Мөлдір Әуелбекова

Alternative

Pop


Мөлдір Әуелбекова 1986 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Тараз қаласындағы гуманитарлық колледжді, одан соң Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Ол алғаш қалың көпшілікке «Superstar.kz» жобасы арқылы танылды. 2004 жылы жобадағы үздік ондықтың қатарына іліккен финалистер Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап концерт берді. Ол кезеңді Мөлдір былайша еске алады: «бұл «Superstar.kz» жобасының дүркіреп тұрған шағы еді. Көптеген қалаларды аралап, өнер көрсеттік. Халықтың бізге деген ықыласының керемет болғаны сондай, стадиондар лық толатын. Әр концерттен 200 доллар қаламақы алдық. Шынымды айтсам, сол кезде мен «жұлдыз ауруымен» ауырдым. Мен ғана емес, бәріміз де ауырған сияқтымыз».
Мөлдір өнер академиясының 1-курсында оқып жүрген кезде кастингтен өтіп, «Кешью» тобының құрамына қабылданды. Ол кезде топ продюсері Алуа Қонарова болатын. Кейін оның орнын Баян Мақсатқызы басты. Дәл осы продюсердің келуі Мөлдірдің өміріне көп өзгеріс енгізді. «Ғашық жүрек немесе жұлдызды коктейль» фильмінің басты рөліне үміткер 2 мың қыздың арасынан дәл осы Мөлдір таңдалды. Осы фильм жарыққа шыққаннан кейін оның жанкүйерлерінің саны күрт өсті. Фильм де халықтың ықыласына бөленіп, бір жылдан соң жалғасы түсірілді.
Мөлдір – «Кешью» тобының құрамында ең көп жұмыс істеген солист. Сондай-ақ, ол осы топтан үш рет кетіп, үш рет қайта келуімен де есте қалды. 2012 жылы «Кешьюдан» екінші рет кеткен сәтінде Мөлдір жеке шығармашылығына ден қойды. Репертуарын «Туған жер», «Күтемін», «Жаным-жаным», «Бір сен үшін», «Толғау», «Өсиет» әндерімен толықтырды. Алайда, осы кезеңде ол концерт, бағдарламалардан шеттетіліп, алдына тосқауыл қойыла бастады. Кейде тіпті қатысатын шараға 1 күн қалғанда Мөлдірдің есімі қатысушылар тізімінен алынып тастап отырды. Халық арасында «мұның бәрін Баян Мақсатқызы жасап отыр» деген қауесет тарады. Дегенмен, Мөлдірдің өзі бұл пікірді растаған жоқ. «Кешьюдің» құрамында болғанымнан ұтылдым деп айта алмаймын. Баян ханымнан көп нәрсе үйрендім» дейді өзі.
«Ғашық жүрек немесе жұлдызды коктейль» фильмінен кейін Мөлдірге киноға түсуге бірнеше ұсыныс түсіпті. Алайда, ол әншілігіне көбірек көңіл бөлгісі келеді. Сахнада жүргеніне он жылдан астам уақыт өтсе де, оның репертуарындағы әндердің саны соншалықты көп емес. Өйткені, Мөлдір өзі орындайтын әндерін ұзақ жаздырады, өңдетеді. Мұнысын «сапалы ән жаздырып, халықтың ән таңдаудағы талғамының өсуіне титтей де болса үлесімді қосқым келеді» деп түсіндіреді. Қазір оның репертуары «Туған ел», «Шіркін-ай», «Бірге жанымыз», «Сағынба», «Күнім-ай», «Абайла», «Балапаным» сияқты әндермен толыққан. Соңғы жылдар бедерінде Мөлдір Роза Рымбаева, Мейрамбек Беспаев, Сати Казанова, Қуандық Рахым, Мырзахан Маханов, Төреғали Төреәлі, Ернар Айдармен дуэт орындады.
Қазір әнші жеке шығармашылығынан бөлек, «Назар» атты қыздар тобына продюсерлік етеді.
Роза Сексенбайқызы