар,
Қырық төртте деп ұқпаңдар.
Жанымда әлі отым бар,
Жанымда әлі дауыл бар,
Көзімнен соны оқыңдар.
Көзімнен соны таныңдар.
Мұхиттай соны көріңдер,
Шомылып соған алыңдар.
Әжімді көрсең жүзімнен
Қыс екен деп қалмаңдар.
Жаз гүліндей үзілген
Ол бір нәзік армандар.
Әжім боп түскен бетіме
Оралмай елге қалғандар.
Ақ найзағай көрінсе
Қара бұлттай шашымнан —
Қалған із қанды соғыстан,
Қалған із жауын-шашыннан.
Көктемім кеп тойлайтын,
Күз деп мені ұқпаңдар.
Жанымда әлі ойнайтын
Найзағайлы бұлттар бар.
* * *
Қырық алтыға мен, досым, келем бүгін,
Белгісіз биіктігім,тереңдігім,
Мені қайсы көлбеген параллельден
Табар екен, білмеймін,келер күнім,
Қырық алтыға мен, досым, келем бүгін.
Өстім байтақ даладай мен адал боп,
Оралмадым соғыстан генерал боп,
Мен аңқылдақ ақынмын жұртқа бірдей,
Батыс, шығыс, солтүстік шекарам жоқ
Өстім байтақ даладай мен адал боп.
Өткіздім мен өмірдің қанды қысын,
Талай бүрді бүркіттей жауды мысым.
Жауаптымын өмірде барлығы үшін,
Мен көтерсем шарапты, көтердім тек
Жер шарының бүтіндік, саулығы үшін.
Туған елге арнадым жыр-дұғамды,
Берді ол қолға қырмызы туды мәңгі.
Скульптор егер, де соқса мені,
Соқса болды жаралы сол қолымды
Соқса болды оқ тескен дулығамды.
Десін сонда көргендер кісі, міне,
Айтсын шалдар біткен деп күш ініме,
Мені ептеп ұқсатса оқасы жоқ
Ақын атам Абайдың тұлғасына,
Аманкелді батырдың пішініне.
* * *
Жарқылдап өткен жаздардың
Жалынын кейде білмедім,
Қаңқылдап өткен қаздардың
Қадірін кейде білмедім.
Жыр болып жанды тербеген
Түндерді тептім кеудеден.
Қадірін қалай білмегем,
Соны ойлап бүгін сенделем.
Бұрқана соққан борандай,
Жоғалды олар оралмай.
Отырмын жаздай қағазға
Қаз болып енді қона алмай.
* * *
Қара жұлдыздар арасында ағамын,
Қара дариялар жағасында жанамын.
Қара бұлттардан үзіліп түсіп,
Ақ жаңбырына айналамын ауаның.
Менің қара терімнен,
Көктейді егін көк аспандай.
Мен сонда қараймын дала төрінен
Жаңа бір планетаға жол ашқандай.
* * *
Әр нәрсенің кезі бар
Туып, я өлетін.
Әр нәрсенің көзі бар
Жанатын, я сөнетін.
Құлақ салған жұрт ұғар,
Шөптерде де күлкі бар.
Қайыңның көз жасы бар,
Қара тастың бұлты бар
* * *
Жолдар ойланады
Батбақты қалай оралып өтемін деп,
Ормандар ойланады
Жазды қалай қиып кетемін деп,
Құстар ойланады
Оңтүстікке қалай жетемін деп.
Ойлай-ойлай осылай күн кешеді,
Үнсіз сөйлеп адаммен тілдеседі.
* * *
Қоладан құйылған арыстандар,
Жалдары сұрғылт толқын түсті,
Кейде олар тірі арыстаннан қорқынышты.
Тірі арыстанның қалғып ұйықтайтын
Кездері болады,
Ал өлі арыстанның жұмылмай,
Күндіз-түні от шашып көздері жанады.
Сырбай Мәуленов, Сырбай Мауленов, Жеңешем монологы, Женешем монологы сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016