«Ninety one» («91») — қазіргі уақытта атағы жер жарып тұрған қазақстандық
бойзбенд. Бұл топтың өкілдерін «Q-pop» атты жаңа музыкалық жанрдың
негізін қалаушылар деуге болады. Музыкалық топтың құрамында Азамат
Зенкаев, Батырхан Мәліков, Азамат Ашмақын, Дулат Мұхаметқалиев және
Данияр Құлымшиндер бар. Топ 2015 жылдың 1 қыркүйегінде шоу-бизнес
әлеміне «Айыптама» әнімен аяқ басты.
«Айыптама» «Ninety one» үшін сәтті дебют болды. Себебі, әннің
бейнебаянын тек қазақстандықтар ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі
көрермендер тамашалады. Қазірге дейін әлемнің 120-дан астам еліндегі
(Түркия, Германия, Ресей, Украина және т.б. ) eaglez-дар аталған әнге
қатысты пікірлерін (reaction) видеоға түсіріп, «Youtube» арнасына жүктеген.
Айтпақшы, eagle (ағылш. «бүркіт») деп отырғанымыз – «91»-дің
жанкүйерлері. Олардың басым көпшілігі – мектеп жасындағы жасөспірімдер.
Десе де, ғаламтордан 40, 50, 60 жастағы eaglez-дардың да топ туралы жылы
пікірлерін жиі ұшырастыруға болады.
Топтың атауы Қазақстанның тәуелсіздік алған жылымен тікелей байланысты.
Сондай-ақ, музыканттар өнерде де тәуелсіз жаңа бағытты дамытуды
көздейді.
«Ninety one» мүшелеріне жеке-жеке тоқталсақ:
Батырхан Мәліков 1993 жылы Өзбекстанның Үшқұдық қаласында дүниеге
келген. Челябинскідегі мәдениет және өнер академиясын бітірген. Ол
көрермендерге «Қазақстан дауысы» жобасының финалына дейін жеткен
қатысушы ретінде де жақсы таныс. Топтағы лақап аты – Alem.
Азамат Ашмақын 1993 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Т.Жүргенов
атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжін «Актерлік шеберлік»
мамандығы бойынша бітірген. 2012-2015 жылдар аралығында Оңтүстік
Кореяда «SM Entertainment» жобасында тәжірибе жинақтаған. Топтағы лақап
аты – Ace.
Данияр Құлымшин 1998 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Бүгінде
Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде оқып жүр. Данияр – топтың
кенжесі. Сондықтан, оның лақап аты – Bala.
Топтағы екі рэпердің бірі Дулат Мұхаметқалиев – «K-Top idols» жобасының
жеңімпазы. Ол 1996 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Дулат
Абылайхан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ университетінде оқыған. Алайда,
оқуын жарты жолдан тастап кеткен. Ол бұл шешімін «мен аудармашы

болғым келмейтінін түсіндім. Сол себепті, өзім қаламайтын оқуға
уақытымды құртқым келмеді» деп түсіндіреді. Топтағы лақап аты – Zaq.
Топтағы екінші рэпер Азамат Зенкаев 1993 жылы Атырау қаласында дүниеге
келген. Азаматты болмай қалған кеме капитаны десе болады. Себебі, ол
Атырауда «Теңіз техникасы және технологиясы» бойынша білім алған, тіпті
матрос ретінде тәжірибе жинақтаған. Бірақ, кейінірек өнер жолын таңдайды.
Азамат та – «K-Top idols» жобасының жеңімпазы. Топтағы лақап аты – A.Z.
«91»-дің бірінен соң бірі жарық көрген хит әндері тыңдарман тарапынан
жылы қабылданғанымен, жігіттердің киіну стилі мен шаш үлгісі қатты сынға
ұшырады. Нақтырақ айтқанда, музыканттардың стилін дұрыс түсінбеген кей
тыңдармандар оларды шаш бояп, сырға таққанына қарап, қызтекелерге
теңеді. Топқа әлеуметтік желілерде де, жүрген жерлерінде де қысым
көрсетілді. 2016 жылдың күзі мен 2017 жылдың басында «91»-дің Шымкент,
Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған, Көкшетау, Өскемен, Қызылорда қалаларында
жоспарланған концерттері осындай негізсіз қарсылықтың әсерінен өтпей
қалды. Қысқасы, «Ninety one» 2016 жылы қазақ шоу-бизнесін қай жағынан
болса да дүр сілкіндірді.
Бірақ, музыканттар осыншама қарсылыққа қарамастан, шығармашылығын
тоқтатқан жоқ. Биылғы көктемде топтың «Су асты» атты әнінің бейнебаяны
жарыққа шықты. Eaglez-дар бұл әнді жігіттердің хейтерлерге (to hate –
ағылш. «жек көру») қайтарған жауабы деп түсінді. Сонымен қатар,
музыканттар биыл алғаш рет актер ретінде бақтарын сынап, 24 тамызда
көрермен назарына «Ninety one» атты фильмді ұсынды. Онда продюсер
Ерболат Беделханның топты қалай құрғаны, жігіттердің алғашқы қадамы,
көрген қиындықтары, хейтерлер тарапынан жасалған қоқан-лоққы, ән жазу
процесі, бәрі-бәрі көрсетілген. Ең қызығы, түсірілім тобы фильмді түсіру
барысында да біршама қиындықтарға тап болған. Мәселен, локацияны жалға
берушілердің кейбірі құрал-жабдықтардың «91» тобының түсірілімінде
қолданылатынын естігенде, жалға беруден бірден бас тартқан екен. Сондай-
ақ, туындының премьерасы жақындаған сәтте әлеуметтік желіде киноны
көрмеуге үгіттеген жандар да кездесті. Десе де, мұның бірі де «91»-ліктерге
тосқауыл бола алған жоқ. «Ninety one» фильмін Қазақстандағы 70
кинотеатрдың 68-і көрсетті.
Бойзбенд фильмді өздерінің жаңа әні «Мұзбен» аяқтаған екен. Аталған әнде
«Неге бәрі мұз?.. Бөтен бе бәрі? Бір күннің астында бөтен бе бәрі?.. Мүмкін,
күн шыққанға дейін бірге күте тұрамыз?» деп келетін жолдар бар...

«Ninety one» қазірге дейін «Айыптама» және «Қараңғы жарық» атты екі
альбом шығарды. Сонымен қатар, олар «Айыптама», «Қайтадан», «Қалай
қарайсың?», «Су асты», «Ескі таспа биі», «Баяу» және «Мұз» әндеріне
бейнебаян түсіріп үлгерді. «Ninety one» жастар арасында қазақша сөйлеу
сәнге айналғанын қалайды. Сондықтан, қазақ тіліндегі сапалы контентті
көбейтуге баса мән береді. Топтағы Zaq пен A.Z әннің сөзін, ал, Alem
музыкасын жазады.
Қазақ шоу-бизнесіне жаңалық әкелген топ алдағы уақытта әлемдік аренаға
шығуды көздейді.