Нұрқан аға сөзі

Сырбай Мәуленов

0
0

Бөлісу:


1
Кеше мен көңілді едім,
Отырмын бүгін налып.
Көзіме көрінбедің,
Жетті бір үн діріл қағып.
Сол діріл —
Үзілген домбыраның шектері ме?
Сол діріл —
Өлеңнің ең ақырғы от демі ме?
Сол діріл —
Ақынның тағдыры ма,
Ел күйзелген жылап іштен?
Жетім жырдың жаңбыры ма,
Қиядан құлап түскен?
Сен күндіз ең,
Күндізді ғана сүйдің,
Сен жұлдыз ең,
Жарығы едің
Кішкене аласа үйдің.
Ішінде болмаса да мол дүние,
Әркімдер құмар еді сол үйіңе.
Түн бойы Торғай халқы шұбап ағып,
Тыңдайтын кейі сыртта тұра қалып.
Ішек болып домбыраның сағағында,
Жел болып тарайтын жұрт таң алдында.
Келер түн тағы да жұрт шұбап ағып,
Қайтатын өлеңіңнен сыбаға алып.
Дарқан той үзілмейтін мерекесі,
Едің сен сері көңіл ел еркесі.
2
Кей кезде пісіп-күюші едің,
Баладай жоққа нанып,
Бетімнен сүюші едің,
Әуелі боқтап алып.
Мен сенің ол ісіңді кек демедім,
Күніндей күлуші едің көктеменің.
Жалқау ек хатпен хабар білісуге,
Алыстан аласа үйің тартушы еді,
Түске еніп ертегідей түн ішінде,
Құмарлық көріскенше артушы еді.
Торғайда кездескенде сағынысып,
Баладай қуанушы ең алып-ұшып.
Өткен күн сағаттарын санап қанша,
Екеуміз ұйықтамаушы ек таң атқанша.
Шырлайтын торғай таңда жағы сенбей,
Түрілетін судырлап түн етегі.
Тұратын шамы сөнбей
Аласа үй — жыр мекені.
Көңілің кейде күйге соғатұғын,
Саусағың домбыраға қонатұғын,
Сыпырып томағасын бір қаршыға,
Ондайда көкке ұшқандай болатұғын.
Домбыра шектерімен бір дірілдеп,
Іштей күбірлеп,
Булығып тұншыққандай өз деміңе,
От ойнап шығушы еді көздеріңе.
Көрсетсе де үлкен ғып сені елге
Қара мүртың,
Өнерде
Бала ең, шіркін!
Сен тарттың алысқа арна
Жаздың өмір дастандарын.
Сен ақындық жарыстарда
Алдымда құдай бар деп жасқанбадың.
Елден алып ерлікті; ірілікті,
Сен болдың бір халықтың жыры мықты.
Ал, бүгін телефондар дірілдейді,
Дірілдейді ұстауға саусақ бармай.
Жүрегімді найзағай тілімдейді,
Қабырғамды зіл-қайғы қаусатқандай.
Дірілдейді Торғайда қалтырап тал,
Дірілдейді Тосьшда жапырақтар.
Көз жасындай көк аспан мөлдірейді,
Қара шәлі — қара бұлт желбірейді.
Солардың сене алмаймын жоқтауына,
Торғайдың жырың қалды көк талында.
Алдымнан кездесерсің әлі талай
Өлеңнің жарқыл қағып көкпарында.
Сырбай Мәуленов, Сырбай Мауленов, Нұрқан аға, Нуркан ага сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016