Ұлбосын сөзі

Мағжан Жұмабаев

1
0

Бөлісу:


Бауырсақ мұрны пұштиып,
Бесікте жатты Ұлбосын.
Әкесінің ойында:
«Ұлбосыным пұл босын!..»
Тышқан көзі сықсиып,
Ойнап жүрді Ұлбосын.
Әкесі енді жиірек
Ойлап жүрді: «Пұл болсын!..»
Бүйрек беті бұлтиып,
Шолпы тақты Ұлбосын.
Күлім қақты әкесі,
Ойға батты: «Пұл болсын!..»
Салмақты қыз боп ақылды,
Он бірге жетті Ұлбосын.
Мал алуға әкесі
Құдаға кетті: «Пұл болсын!..»
Бауырсақ мұрын, бүйрек бет
Он беске келді Ұлбосын.
Әкесі ойды иректейд:
«Отыра түссін, пұл болсын!..»
Ирек боп қалды-ау ой шіркін,
Пұл болмады-ау Ұлбосын.
Ұлбосын биыл есітті:
«Енді әйелге жол болсын...»
Естіпті де досына:
«Мән-жай мынау... ал досым...»-
Депті. Сөйтіп, сол түнде-ақ
Кетіп-ақ қалған Ұлбосын.
Бұрқырап отыр әкесі:
«Құл болмаса, бұл болсын!»
Мен не деймін, қалқам-ау,
Жол болсын деймін, жол болсын.
Мағжан Жұмабаев, Магжан Жумабаев, Ұлбосын, Улбосын сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016