Қарақалпақ бауырым сөзі

Сырбай Мәуленов

1
0

Бөлісу:


Ибрагим Юсуповқа
Түріңде тұр туыстық,
Тіліңде тұр туыстық.
Нөкістің Қызылордадай,
Құшағы отты, күні ыстық.
Жатаған дала, жалпақ құм,
Дарияның бірдей оң-түсі.
Қазақ пен қарақалпақтың
Айрылған қашан еншісі.
Ағайындық жайында,
Айтылар адал сөз ұдай
Жырда жоқ бізде айырма,
Ұйқастар егіз қозыдай.
Арамыз алыс тұрсақ та,
Аралас Арал — Шалқарым.
Келеміз қатар бір сапта,
Қандасым — қарақалпағым!
Жадымда сенің тұз-дәмің,
Алдыма тосқан күні-түн.
Көзі оттай нұрлы қыздарың,
Сөзі оқтай өжет жігітің.
Дария саба Шалқарым,
Бар бол дала дарқаным.
Бауырым қарақалпағым,
Жан інім, қарақалпағым!
* * *
Дұшпандардың даттауы да шаршатты,
Дос жандардың мақтауы да шаршатты.
Қорған болып ақыл айтқан күнде ұрсып,
Ағалардың сақтауы да шаршатты.
Түнгі оттардың толқынына бөлеген,
Желіменен қолтығымнан жебеген.
Шабыт беріп, әр қияға шақырып,
Шаршатпаған, қаусатпаған тек өлең.
* * *
Асыл гүлім, ашық күнім, нан маған,
Кезім жоқ қой жалғыз сені алдаған.
Сөздеріңде жырларым тұр жазбаған,
Көздеріңде жұлдызым тұр жанбаған.
Маңдайыңда таңым жатыр атпаған,
Таңдайыңда балым жатыр татпаған.
Бір мең жатыр иегіңнің астында,
Тіл мен көзден тұмарыңдай сақтаған.
Бір тамшыдай жақын келіп тамбаған,
Бір үміттей жалт бұрылып алдаған.
О дариға-ай, қанша көрсем құмарым,
Жалғыз саған, жалғыз саған қанбаған.
* * *
Ақ таулар Алтай аруы,
Орнаған жерге ақ аспан.
Жеткізбей қарлы адыры,
Баурында бұлттар адасқан.
Жаралған таңның шығынан,
Жаралған бұлақ буынан.
Тұғырын тапқан қырандар
Қылыштай шыңның қырынан.
Кештерде жанған от болып,
Алтайы қызыл түлкідей.
Содан соң кеткен жоқ болып,
Тындырып жұртты сілтідей.
Ақ таулар сүттей махаббат,
Алтайдың ару асылы.
Көктегі бұлттың ғашығы,
Арманның биік асуы.
* * *
Алатау бұлт шарқатын иыққа орап,
Асқақтап тұр әлемге биік қарап.
Тұтасқан ақ қар, көк мұз секілді үсті
Ақ сүңгі, көк найзадан жиып жарақ.
Тұр тұман кейде теңіз бітіміндей,
Ал кейде ауылдың көк түтініндей.
Нәзік бел жіңішке бұлақ көрінеді
Даланың демін өлшер түтігіндей.
Ертемен күннің көзі шыжығандай,
Елжіреп тас көңілі бұзылғандай.
Заматта шың басынан көтеріліп,
Кетеді тұман жоқ боп ізі қалмай.
Тәтті шақ сен ойлаған, мен ойлаған
Тұмандай кетті тарқап жел айдаған.
Бұлтындай Алатаудың ауыспалы
Өткен күн бір кеткен соң келер қайдан.
* * *
Төбесінде күн жатыр,
Әрбір таулар бір батыр,
Етегінде жасыл көл —
Жасыл кітап ашып көр.
Сол кітапқа бір соқпай
Аттап өтер жыр жоқтай,
Тауды оятып таскерең,
Сөйлеседі ол таспенен.
Өтті үстінен шатырлап,
Заманалар көшкіндей.
Жасыл кітап жарқырап
Келеді әлі ескірмей.
* * *
Әділдікті айтқызбай дүрілдеп дау,
Құлагерім, жоқталмай құның кетті-ау.
Тебіренбедің сен неге,
Бурабай көл, Күңіренбедің сен неге,
Сырымбет тау.
Тар өткелден өткенде оқтай ұшып,
Шоқтығынан тиді кеп шоқпар ұшы.
Құстай аққан Құлагер жазым болды
Сал Ақаннан басқа жоқ жоқтаушысы.
Көздерінде Ақанның жер айналды,
Көздерінде жапанның көлі айналды.
Құлагерден айрылып құлазыды
Жүрегіне шемендей шер байланды.
Орта жолда сал Ақан қалды тоқтап,
Лаң тоқпақ, жанында қанды соқпақ.
Жалғыз өзім зарланып кеттім деме
Құлагерді келеміз әлі жоқтап.
* * *
Пянджіні момын санама,
Кектенсе кеттің мерт болып.
Қаптатып селді далаға
Атылады өрт болып.
Тыныштықта әсем күнімен
Жүрегі жомарт Пянджінің.
Толқындардың тілімен
Шырқайды тынбай ән-жырын.
* * *
Үйлерін жомарт татардың
Жасымнан ұқтым сақи деп,
Шешемді әни атадым,
Әкемді өстім әти деп.
Татарлармен бірге өттім,
Дария ағындарын мен.
Өлеңдетіп ер жеттім
Ғалиябануларымен.
Татардың мұңлы күйлері,
Кештей бір күңгірт шағымда
Секілді нұрлы үйлері
Шамдарын жақты жанымда.
* * *
Бұл далада таппай ылғал,
Шөлден өлген ақ қайыңдар.
Шөккен нардай адырлы бел,
Кепкен сордай сабынды көл.
Қалтыраған тау әлемі,
Мұз-мұхиттай түні суып,
Күннің алтын сәулелері
Шанышқан жерге күміс уық.
Сол сәулелер сары даланы,
Алтын оттай сапырады.
Ата-баба армандары —
Шулайды орман жапырағы.
Сырбай Мәуленов, Сырбай Мауленов, Қарақалпақ бауырым, Каракалпак бауырым сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016