Бабасы мен баласы туралы сөзі

Сырбай Мәуленов

0
0

Бөлісу:


( Баллада)
БАБАСЫ
Дала дауыл ақырған,
Тобыл толқын сапырған,
Күңіреніп көк аспан
Аза тұтып ah ұрған.
Келеді шал бүкшиіп,
Ақ таяғы қолында.
Келеді шал түксиіп,
Жапан түздің жонында.
Көрінбейді жарық күн,
Ойы оның шар тарап.
Келеді шал халықтың
Қасіретін арқалап.
Іздеді ол бақытты,
Ұзақ болды сапары.
Ұрлатты көп уақытты
Ағарғанша сақалы.
Көшіріп құм тауларды,
Жел қаңбақтай аударды.
Қара жонды құшақтап
Қара түнде шал қалды.
Үміт оты алдады
Іздегені табылмай.
Орындалмай арманы
Өтті солай Сарыбай.
БАЛАСЫ
Талай рет жауды қар,
Ақты өзенде толқындар.
Көшті шұбап керуендер,
Көшті шұбап көп жылдар.
Қарсы алды жаңа заманын,
Жарқылдап жұрттың жүздері,
Баяғы шалдың арманын
Аспанмен шарлап іздеді.
Бұл жолы адам жүрмеді
Жер бетінде аяңдап.
Көкте ойнап гуледі,
Көкірегінде ай орнап.
Төмпешік болып шал жатты,
Теңгедей бұлт боп төменде.
Ел тапты асыл болатты
Тұнып бір жатқан тереңде.
Жұмсалды қайрат ер-жігер
Жасарды қазақ даласы.
Заводта қазір инженер
Баяғы шалдың баласы.
* * *
Суырып құм-топырақтарды,
Тау басынан жел жетіп,
Шайқайды жапырақтарды
Жеңіл қанатымен тербетіп.
Қара толқын — қара құндыздарды
Тұңғиықтан тулатып,
Ала көбік — ала жұлдыздарды
Жағады жел түнгі уақыт.
Жел шайқамаса тірлік тұнады,
Желді мен күреске балаймын.
Жел шайқаған жапырақтар
маған қарайды
Мен жапырақтарға қараймын
* * *
Тербеледі жас қайың
Төсіне қонған құс келіп,
Алдына дән тастаймын.
Кетеді тойып, түстеніп.
Тіршілік күйі селдетіп,
Титімдей құстың тілінен
Аспанды, жерді тербетіп,
Тұрады тынбай түнімен.
* * *
Сенің бала көзіңді
Көрдім бүгін бір қыздан.
Сенің тана көзіңді
Көрдім бүгін жұлдыздан.
Сенің мөлдір жасыңды
Көрдім бүгін жаңбырдан.
Сенің ерке дауысыңды
Таптым құздан жаңғырған,
Сенің балғын шағыңды
Айтты бүгін тал құрақ.
Сенің сұлу әніңді
Айтты бүгін бал бұлақ.
Жүзді жалғыз күн бірге
Жанымда жоқ өзге ешкім.
Білмедің бе, білдің бе?
Мен сенімен кездестім.
Сырбай Мәуленов, Сырбай Мауленов, Бабасы мен баласы туралы, Бабасы мен баласы туралы сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016