Олжас Абай(Ochooou) өмірбаяны

OCHOOOU


Олжас Абай Алматы облысы, Ескелді ауданында дүниеге келген. Ол
Талдықорған қаласындағы Д.Рақышев атындағы спорт мектебін, кейін
Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген. Олжасты
көпшілік “Ochooou” деп таниды. Бұл әртістің сахна үшін арнайы таңдап
алған псевдонимі емес. Оны әкесі бала күнінде осылай еркелеткен екен.
Әкесі қойған атпен сахнаға шыққан әртіс бір жағынан осындай өзгеше лақап
атымен ерекшеленгенді жөн көріпті.
Шындығында, Олжастың сахналық есімі ғана емес, репертуарындағы әндері
де ерекше. Әсіресе, оның 2016 жылы бейнебаяны түсірілген “Бомба” әнін
айрықша атап өтуге болады. Бұл әннің өзі де, бейнебаяны да тыңдарман
тарапынан жылы қабылданып, “Гәкку” арнасында миллионнан астам
қаралым жинады. Әншінің өзі бір сұхбатында “Бомбаны” барынша әзілге
жақын ән қылуға тырысқанын айтқан екен.
Олжастың қоржынында бұдан бөлек “Қабағыңды түйме”, “Ашуланбашы”,
“Самса”, “Сезін мені”, “Бағдаршам”, “Өзің таңда”, “Сенбейсің”, “Таңғы
кофе” сияқты әндер бар. Одан бөлек, әнші әр жылдары Дана Кентай, Ұшқын
Жамалбек, Әсет Есжандармен бірігіп дуэт орындады. 
Көрермен қауым ғаламторда Очоудың “Бағдаршам”, “Сенбейсің”, “Бомба”
әндеріне түсірген бейнебаяндарын жоғары бағалап, ол туралы “тыңдарман
той-бизнестен шаршаған уақытта эстрадаға тың серпін әкелген әртіс” деп
пікір қалдырған екен. Әнші бейнебаяндарының сценарийін өзі жазады.
Алайда, оларды барынша креативті етіп жасауға кейбір кезде идея
жеткенімен, қаражат жетіспей жатады екен. 
Олжас көрерменге актер ретінде де жақсы таныс. Себебі, ол кино саласында
сегіз жылдан бері тер төгіп келеді. Алғаш “Парыз”, “Қара шаңырақ”,
“Бәсеке”, “Әулет” телехикаяларына түсті. Әсіресе, “Бәсеке”
телехикаясындағы басты рөл  Олжастың бағын ашты деуге болады.
“Бәсекеден” кейін Олжас “Брат или брак”, “Сиситай”, “Одноклассники”
фильмдеріне түсті. “Бәсекенің” құтты жоба болғаны соншалық, осы

сериалдан кейін актер өзінің жеке бизнесін де ашып үлгерді. Ал, 2018
жылдың жазында ол Алматы қаласында өзінің кішігірім шығармашылық
кешін өткізді. 
Олжас отбасылы, жұбайы Аймира да – өнер адамы.

Роза Сексенбайқызы