Михаил светлов сөзі

Сырбай Мәуленов

0
0

Бөлісу:


Қимаймын оны өлімге
Жүргендей ол Пиреней тауларында,
Италия көгінде,
Франция жерінде,
Жунгли бауларында.
Өзінің өлтірмейтін геройлары
Қарауыл боп тұрғандай жан-жағында.
Күн болып күркірейді өлең жолы,
Найзағай боп тастайды көкте ізін.
Бір мезет Кубадан көрем оны,
Барады жүзіп Карибтің көк теңізін.
Барады ол ат жалында
Азамат соғысында.
Жүреді бірде от жалында
Гренада болысында.
Газетте атын көрсе жұрт қуанып,
Сақтайды өлеңдерін жыртып алып.
Тұрады ол солдаттардың ортасында
Ерніне әдетінше күлкі оралып.
Тұра қап жазады жыр, жазады ән,
Достарын жылытады қызулы ойы.
Жыл емес жорықтардың азабынан
Сәл ғана енкіш тартқан ұзын бойы.
Атына ертеден қанық едім
Жүретінмін жырларын жатқа алып мен.
Түн ішінде үйіне барып едім
Тахауи Ахтановпен.
Балконнан шақырды тіл қатып,
Күткендей жақындарын.
Отыр екен түн қатып,
Аударып грузин ақындарын.
Еске алды баяғы
Каховка жылдарын,
Секілді өмір баяны —
«Яблочка» жырларын.
Кездесті бір жолы —
Он күндік кезінде
Жастық шақ тұрды оның
Жарқылдап көзінде.
Бұрынғы түр-түсі,
Мол бірақ әжімі,
Бұрынғы күлкісі,
Бұрынғы әзілі.
Мейірімді жүзінде
Жылылық тұратын.
Мейірімді жүзінде
Жырлар тұнатын.
Сөйлесетін құстармен
Адал асын алға қойып.
Сөйлесетін дұшпанмен,
Бронепоезды кезекті жолға қойып.
Сырбай Мәуленов, Сырбай Мауленов, Михаил светлов, Михаил светлов сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016