Кәрілікке сөзі

Әріп Тәңірбергенов

0
0

Бөлісу:


Жетелеп жетпіс алды, алпыс айдап,
Бекітіп қол-аяқты жіпсіз байлап.
Дүниенің бәрі де күңгірт тартты,
Шапшыған тұнық едім тұрған қайнап.
Ұлына бес Сыбанның сәлем дей гөр,
Жібермес жауға түстім көзім жайнап.
Кәрілік жапалаққа айналдырды,
Бұлбұл ем даусы зарлы тұрған сайрап.
Төрт арыс қадіріңді білмеуші едім,
Жат болып, менікі емес, қалдың жайрап.
Өмірдің өтпегінің белгісі жоқ,
Пәлен күн барам демес саған сайлап.
Құтырған жолбарыстай көп жұлқындым,
Я, Төңір, өзің кешір ғапу айлап.
Орныма егін ексең, мен кетейін,
Кіжінген дұшпандарым тісін қайрап.
Жақынға керегім де бар-ақ шығар,
Өкінер, көмгеннен соң әбден жайлап.
Қолменен ұстап берген кісімсініп,
Отырар қуанысып, күліп-ойнап.
Бурадан бота ажалы бұрын келмек,
Тегінде, есіне алсын оны да ойлап.
Келмейді алжып жатып өлең жазғым,
Жасыққа көрсетейін сөзден қайрақ.
Атаның аруағын қор қыларсың,
Қысаға қышымалы қотыр тайлақ.
Бәріңнің іздегенің сауап емес,
Өлді десе, шабарсың ерсіз жайдақ.
Өзіме өлім арнап жүргенім жоқ,
Толқыны дос-дұшпанның тұрса да ойда-ақ.
Көпірін құрайыштың қараған жоқ,
Артық па пайғамбардан, бұл қай қойғақ?!
Жүйесіз қарғыс табар өз иесін,
Дарақылық емес пе, міне, сойғақ.
Әріп Тәңірбергенов, Арип Танирбергенов, Кәрілікке, Кариликке сөзі, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Сөзін қосқан

26.08.2016