Қарталы сөзі

Сырбай Мәуленов

0
0

Бөлісу:


Солтүстікте бір жер бар
Аты оның Қарталы.
Қайда жүрсем Қарталы
Қиялымды тартады.
Аз ғой онда жазық маң,
Көп қой онда ормандар.
Тастамайды аузынан
Қарталыда болғандар.
Есетұғын қырынан
Қоңыр салқын кеш лебі.
Жүретұғын құрбылар
Көйлектері кестелі.
Жылы жүзді өздері
Және сондай бауырмал.
Шақыратын біздерді
Украин бауырлар.
Судыр-судыр қара орман
Сыбырлайтын кеш әнін.
Тыңдайтынбыз олардан
Өлеңдерін Лесяның.
Қалатынбыз біз білмей,
Өткендігін қалай түн.
Жалғасатын үзілмей,
Жыры Тарас, Абайдың.
Қарталыға құмартып,
Соға кеттім былтыр мен.
Құрбыларым гүл тартып,
Құшақ жайды күлкімен.
1953
Сырбай Мәуленов, Сырбай Мауленов, Қарталы, Карталы сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016