Ғалиябану, қайда жүрсің сөзі

Сырбай Мәуленов

0
0

Бөлісу:


Ғалиябану, қайда жүрсің,
Қайсы орамдардасың?
Үлбіреген майда гүлсің,
Нулы ормандардасың.
Ғалиябану, қайда жүрсің,
Қайсы жердесің?
Сүйген өзен майда ағысын,
Толқын желдесің.
Ғалиябану, қайда жүрсің,
Қайсы биіктесің?
Жастық атты арман жырсың
Сенсің жалғыз сүйікті есім.
Ғалиябану қайда журсің,
Тұрағың қай бақшада?
Мендей сені қайдан білсін,
Сырың жұмбақ басқаға.
Ғалиябану, қайда жүрсің,
Саған мұңым жетсе еді.
Қайда жүрсен, — ойда жүрсің,
Сағындым-ау бек сені.
* * *
Біреулер дүние төрімен
Жарасты жаңа достасып,
Біреулер туған жерімен
Тарасты жаңа қоштасып.
Әркімнің қалып артында
Қажып бір қаусап қартаймай,
Дүние жатыр қалпында.
Таусылып, ия ортаймай.
* * *
Көңілі үшін мен еркемнің,
Кешкі күнді жөнелтемін.
Таңғы күнді қарсы аламын
Көңілі үшін мен еркемнің.
Онсыз маған бақша гүлсіз,
Онсыз маған аспан күнсіз.
Онсыз мен бір тірі өлікпін,
Қатып қалған тастай тілсіз.
* * *
Өмір жоқ қой, өмір жоқ қой мәңгілік,
Өте шығар өзегіңді талдырып,
Қарайлаймын достарымның көзіне,
Алам ба деп көңілдерін қалдырып.
Біреу сәлем бермей кетсе қайрылып,
Қабағыма ұялайды қайғы-бұлт.
Қай уақытта өкпелетіп алдым деп,
Дөңбекшимін түнде ұйқымнан айрылып.
Мен ешкімді өкпе-назға қимаймын,
Мен достардың күлкілерін жинаймын.
Шаттансын деп олар-дағы біздердей
Күлкілерді тау-өзенге сыйлаймын.
* * *
Аласа деп тұр едім мен
Ұшар басын Ақбеттің,
Ұстап сенің білегіңнен
Асуынан шаққа өттім.
Тастарымен таласа кеп,
Көрдім сонда тауды анық
Кейбір жанды аласа деп,
Қалмайық бос алданып.
* * *
Көктем келеді, келеді
Қызылды-жасылды
Қызғалдақпенен.
Қырдан гүлдер тереді
Қыздар баппенен.
Қара көздер жайнап жанады
Далада қос-қос шырақ боп,
Желменен ойнақ салады
Бұрымдары қара бұлақ боп.
Нәзік бір үнмен ауаны сызып,
Төгіліп жастық көз шарасынан.
Аққулар — қыздар ағады жүзіп,
Жасыл гүлдердің арасынан.
* * *
Атылатын оғым бар,
Жауларыма сақтаймын.
Жалындайтын шоғым бар,
Жан жарыма сақтаймын.
Жазылмаған жырым бар.
Жазбай оны тынбаймын.
Мені өмір ұрласа,
Мен өмірді ұрлаймын.
Ашылатын гүлім бар,
Ашпай оны қоймаймын.
Шығатын бір шыңым бар,
Шығармын деп ойлаймын.
* * *
Жел жолаушы ерте кетіп,
Жүреді жонда көшіп-қонып.
Жас гүлдерді еркелетіп,
Тербейді тал бесік болып.
Жел, жел өзі бір қызық ат,
Қарамайды тау-тасыңа.
Толқындарды мінгізіп ап
Жөнеледі арқасына.
* * *
Мінезің жазық жер секілді
Емессін төкпе бұлттай,
Бір қалыптан аумайсың.
Ақпайтын көл секілді
Шетке шықпай
Өз арнаңда аунайсың.
Толқымайсың сағымдардай,
Дүрлікпейсің дауылдардай,
Даңқ жұлдызын тосып әр күн.
Қызықпайсың басқаға сен
Қарапайым осы қалпың
Көрсетеді жалғыз сені
Басқалардан асқақ, әсем.
Сырбай Мәуленов, Сырбай Мауленов, Ғалиябану, қайда жүрсің, Галиябану, кайда журсин сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016