Баялыш сөзі

Сырбай Мәуленов

0
0

Бөлісу:


Сортаңда жалғыз тұрса да
Бебеулеп желмен баялыш.
Сахара шөлмен буса да
Іздемейді таяныш.
Жарылып кете жаздайды
Соқпаса біреу ұмытып.
Отымен шалқып маздайды
Жолаушыны жылытып.
* * *
Сенің байтақ барлау үшін далаңды, Мың миллион от жанарлы көз керек. Жеткізуге тілмен айтып жараңды Оқтан ұшқыр, оттан ыстық сөз керек.
Көтеруге сен көтерген ауырды,
Жерден күнге жететұғын тау керек.
Өзің кешкен қайта кешем дауылды,
Ұрынатын болса қайта жау кенет.
* * *
Күн шығып қайта ұяға батқанынша,
Дүниеге болады күн ақ падиша.
Береді жарық нұрын үлестіріп,
Ақпанның сусымалы ақ қарынша.
Құрсаған күнді бұлттар жеңе алмайды,
Қадайды оған күн найза сызықтарын,
Ал адам жүз жыл жасап көре алмайды,
Күннің бір сәт көретін қызықтарын.
* * *
Ақ жүзі алша гүлі, Ия қыстың қарындай. Бойының наушалығы Өзеннің талындай.
Көздерін қадап өтсе, Өмірлік сый аласың. Жаныңнан жанап өтсе, Именіп ұяласың.
* * *
Оқжетпестің жанында Жатыр жалғыз жұмбақ тас. Толқындар мен дауылға Сол жұмбақ тас тіл қатпас,
Шештірмейтін жұмбағын Ғашықтармен жолдастай, Талай жастың сырларын Келе жатыр ол шашпай.
Түске дейін ол ашық, Түсте жапқан тағы бұлт.
Бұлттар саулық сұрасып,
Топталады сабылып.
Көз жастарын құяды
Сағыныштан жиылған.
Әзер есін жияды
Күн жарқ етіп қиырдан.
Күннің көзін құттықтап,
Жел еседі желігіп.
Оңтүстікке бұлт ықтап,
Барады іштей егіліп.
Көл де сырын сұрады
Үн қатпады қырсығып.
Жел де сырын сұрады,
Кері қайтты күрсініп.
Шіркін сенің сырыңды
Сондай ешкім шашпаса;
Жүректегі мұңыңды
Ешбір жанға ашпаса.
Оқжетпестің жанында
Жатыр жалғыз жұмбақ тас.
Толқындар мен дауылға
Сол жұмбақ тас тіл қатпас.
* * *
Тербейді түнде поездар мені, Тербейді түнде кемелер мені. Шайқайды түнде самолеттер мені, Жүремін жолда,
Мен үнемі. Тербейді олар:
Құстардың қанатының діріліндей, Теңіздің толқынының гүріліндей. Жапырақтардың жап-жасыл бояуындай Желмен бірге жайқалған гүл үніндей.
Тербейді олар:
Найзағайдың көктемгі шапағындай, Даланың боз көделі бурыл сақалындай. Солардың бар қуаты бойыма құйылып, Тербелемін мен де кеудемнен от арылмай. Қызғалдақтар менімен бір жолаушылап, Қызыл от боп бірге ол да жүгіреді. Тарлан атын тұрғандай тау қамшылап, Тас төбемнен түйіліп үңіледі. Менімен бір ағады таңғы аспан, Менімен бір ағады көл, өзендер. Қара көздің сиқырлы қиығындай Жалт-жұлт етіп қарайды терезелер. Барлығы да бірге ауып қонысынан, Бұлдырайды сағым боп көз ұшынан. Жол үстінде келемін бала күннен, Барлығына қараймын ақ арыммен. Жол үстінде келемін, Тосады қыр желегін Айтады дала өлеңін, Сәлем беріп бәріне Жол үстінде келемін.
* * *
Қолдан-қолға көшіп талай жыртылған,
Солдат болып шабуылға ұмтылған.
Москвадан тура тартқан Берлинге
Жеңіс жолын көріп тұрмын бұл тудан.
Ол өтпеген жыра мен сай, тоғай жоқ,
Шашақтарын қырқып өткен талай оқ.
Қара түннің сөгіп жатқан іргесін,
Таң секілді шашады ол арайлы от.
Сырбай Мәуленов, Сырбай Мауленов, Баялыш, Баялыш сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016