Серік Ибрагимов

Alternative

Pop


Серік Ибрагимов 1988 жылы Қызылорда облысында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Анасы Серіктің кішкентай күнінде-ақ оның музыкаға деген құштарлығын байқап, оны әрдайым демеп, қолдау көрсетіп отырған. Бала Серік алғаш рет сахнаға 5 жасында шықты. Кейінірек түрлі ән байқауларына қатысып, бақ сынады. Ол алдымен Қызылорда қаласындағы музыкалық колледждің «Үрмелі және соқпалы аспаптар» бөлімін бітіріп, кейін Алматыдағы ұлттық консерваторияны тәмамдады.
Жас музыкант 2014 жылы үлкен сахнада жарқырай көрінді. Бұл оның белгілі продюсер Алтынбек Рахметовпен бірге жұмыс істей бастаған кезі болатын. Серіктің алғашқы хиті – «Вокзалда қауышқан қыз» әні халық арасында кең таралды. Өзі әрдайым көңілді жүретін әрі саксофон мен кларнетте шебер ойнайтын жас әншіні тыңдарман жылы қабылдады. Музыканттың екінші хиті деп «Жаяу» әнін атауға болады. Бұл ән, әсіресе, кішкентай бүлдіршіндердің сүйікті әніне айналды. Көңілді анимациялық фильм ретінде түсірілген бейнебаян да «Жаяудың» тез таралуына үлес қосты. Бүгінде «Жаяу» әнін мектеп оқушылары түрлі ән байқауларында орындап жүр.
2015 жылы Серік қатарынан 10 ән жаздырып, 3 бейнебаян түсірді. Сондай-ақ, сол жылы оның есімі «Forbes Kazakhstan» журналы жасаған «Шоу-бизнес пен спорттың жұлдыздары» рейтингіне енді. Қазірге дейін ол Айдана Меденова, Төреғали Төреәлі, «Лашын» тобы, Кенжебек Жанәбілов, Ерке Есмахандармен дуэт жаздырды. Ал, өз репертуарын «Кел маған», «Тфәй-тфәй», «Бар-бар», «Қазақпыз бәріміз», «Қысқа кимеші, қарындас», «Үйлендім мен», «Ауылым», «Ғаламтордағы қыз», «Аққу арман», «Қызғаншағым менің» және тағы басқа әндермен толықтырды. Айтпақшы, «Кел маған» атты лирикалық ән Серікті бұрынғы көңілді образынан шығарып, оны мүлдем басқа амплуада көрсетті.
Серіктің сахнадағы көп әріптестерінен бір артықшылығы – ол үнемі жанды дауыста ән шырқағанды құп көреді. «Мен бір жолы қатты ауырып қалдым. Бірақ, біз алдын-ала тойға тапсырыс алып қойған едік. Сол жерде екі әнді фонограммамен орындауға тура келді. Қатты қиналдым. Өзімнің дауысым болса да, қатты ұялдым. Халықты алдап тұрғандаймын, бәрі көріп тұрған сияқты. Кез келген жерде аппарат мықты болсын, жай болсын, тек тірі дауыста ән айтқым келеді» дейді Серік сұхбаттарының бірінде.

2017 жылдың соңында жас музыкант өзінің продюсері Алтынбек Рахметовпен бейбіт түрде қош айтысып, өз алдына жеке жұмыс істей бастады.
Роза Сексенбайқызы