Dimash Kudaibergen

Alternative

Pop


Жас әнші Димаш Құдайбергенов 1994 жылдың 24 мамырында Ақтөбе қаласында өнерлі отбасында дүниеге келген. Ол ең алғаш рет көрермендер алдына екі жасында шығып, сахналық қойылымда эпизодтық рөлде ойнаған. Димаш бойындағы талантын дамытуға өзінің ата-әжесі ықпал еткенін айтады. Атасы кішкентайынан домбыра тартуды үйреткен. Ал, әжесі мұның музыка мектебіне баруына себепші болыпты. Димаштың ата-анасы – қазақ эстрадасындағы жарасымды жұптардың бірі – Қанат және Света Айтбаевтар. Қазақтың тұңғыш баланы үлкендердің бауырына басатын игі дәстүрі бұл отбасында да көрініс тапқан.
Негізі, Димаш қазақ эстрадасына күні кеше келген жаңа есім емес. Ол бұрынырақта «Жас қанат – 2012», «Шығыс базары – 2012», «Мэйкин Азия» байқауларында жүлделі орындарды жеңіп алған. Көзі қарақты көрермен жас әншінің осыдан бірер жыл бұрын «Саз әлемі» тележобасында «Көркемім» әнімен жарқ ете қалғанын ұмыта қойған жоқ. Ал, 2015 жылы Беларусь елінде өткен «Славян базарынан» жеңіп алған бас жүлдесі, сөзсіз, Димаштың даңқын аспандатты. Шетелдік тыңдармандар ғаламторға «Бұл неткен фантастикалық дауыс!», «Бұл жігітті қазақтың Витасы деуге болады» деп жарыса жазды. Әсіресе, Димаштың дауысының диапазоны бес октаваға дейін жететіні ғаламторда қызу талқыланды. Тыңдармандардың көпшілігі қазақстандық жас таланттың бір әнді бірнеше дауыста құбылтып, қиналмастан орындайтынына таңдай қақты.
Былтыр жас өнерпаздың әнін тек теледидардан тыңдаған көп адам Витебскідегі жеңіс оған оңайлықпен келмегенін білмеген болар. Додадағы қиындықтарды Димаш БАҚ өкілдеріне кейінірек айтып берді. Дәрігердің «ән айтуға болмайды» деген ескертуіне қарамастан, үш күн қатарынан шырқаған балаң әншінің ішкен суына белгісіз дәрі қосып, сағын сындырғысы келгендер де болыпты. Димаш осы қиындықтарға қарамастан бас жүлдені жеңіп алып, шараның жабылу салтанатында қазақтың халық әні «Дайдидауды» әуелете шырқады. «Осы байқауға қатысуды бала күнімнен бері армандаған едім. Бүкіл ТМД елдері менің өнерімді тамашаласа екен деген тілегім орындалғанына қуаныштымын. Мұндай бәйгелер біз секілді жастардың өсуіне, өнердегі бағытын анықтауына мүмкіндік береді» дейді өзі.
Әнші 2016 жылғы «Славян базары» байқауына қонақ ретінде қатысты. Шараның салтанатты ашылу салтанатында ол ҚР Халық әртісі Нағима Есқалиевамен бірге А. Пахмутованың әйгілі «Беловежская пуща» әнін шырқады.
Бүгінде Димаш Құдайбергенов – елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті. Алдағы уақытта Астанада оркестрмен өзінің жеке концертін өткізгісі келеді. Сондай-ақ, ол ата-анасымен бірге ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстанның 25 қаласында концерт беруді жоспарлап жүр.
Қазір оның репертуарындағы «Ой жайлау», «Қараторғай», «Ұмытылмас күн», «Еркелетейін» әндері жастардың жүрегіне жол тауып үлгерді. Былтыр белгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызымен бірігіп жаздырған «Аққуым» әнін де тыңдармандар өте жылы қабылдады. Димаш енді Бибігүл Төлегеновамен дуэт айтуды армандайды. «Славян базарына» кетер алдында Бибігүл Ахметқызы өзінің ақ батасын берген екен.
Димаштың мінезі тым салмақты, көпшілік алдында орынсыз сөйлемейді. Тілшілердің сұрағына ойланып, байыппен жауап қатады. Көрермендер оның сөздің майын тамызып, мақалдап сөйлегенін көріп, еріксіз тамсанады. Қазір көп әншілерден байқалатын дарақылық пен даңғазалықты Димаштың бойынан көрмейсіз. Кәсіби сауаттылығы, өзін-өзі ұстау мәнері, тектілігі жөнінен бұл бозбала көп қатарласынан оқ бойы озық тұр. Тек осы биігінен түспесе екен дейміз.

Сілтеме:
Dimash Kudaibergen's biography