Мешіт һәм абақты сөзі

Мағжан Жұмабаев

1
0

Бөлісу:


Б а л a :
Әкетай, мынау не үй ұзын мойын,
Тым ірі, ұлық ұстап тұрған бойын?
Басына шыққан адам білер еді-ау
Сырын айтпас қаракөк көктің ойын.
Тып-тыныш бұл үйге, әке, кім барады?
Тыныштықта қасиетті кім қалады?
Биікте көк күңіреніп сыр айтқанда,
Бақытты кім көзінен жас тамады?

Ә к е:
Бұл үйді мешіт дейді, құлыншағым,
Ерігіп, қуған болып ата заңын,
Анда-санда домалап бармағы үшін,
Салдырған өзіне арнап «жуан қарын».
Бес минут «жатып-тұрып», жуып алмақ
Былғанған бұзықтықпен ұят-арын.
Шығатын жоғарыға молдасы да
Азанмен құттықтайды қарын таңын.
Бұл мешіт - Көк үйі емес, қарын үйі,
Көргің келсе, барып көр мал базарын.

Б а л a :
Әкетай, анау не үй түсі суық?
Жанына жібермейді жанды жуық.
Терезесі темірлі, көр - есігі,
Қабырғасын қойған ба қанмен жуып?
Тас қима, темір қақпа, шойын құлып.
Тым-тырыс. Жалғыз-ақ жел тұр ғой ұлып.
Сасықта, қараңғыда аш, ауру
Кім жатыр екен, әке, тірі өліп?

Ә к е:
Жиһанда бір жас жан бар, Қиял аты,
Мәңгі ойнайтын, сөнбейтін сәуле заты.
Жанға жан беретұғын тәтті жырлы,
Меруерттен тізілген қос қанаты.
Ұшып жүріп жырымен жанды ояту -
Жас Қиялдың ежелден бар мұраты.
Тірі жанға жырламақ тәтті жырын,
Адамзаттың жоқ оған жақын-жаты.
Жиһанда бар нәрсені жаратқан сол,
Тәңірі бар бір ғана - Қиял аты...
Анау үйді адамзат абақты дер,
Адам - доңыз, еменнің тамырын жер.
Тәңірісі, жан жыры Қиялға арнап,
Сонау үйді салған ол болсын деп көр.
Көремісің күзетшіні жүрген жарап,
Қабақ түйіп, терезеге қойған қарап?
Есалаң малданып жүр: «Қиялды ұстап,
Тарихтың таңында,- деп,- қойдым қамап!»
Есалаң! Қиял қайда?.. Қиял кезбек,
Жиһанда ақ қанатпен ылғи жүзбек.
Жердегі жары - «жанды» жұбатуға,
Тоқтаусыз Көк үнінен әндер тізбек.
Балам, енді білдің ғой, ол - абақты,
Ашуменен түйіп тұр ол қабақты.
«Қиялды ұстап, жаптым!»- деп бос малданған
Ақымақ деп болмай ма адамзатты?!
Мағжан Жұмабаев, Магжан Жумабаев, Мешіт һәм абақты, Мешит һам абакты сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

03.09.2016