Бөлісу:


Бір жерде көп отырсаң жалғыз өзің,
Көрмесе көңіл ашар жанды көзің.
Кейде ащы, кейде тәтті қиял билеп.
Кететін бар емес пе бір мінезің?
Сенде бар ондай мінез менде жоқ па?
Сарғайған дертсіз ауру елде жоқ па?
Құс - торға, балық - ауға, батыр - жауға,
Желіккен желді аяққа керме жоқ па?
Қасында жүйрік қиял сонда серік,
Басында әсіресе болмаса ерік.
Қаулаған қалың үміт көзге елестеп,
Біресе ауыр қайғы қаптар келіп.
Еркімен дулығасын ерлер тастап,
Бір жуан бәйтерекке келсе бастап.
Бай жомарт, бәйбіше де сараң емес,
Болыпты сый көрсетпек, қойнын ашпақ.
Теңгеге телміретін еріншектер
Түспеген желектері келіншектер.
Қайырмай қайын атасын, «ұялам» деп,
Бет басып, сырт айналып, шегіншектер.
Кең өлке келбет кетіп мұнар басқан,
Бір шақта сері жастар құмарласқан.
Көтеріп өкшелерін момын жандар,
Қош айтқан, қол алысқан қия алмастан.
Тағы да көз алдымда бір жиын-той,
Үй тіккен, ошақ қазған, сойылған қой.
Ат шапқан, палуан түскен, серке тартқан.
Шаттанған, күлімдескен, толқыған ой.
Бұл топта білімсіз де, білген де көп,
Жан болып жаратылып жүрген де көп,
Көзінен жас ағызып жылағанмен,
Семіріп қара суға күлген де көп.
Мендағы жылағанның бірі екенмін,
Қайғырып соларды ойлап жүр екенмін..
Аямай қаны бірге қастық қылып,
Шыға алмай бір тұйықта тұр екенмін.
Сүйіскен, сөз беріскен замандастан
Қаншасы хал біліскен, амандасқан?
Сырт берген, қол сілтеген, көбі ұмытқан,
Мен міскін бұларды ойлап қиял басқан.
Міржақып Дулатұлы, Миржакып Дулатулы, Қиял, Киял сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016