Ерке Есмахан

Alternative

Pop


Ерке Есмахан 1986 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Ата-анасы қызының өнерге бейім екенін бірден байқап, оны музыкалық мектепке берген. Мектепті бітірген соң, Ерке Ақтөбедегі музыкалық колледж бен Алматыдағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алды. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, продюсер Баян Мақсатқызының назарына ілігіп, «Іңкәр» тобына қабылданды.
Ерке халыққа бірден таныла қойған жоқ. Алдымен, «Іңкәр» тобында ән салды. Одан соң, жеке шығармашылығына ден қойды. «Асыл арман», «Айша бибі», «Бал сезім», «Жаным болшы», «Еркемін», «Әйел бақыты» әндерін жарыққа шығарды. Десе де, бұл әндердің барлығын әншінің биыл орындаған «Қайда?» әні басып озды. Еркенің көптен күткен жұлдызды шағы енді келді десе болғандай. Олай дейтініміз, «Қайданың» бейнебаяны «Youtube» арнасында қазақ әндері арасында бұрын-соңды болмаған рекорд көрсеткішті жинады. Желіге маусым айында жүктелген бейнебаянды 5 айдың ішінде 40 миллионнан астам көрермен тамашалаған. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандар қазақша әнге reaction жасап, өздерінің ой-пікірлерін білдіріп жатты. Мұндай танымалдыққа Ерке өзінің табандылығымен жетті. Бұл пікірді әншінің бұрынғы продюсері Баян Мақсатқызы да құптайды. Қыркүйек айында «Қайда?» әні EMA (Еуразиялық музыкалық жүлде) «Ғаламтор таңдауы» аталымында жеңіске жеткен болатын. Ерке гастрольде болғандықтан, ұйымдастырушылар оның жүлдесін Баян Мақсатқызына табыстады. Сонда продюсер өзінің қуанышын былайша жеткізді: «Еркенің жетістігіне ерекше қуанып тұрмын. Осы тұста мына бір оқиғаны айта кетсем деймін. Өткен жылы Ерке екеуміз шай ішіп отырып, шығармашылық туралы ұзақ әңгімелескен едік. Сол кезде ол терең депрессияда жүрген болатын. Маған «Баян Мақсатқызы, бәрінің қолынан келген дүние неге менің қолымнан келмейді? Қазір Мөлдір Әуелбекова, Кәмшат Жолдыбаева, Жанар Дұғалова, Айдана Меденова, бәрі-бәрі сахнадан жарқырап көрініп жатыр. Ал, мен қашан солай биіктен көрінем? Сахнада жүргеніме он жыл болды» деп күрсінген болатын. Мен сонда Еркені жұбатып, «кішкене шыда! Құдай саған ерекше дауыс берді. Жұлдыз болатын сәтің алда» дегенмін. Мінеки, айтқаным айдай келді».
Айтпақшы, Ерке Есмаханның екі жыл бұрын Төреғали Төреәлімен бірігіп жаздырған «Аллосы» да тыңдарман қауымды дүр сілкіндірген болатын. Қыз бен жігіттің әдемі диалогындай болған бұл ән жарыққа шыққан соң, Еркенің де, Төреғалидың да жанкүйерлері бұрынғыдан да көбейе түсті. Алайда, әншінің өзі ел арасындағы «Ерке «Алло» әнінен кейін халыққа танылды» деген пікірмен келіспейді.
«Мен «Аллодан» кейін бір-ақ сәтте жұлдыз боп шыға келдім деп айта алмаймын. Тыңдармандарым мен бұған дейін жаздырған «Асыл арман», «Айша бибі» атты әндерді де біледі. Әр әннің өз орны бар. Сондықтан, «Аллоға» дейін танымал болмап еді» деген пікірмен келіспеймін».
Ерке өзінің «Instagram» желісіндегі парақшасын белсенді түрде жүргізеді. Бүгінде оның 2 миллион 400 мың оқырманы бар. Әнші өз парақшасында түрлі тауарларды көп жарнамалайды. Өзінің айтуынша, жарнама жасағаны үшін көптеген косметика, сәндік бұйымдар мен киімдерді тегін алады. Қазірге дейін жарнама қызметі үшін сыйға алған ең қымбат заты – бағасы 2 миллион 800 мың тұратын тон. Поделиться в
Таяуда Ерке атышулы «Қайда?» әнінің жалғасын жарыққа шығарды. «KZ жігіт» деп аталатын әннің бейнебаянында басты кейіпкердің өз бақытын қазақ жігітінен тапқаны баяндалады.
Роза Сексенбайқызы