Ақ түн сөзі

Сырбай Мәуленов

0
0

Бөлісу:


Ақ түн, ақ түн
Алып бір ақ сауыт.
Ақ боз аттың
Жалындай ақша бұлт.
Ақ түн - ақ гүл
Айнала тұтасқан.
Төгілмей шақ тұр
Ақ мұхит - сүт аспан.
Ақ түн - ақ жалын,
Ақ түстер жаймасы.
Дүниенің пәк жанын
Түсірген
Ақ түн -
Рентген айнасы.
Ақ түн
Таң жарығындай
Бозарып ағарған.
Ақ қайың қабығыңдай
Ақ жолдар
Жан-жаққа таралған.
Ақ түн ағады
Петрдің ақ атындай.
Аспанды жабады
Аққудың қанатындай.
Ақ түн өрлеп шауып,
Жетеді түнектің қуысына.
Ойнайды өрнек салып
Суворов қылышына.
Ақ түн уатылған
Айдың дәу қазаны ма?
Ақ шаң боп шұбатылған
Жұлдыздар тозаңы ма?
Ақ түн
Россия жыршы ұлы боп
Атанған күн еліне -
Күнәсіз - кіршігі жоқ
Пушкиннің жүрегі ме?
Ақ түннің атқарар
Жұмысы көп:
Құйылады
Мартеннің
Ақ жалын құрышы боп.
Ойнайды ол
Ақ нұр болып
Су түбінде,
Қарағай бүртігінде,
Жыр жаттаушы
Қыздардың кірпігінде.
Ақ түн
Ақ сәулесін шашады
Түн күлкісіндей.
Ақ түн аспан төсін
Желпиді
Кір түсірмей.
Ақ түн -
Әлемнің аппақ адал нұры,
Ақ түн
Қуады қуыстардан
Көлеңке,
Қараңғыны.
Ақ түн -
Жеткен талай жыл болдырып,
Аталардың ақ арманы.
Ақ түнді - ақ арманды
Тұр қондырып:
Ленинград алаңдары,
Нева аралдары,
Кронштадт қамалдар,
Смольный жалаулары.
Сырбай Мәуленов, Сырбай Мауленов, Ақ түн, Ак тун сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

03.09.2016