Son Pascal

Alternative

Pop


Сон Паскаль 1986 жылдың 17 мамырында Италияның оңтүстігіндегі Пестум қаласында дүниеге келген. Ол – Қазақстанға осыдан бес жыл бұрын келген италиялық музыкант. Алғаш көпшілікке «Көзімнің қарасын» айтып танылды. Өзі Құрманғазының күйлерін тартады, Абайдың «қара сөздерін» оқиды. Киіз үйде ұйықтап, шұбат ішу оған таңсық емес. Кей кездері басынан тақиясын, үстінен Қазақстанның туы бейнеленген жейдесін тастамай киеді. Дегенмен, ел арасында Паскальға қатысты сан түрлі пікір бар. Көпшілігі Паскальдің Қазақстанда «не жоғалтқанын» білгісі келеді. Бұл туралы музыканттың өзі былай дейді:
«Ең алдымен, Қазақстанда жақсы өмір сүруге болатынын түсіндім.  Мұнда өзімнің шығармашылығымды шыңдап, өзіндік мәнерімді қалыптастырдым. Сонша керемет әншіге айналып үлгердім деп айтпаймын. Бірте-бірте өсіп келе жатқан музыкантпын».
Ең қызығы, ол қазақ жеріне қазақша ән айтып танылу үшін келмепті. Паскальді Қазақстанға жетелеп әкелген ұлы сезім – махаббат. Алғашында мұнда оны бір ару қонаққа шақырған. Шығармашылығын осында жалғастыру туралы идея Паскальға кейінірек келген екен.
Тыңдармандардың арасында «Паскаль өз елінде таныла алмаған соң, осында келіп жұлдыз болды» деп ойлайтындар да бар. Алайда, Паскаль қазақ жеріне келмей тұрып, өз елінде де танылған әнші. Ол тіпті белгілі «Universal music» студиясымен келісім-шарт жасасқан екен. Қазақстанға алғаш келген кезде ақшадан қатты қиналған музыкант «Englishman in Shymkent» әнін жарыққа шығарғаннан кейін жағдайы түзелгенін айтады. Осы тұста ескере кетерлік бір нәрсе, әншінің италиялық арналардан көрсетілген «Паскалистан» атты бағдарламасы оның Италиядағы танымалдығын арттыра түсті. Бұл – оның Қазақстандағы өмірі туралы бағдарлама. Бағдарлама Италия телевизиясындағы көңілді, жаңа формат болғандықтан, аз уақыт ішінде 15 миллион аудитория жинаған. Паскальдің осы реалити-шоуы және «Пекин экспресс» атты жобасы арқылы оның отандастарының Қазақстанға деген қызығушылығы оянды. Тіпті, италиялық әйгілі әнші Аль Бано «Паскалистанды» көрген соң, Сон Паскальға дуэт жаздыруға ұсыныс жасаған екен. Кейінірек екеуінің «Айналайын» атты бейнебаяны жарық көрді. Айтпақшы, Паскальдің қазақ тіліндегі ең жақсы көретін сөзі – «айналайын».
Музыкант бас-гитара, барабан, аздап домбыра мен пианинода, шаңқобыз бен қылқобызда ойнайды. Ең сүйікті күйі – Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқиссасы». Қобызды жақсы көргендіктен, «Қазақ болсам», «Айналайын», «Махаббат», «Жаным сол» атты әндеріне қобыздың үнін қосқан. Паскаль қазақ тілі жұмсақ естілетін әуезді тіл болғандықтан, қазақша ән салғанды ұнатады. Қазір ғаламторда оның «Жаным сол» деген әнінің жүзден аса кавер-нұсқасы (қайталау нұсқасы) бар. Сонымен қатар, музыкант өзінің «Махаббат» деген әніне Қазақстандағы алғашқы селфи-клипті түсірген.
Сон Паскаль саяхат жасағанды ерекше жақсы көреді. Екі жыл бұрын ол экспедициямен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, жалпы саны 11 мыңға жуық студентпен жүздескен. Музыканттың қазақ жеріне бауыр басқаны сондай, әзірге бұл елден кететін ойы жоқ. «Маған Қазақстанның тұрғындары да, табиғаты да ұнайды. Сондықтан, шығармашылық жолымды ары қарай жалғастыра беремін» дейді өзі.
Айтпақшы, әншінің есімі көпшілік ойлайтындай, Сон емес, жай ғана Паскаль. Ал, Сон – оның псевдонимі. Паскальдің Тереза және Федерика есімді екі қарындасы бар. Олар ата-анасымен бірге Италияда тұрады.
Биыл наурыз айында музыкант тыңдарман қауымға «Киіз үй» (ағылшынша «Yurt») деп аталатын үнтабағын ұсынды. Альбомға енген 8 әннің ішінде Абайдың «Желсіз түнде жарық айы» мен Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әнінің» кавер-нұсқалары бар. Ал, жақында Сон Паскальдің «Мен сені сүйемін» атты жаңа әнінің бейнебаяны жарық көрді.

Роза Әрен