Жапырақтар сөзі

Сұлтанмахмұт Торайғыров

0
0

Бөлісу:


Гүлдеген, біткен жапырақ,
Бүтақтары салбырап,
Уақыты еді жетілген
Көз тартарлық балбырап.
Лебіне де аз желдің
Ұялып бұққан қалтырап.

Өзіне бұрған ойыңды,
Балбыратып бойыңды,
«Иә, пірім-ау; бұлар не ғажап?»
Деп бұрар ең мойныңды.
Маужыратып бойды алған
Әніне қостым ойымды.

Өсіп бәрі жеткендей,
Көңілді шат еткендей.
Шөптер де тұр балбырап,
Көрсең қайғы кеткендей.
Иісі бар аңқыған
Сарсығын жүрек тепкендей.

Жұмақты кіріп кергендей,
Сайран етіп жүргендей.
Басқаны жүрек ұмытып,
Дәуренді сонда сүргендей.
Жапырақтар да сыбдырлап,
Қарсы тұрған — төнгендей.
Құшақтасып айқасқан,
Жапырақтар басып жайнасқан.
Саласынан ағаштың
Шымырлап бұлақ қайнасқан.
Әрбір жапырақ астынан
Құрттар қоныс сайласқан.

Көңілдің қосып әніне,
Мәз болып жапыраң сәніне,
Тұр еді жаным балбырап,
Жылы жел тиіп тәніме;
Көзіме түсті қу жапырақ,
Ойладым мұның мәні не?

Көгеріп көгі ашылмай,
Сарғайған түсі басылмай.
Тұрған жалғыз сорлыны
Көк жапырақтар жасырмай.
Сарғайса да бұл сорлы
Өзгеге тұр бас ұрмай.

Өзгелері бұралып,
Біріне-бірі оралып,
Жапырақтан күмбез жасап тұр.
Бас, аяғы құралып,
Араласпай бұларға,
Сары жапырақ тұр бозарып.

Азапқа тұрмыс салғандай,
Есі-дерті налғандай,
Көгерет дейтін үміт жоқ,
Құрт түсіп қатып қалғандай.
Дірілдеп жерге қарап тұр,
Жалғаннан көзі талғандай.
Сұлтанмахмұт Торайғыров, Султанмахмут Торайгыров, Жапырақтар, Жапырактар сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016