Балалық шағы сөзі

Мағжан Жұмабаев

0
0

Бөлісу:


Балалық шағы -
Патшаның тағы,
Ала алмас оны бағалап.
Көп өтпей жыл,
Тек жүрмей, біл,
Ілгергі күнді сағалап.
Үйрен білім жастықта,
Білмесең, жанға қастық та!
Білімге жүгір,
Жоқ ойдан түңіл -
Ерікке қоймай, ентелеп.
Қайтпас уақыт,
Қал дәмін татып,
Бос өткізбе еркелеп!
Жастық деген - бағасыз,
Қадірін білмес санасыз.
Жастық - алтын,
Құрып қал салтын,
Салты оның - үйрену,
Өнер қуып,
Бел бекем буып,
Надандықтан жирену!
Тұрма, қарғам, ұмтыл!
Аты өшкірден құтыл!
Білімсіз - есек,
Опасыз десек,
Сөйлеп, күліп жүрсе де.
Өлікпен тең,
Ит-құсқа жем,
Тірі боп ғұмыр сүрсе де.
Сондай болма, қарағым,
Даяр болсын жарағың!
Білген жан - көсем!
Сөйлесе - шешен,
Жұртты аузына қаратар.
Істегені - өрнек,
Қор қылмас ермек,
Нәрсені іске жаратар.
Білімдінің сөзі - ем,
Мейірімі көп, етек - кең!
Жұртына мақтаулы,
Сыбаға сақтаулы,
«Пәлі!» деп қарсы алар.
Іс қылар тежеп,
Жан-жүрек өжет,
Бет келгенді арсалар.
Қайда барса - сыйымды,
Білімі - мал, бұйым-ды!
Мағжан Жұмабаев, Магжан Жумабаев, Балалық шағы, Балалык шагы сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016