Тірілер ұраны сөзі

Сырбай Мәуленов

0
0

Бөлісу:


Кім жеңістің таңын күтсе,
Соғыста болды сол адам.
Кім адал жарын күтсе —
Соғыста болды сол адам.
Қара қағаз — қаралы жылдарда,
Өмірден үзбей үмітін,
Мал басында, қырманда,
Еңбек етсе күні-түн —
Соғыста болды сол адам.
Елдегі ата-анамен
Ауыр күнді бір бөлсе,
Сарғайып қапа-санамен
Сары жапырақтай күн көрсе-
Соғыста болды сол адам.
Соғыста өлген шейіттің,
Қолтықтан жебеп жетімін.
Тәтті ұйқысын бөліп түн,
Ойласа кем-кетігін —
Соғыста болды сол адам.
Оқтардан қорқып бораған,
Оттардан қорқып ораған,
Өз басын артық санаған,
Соғыста жүріп, соғыста —
Болған жоқ, сенбе, сол адам.
Гүрсілдеп бомба жағалай,
Жатқанда жанып қарағай,
Жалтарса тайқып кімде-кім,
Ажалға тура қарамай.
Соғыста жүріп, соғыста,
Болған жоқ, сенбе, сол адам.
Бәрін де жалғыз тындырып,
Сөйлесе түнді түнге ұрып,
Маңғазсып кеуде көтерсе,
Майдангер өзін білдіріп,
Соғыста жүріп, соғыста,
Болған жоқ, сенбе, сол адам.
Соғысқа керек әділдік,
Солай ма, айтшы, жолдасым!
Сол үшін қиды жанын жұрт,
Сол үшін жұтты қорғасын.
Тірілер, өмір сүріңдер,
Әруағы үшін өлгеннің,
Тірілер, тірі жүріңдер,
Лаулатып отын сөнгеннің!!!
***
Ладоганың жағасында келемін,
Өлі ұйқыдан оянғандай жаңа көл,
Шұрқ-шұрқ болған денесіндей кеменің
Оқтар тескен ойдым-ойдым қара жер.
Ескі мемлекет қорғанындай қабірлер,
Реңі жоқ бозғылт аспан жүзіндей,
Қара ымыртты өткен қара дауылдар
Қанды апаттың, алапаттың ізіндей.
Сол күндерден білем осы көлді мен,
Суық желі қалды сырқат сыз болып.
Кетпейді еш тастай суы еріннен,
Қарып өткен қара темір мұз болып.
Қалың қабір үндемейді, тек олар
Оты суып қатып қалған темірдей.
Көк Ладога құйып жатыр Неваға.
Сарқылмайтын, тартылмайтын өмірдей.
Өлім, өмір бұл арада жауласқан,
Қара жерді қара бұлтты шаң басқан.
Дүрілдеген, дірілдеген қанды аспан,
Сонда бұлар қол ұстасып бірге өліп,
Ладогадан Неваменен жалғасқан.
Өлді олар даңқ іздеп жүгірмей,
Кеш пен түнді табыстырған іңірдей.
Олар Қызыл жұлдыздарға айналды
Тарамданған таңның қызыл тіліндей.
***
Ұрып жатыр, Ұрып жатыр оқпенен,
Басы зеңіп құлауға тұр көк төмен.
Мен ол кезде жиырмадағы жас едім,
Ана сүті ауызынан кетпеген.
Мен ол кезде жиырмадағы жас едім,
Жас шыбықтай жаңа ғана көктеген.
Мен ол кезде жиырмадағы жас едім,
Күнге күйіп, желге әлі кеппеген.
Мен ол кезде жиырмадағы жас едім,
Тосты майдан тар өткелді, тас өрін.
Түн жамылып, сұр тұманды бүркеніп,
Қайда барсам қалмады арттан хас өлім.
Сәулелері еліктіріп сиқырлы,
Дүние маған көрінетін бір түрлі.
Бердім соған жиырмадағы күлкімді,
Бердім соған жиырмадағы ұйқымды,
Дүние маған көрінетін сүйкімді.
Қайран менің жиырма, жиырма бірлерім,
От ішінде өткен жалын күндерім.
Сұр шинельді солдаттардай адымдап,
Жырға айналып жүрегімде жүр менің.
Сырбай Мәуленов, Сырбай Мауленов, Тірілер ұраны, Тирилер ураны сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016