Қазағым сөзі

Мағжан Жұмабаев

0
0

Бөлісу:


Қазағым, таянды ғой қылта мойын,
Жер, мал кетіп, бос қалды біздің қойын.
Қарашы өзіңе өзің көз жүгіртіп,
Жараспас бұдан былай күлкі-ойын.
Жетті енді қам жер мезгіл, жатпа бекер,
Ойламау келешекті түпке жетер.
Надандық қоршап алған тұс-тұс жақтан,
Жан қорқып, дене тітіреп, есің кетер.
Тасталық болыстыққа таласуды,
Таласып, жаман кезбен қарасуды.
Мың-мыңның төгілуі жетер енді,
Ізделік аққан бұлақ - қара суды.
Бар жерді күннен-күнге алып жатыр,
Хохолдар алып қала салып жатыр.
Қырылысып өзді-өзімен қазақ сорлы,
Жерінен аузын ашып қалып жатыр.
Кел, қазақ, қолдағыдан құр қалмайық,
Отырайық жиылып, ондалайық.
Мың жылғы еткен қуам деп ата заңды,
Өнерден кеш қалармыз, ойланайық.
Жер қалар, біз жиылып қала салсақ ,
Қайдағы оңды жерді таңдап алсақ ,
«Ауыл болсаң - қоғам бол» деген сөзден
- Бұлтармай, ертеңді-кеш жүріп барсақ.
Сол шақта көп түкіріп - кел де болар,
Көлде толқын айдаушы жел де болар.
Мектеп, медреселер көп салынып,
Ағайын, тату-тәтті ел де болар.
Жиылмай өнерге аяқ баса алмаспыз,
Нық сіңген надандықтан қаша алмаспыз.
«Заман түлкі болғанда, тазы болмай»
Биік қырдан алдағы аса алмаспыз!
Мағжан Жұмабаев, Магжан Жумабаев, Қазағым, Казагым сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016