Қазақ тілі сөзі

Сырбай Мәуленов

0
0

Бөлісу:


Орта жолда бүріп тастап оқ құзғын,
Құлап жаттым құшағында көк мұздың,
Қасіретімді —қазақ тілін қанат қып,
Төрт бұрышты дүниеге жеткіздім.
Көкірегінен атылса да оқ күздің,
Жаз етіп мен күздің өзін өткіздім.
Шаттығымды — қазақ тілін қанат қып
Төрт бұрышты дүниеге жеткіздім.
Сол тілменен дүниені атадым,
Таптым бүкіл тіршіліктің атауын.
Жатты онда уыз сүті ананың,
Жатты онда аманаты атаның.
Сол тілменен махаббатқа тіл қаттым,
Сол тілменен талай гүлді жырлаттым.
Сол тілменен сәбилерді сөйлетіп,
Талайлардың көз жастарын құрғаттым.
Сол тілменен аспан көрдім,
жер көрдім,
Сол тілменен көгершінге жем бердім.
Сол тілменен дүнисден кетемін,
Сол тілменен дүниеге мен келдім.
* * *
Жарқылдайды алдымызда:
Аспан — қала,
Жұлдыз — шамдар,
Бұлт ұқсайды қарлы құзға,
Борандайды күміс шаңдар.
Қобалжымай ой, өріне
Сол бұлттарды баспалдақтап.
Біз барамыз Ай еліне
Алшаң басып аспанды аттап.
Ата-баба арманының
Жібермейміз жай есесін.
Жердің көкке жалғап жырын
Аралаймыз Ай көшесін.
Сырбай Мәуленов, Сырбай Мауленов, Қазақ тілі, Казак тили сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016