Қоян жылы тумады көктен жаңбыр lyrics

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

0
0

Share:


Қоян жылы жаумады көктен жаңбыр,
Қабағы шаруалардың болды салбыр.
Қысты күні болғанда қар тынбады,
Айуанға өлім жетті аштан әрбір.
Қоян жылы заманның тары болды,
Көктен қуған құдайдың қаһары болды.
Төрт аяқты айуан баудай түсіп,
Пір тұтқаны тұтам шөп зары болды.
Төрт ай қыстан жаз шықты өлмегенге,
Ондай қыс туған емес ел дегенге.
Қысы жұт, көктем балық қиыншылық,
Ұшырады ел екі тосат көлденеңге...
Тауда дулат күйзеліп қозғалмады,
Өз азығы өзіне аз болмады.
Ысты, ошақты, жалайыр, бестаңбалы,
Ерегіссе дулаттан сөз қалмады.
Аң секілді халық екен қоңыратымыз,
Азық іздеп қалмады қоңды атымыз.
Қатты күнде тырысып тарылысты.
Дулаттағы қадірден жекжатымыз.
Көлбей деген ер шығып ысты жұрттан,
Атадан жетім қалып істі тұтқан.
Сол қар қазақтың қарызын өтеп,
Азық алдық аптаға екі пұттан.
Қысы жұт, жазы қымбат арты болды,
Сұрағаны азықтың нарқы болды.
«Қайғың - қара тамағың» деген мақал,
Ашаршылық алаштың дерті болды.
Ылғи етек тау жердің жапасы екен,
Егіндік - ел мәртебе, сапасы екен.
Темір қазық жұлдыздай тербелмеген,

Алаштың білдік дулат ағасы екен.
Шілдедегі дариядай кептің, қазақ,
Бір пайдаңды бір қысқа төктің, қазақ.
Өлетұғын тамырдай ішке тартып,
Қашан сыртқа тартады лептің, қазақ ?
Бай - мырзалар жегізді мерекесін,
Жақсы ауылға тоқтамай көре өтесін,
Үй басына үлесіп жеген пара -
Қысқартты қыдырлының берекесін.
Не таптың мастанғанмен, қазақ, мұнан,
Қара су бал деп іштің, сүтті қылаң.
«Ашқа құдай береді» деген сөз бар,
Әлі де қабыл болсын қылған тобаң!
Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Қоян жылы тумады көктен жаңбыр lyrics, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Added Lyrics

03.09.2016