Жиырма бес сөзі

Базар Оңдасұлы

0
0

Бөлісу:


Екі ауылдың арасын
Қиқулатқан жиырма бес.
Бұғалықсыз асауды
Құр - құрлатқан жиырма бес.
Тынып таппай түн болса,
Сырғалатып сыртынан
Үй тыңдатқан жиырма бес.
Шынтақтасып қасына,
Шырт ұйықтап жатқанда
Тұр - тұрлатқан жиырма бес.
Жалтарғанды жаздырмай,
Қыран шалған қояндай
Бұлтылдатқан жиырма бес.
Ақысы кеткен кісідей
Көшкен елді қуалап,
Күн - түн қатқан жиырма бес.
Қыз - келіншек кез келсе,
Қыңырықтап құр кетпей,
Бір тіл қатқан жиырма бес.
Айдың көлдің аққуын
Атып алған жиырма бес.
Қай - қайдағы бәлені
Сатып алған жиырма бес.
Әр нәрсеге ұрынып,
Аман жүрмей, сау басын -
Шатып алған жиырма бес.
«Өлем» деген ойда жоқ,
Күнәсі бар да, тәубе жоқ,
Қапы қалған жиырма бес.
Көрінгеннің қолында
Әркімге бір «қор болып»,
Аты қалған жиырма бес.
Бұл шама келгенде,
Қолдан келер амал жоқ,
Қимылдауға мажал жоқ,
Жатып алған жиырма бес.
Шың басына, бір кезде
Шығып алған жиырма бес.
Бойындағы бар шырын
Сығып алған жиырма бес.
Көндей тұрған сауданы
Басқалардан көп беріп,
Жығып алған жиырма бес.
Базар Оңдасұлы, Базар Ондасулы, Жиырма бес, Жиырма бес сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016