Құштарлық сөзі

Сырбай Мәуленов

0
0

Бөлісу:


Жұлдыз біткен жүр Айдың күзетінде,
Кірпік қақпай, көз жұмбай қарауылдап.
Жүзеді олар аспанның мұз бетінде,
Ақ шаңғылы жеткенше таң адымдап.
Ақ сәулелер аспаннан жауған жырдай,
Ақ жанымен жазылған Зура қыздың.
Ақша бұлттар тұтасқан, ақ жаңбырдай,
Үйімізге келеді тура біздің.
Тура салып төсектен киінемін,
Тар кеудемнен шығады жиі демім.
Көзі нұрымда ойлаймын қалса екен деп,
Суретті сиқырлы дүниенің.
О, арманым, сен қайсы тұстан шықтың,
Жолын тосам сөзіне ұшқан бұлттың.
Ай- жұлдыздар құяды көкірегіме,
Аппақ отын өмірге құштарлықтың.
* * *
Бұлбұлдардың жырлайтын көздері бар,
Ашылғанда гүлдердің көздері бар.
Баққа қонып балбырап бал құшақта,
Тамылжытып сайрайды таңғы шықта.
Жыр шырқайды орманның қызына деп,
Үзіледі үндері сызыла көп.
Бұлбұлдардың жырлайтын көздері бар,
Қалғығанда гүлдердің көздері бар.
Кешкі ымыртта қонақтап ол тұғырға,
Дірілдейді дауыстар толқынында.
Өзі айналып кетеді бір дыбысқа,
Қыз сырларын шертеді жыршы құсқа.
Күндіз-түні жырласа ыршып- қонып,
Кетер еді бұлбұл құс шымшық болып.
Естір еді есер сөз ол әмбеден.
Өлер еді құштарлық оған деген.
* * *
Күндіз өзен жардың тасын сілкілеп,
Күндіз өзен долданады күркіреп.
Түнде өзен долданады басылып,
Тұңғиықта жұлдыздармен бір түнеп.
Қара түнек тығылғанда қуысқа,
Таң бозарып білінгенде шығыста,
Жел өзенді ұйқысынан оятып,
Өзі бастап жөнеледі жұмысқа.
* * *
Сен ойлайсың өткен күн өледі деп,
Мен ойлаймын қайтадан келеді деп.
Оралады ол диқанның егіні боп,
Оралады ол ақынның өлеңі боп.
Сен ойлайсың өмірді аударма деп,
Мен ойлаймын бұл ойың жалған ба деп.
Мен ойлаймын өмірді түпнұсқа деп,
Әттең оқып шығуға күн қысқа деп.
* * *
Кеш-
Есейген шағы күндіздің,
Түн-
Балалық шағы жұлдыздың.
Кәмелетке әлі жетіп толмаған
Көктем кезі -
Гүл қыздың.
Терек -
Жердің көкке созған саусағы.
Жасыл мұнар -
Көтерілген тау шаңы
Қызыл қаны арылмаған бетінен
Табиғаттың жастық көзі –
Таң сәрі.
* * *
Өтті жастық пропеллердей зыр қағып,
Өтті жастық поездармен бірге ағып.
Өтті жастық кемелердің үстінде
Толқынменен ізін көміп ұрланып.
Өтті жастық майдандарда от кешіп,
Сұр шинелін шұрқ-шұрқ етіп оқ тесіп.
Өтті жастық жарқылында қылыштың,
Ат үстінде ажалменен беттесіп.
Жетті жастық алаулатып Артекке
Жалаулатып шырқап шығып тау, көкке.
Жастық космос жұлдыздарын әріп қып
Өз өмірін жазып жатыр анкетке.
Сырбай Мәуленов, Сырбай Мауленов, Құштарлық, Куштарлык сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016