Батырхан Шүкенов

Alternative


Батырхан Шүкенов 1962 жылы Қызылордада дүниеге келген. Ол – отандық және ресейлік эстрадада қатар танылған біртуар талант иесі, әнші, музыкант. Ол әншілігінен бұрын, аса білімді музыкант еді. Чарли Паркердей ХХ ғасырдың үздік саксофоншысына еліктеп өскен бала Батыр қазаққа таңсық аспапта ойнауға ден қойды, кейінірек кәсіби білім алды. Алғашында ұлының бұл қадамын құптай қоймаған әкесі «әртіс болам дейсің бе? Сен әртіс болсаң, көптің бірі емес, бірегей әртіс болу керегін білесің бе?» деп көңілі толмай сөйлеген екен. Сонда «мен ең үздік әртіс боламын, әке!» деп жауап қайырған Батырхан кейін сол уәдесінде тұрды. Саксофонын арқалап бармаған жері қалмады, өзіне ғана тән ерекше мәнерін қалыптастырды. Батырхан халыққа фальшсыз, таза, шынайы өнердің қандай болатынын көрсетіп кетті.


Құдай бір басына бақ пен талантты беріп қана қоймай, ізгілік пен қарапайымдылықты қатар дарытқан Батырхан шынында да халықтың адамы болды. Мақпалдай үні тыңдағанның құлағына майдай жағатын. Жүрген жерін думанға айналдырып өткен талантты ұл тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл ТМД халықтарына ортақ бірегей әртіс бола білді. Кезінде әйгілі Алла Пугачева «А-Студио» тобын Мәскеуге аттай қалап алдырып, қарапайым қазақ жігіттерінің бағын ашты. Примадоннаның көреген шешімі Батырханның кейінгі жеке карьерасына да жол ашып берді. Өзінің араласқан ортасы да тым биік талғаммен таңдалғандай: Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Алла Пугачева, Қуат Шілдебаев, Ибрагим Иса, Еркін Ынтықбаев, Еркеш Шәкеев… Өз саласында оза шапқан жүйріктермен шығармашылық байланыс жасау әншінің кәсіби біліктілігінің өсуіне зор ықпал етті. Бірінен соң бірі нағыз «хит» әндер дүниеге келді. Бір ғана «Отан-Анасын» алыңыз. Алғашқы нотасы ойналған сәттен-ақ, Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр даланы еріксіз көз алдыңа әкелетін әннің әсері сұмдық. Тыңдағанда, тұла бойың тітіркенеді. Елбасының өзі бір кездесуде әншіге «Отан-Ана» – еліміздің екінші Әнұраны» деген екен. Өнер адамына бұдан асқан қандай баға керек?! Кейінірек, Ибрагим Иса мен Қуат Шілдебаевтың тамаша тандемінен туған «Сағым дүние» де халықтың жүрегіне жол тапты.

Батырхан әнді анық, сауатты жеткізгенінен бұрын жүрегімен айтатын. Ақырында, анасының жүрегін емдетіп жүріп, өзі де жүрек ауруынан кетті. Әнші 2015 жылдың сәуірінде дүниеден озды. Оның беймезгіл қазасы халықты бұрынғыдан бетер жақындастырып кетті. Әншіні ақтық сапарға шығарып салу рәсімі хан мен қарашаның басын қосты. Қоштасуға келген ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер, әншінің замандастары, тіпті, кішкентай балаларға дейін көздері мөлт-мөлт етіп, оның әндерін шырқады. Қоштасу рәсімі де Батырханның ішкі мәдениетіндей тым биік сипатта, ың-шыңсыз, тыныш өтті.

Мезгілсіз қазадан кейін тыңдармандарға бұрын-соңды танып-білмеген «Батырхан» деген жаңа әлем ашылғандай еді. БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде Батырхан Шүкенов туралы көптеген жылы естеліктер жазылды. Естеліктердің көбінде авторлар әншінің баладай аңғал мінезін, сезімталдығын, кішіпейілдігін сөз еткен. Бала дегеннен шығады, Шүкенов ЮНИСЕФ-тің Орта Азиядағы балаларға көмектесетін алғашқы ерікті елшісі болғанын біреу білсе, біреу білмес. ЮНИСЕФ жастар арасында сауалнама жүргізгенде, көптің таңдауы дәл осы Батырханға түскені тегін емес-тін. Өйткені, ол балаларға көп көмектесетін. Бірақ, онысын ешқашан елге жария қылған емес. Әлеуметтік желіде Батырхан Шүкенов атындағы қордың директоры Олжас Байқанов та оның қайырымдылық шараларға қашанда уақыт табатынын жазған еді.

Батырхан Шүкеновтің кәсіби шеберлігі туралы көп нәрсе айтуға болады. 2013 жылы әлемнің ең үздік деген мамандарын шақырып, «Батыр Live» атты есеп беру кешін өткізді. Осы кешімен Батырхан әріптестеріне нағыз концерттің, нағыз шоудың қандай болатынын көрсетіп кетті. Ол Қазақстанда әлемдік деңгейдегі дыбыс жазу студиясын, дыбыс режиссерлерінің ұлттық мектебін ашуды армандады. «Ұлттық оркестрлердің сүйемелдеуімен Құрманғазының барлық күйлерін студияда жаздырып, келер ұрпаққа табыстап кеткім келеді» дейтін. Өзі қазақ тіліндегі әндерді мінсіз орындайтын және өзгелерден де соны күтті: «Кейбіреулер ән айтқанда, «махаббат» деген сөзді «маһабат» деп жеткізеді. Ол – қате. Әннің қазақ тілінде сауатты, таза орындалуына баса мән беруіміз керек. Ал, композиторлардың Қуат Шілдебаев секілді қазақ фольклорын жетік білгенін қалар едім» (әншінің «Түнгі студия» бағдарламасына берген сұхбатынан).

Қай істі қолға алмасын, мүлтіксіз орындайтын Батырхан алдыңғы жылы ресейлік «Живой звук» бағдарламасында бас жүлдені жеңіп алды. Ал, былтыр «Один в один» шоуына қатысып, өзінің көпке белгісіз қырларымен тыңдармандарды таңғалдырып еді. Батырдың осы шоудағы Лучано Павароттиі, жалаң аяқ Сезария Эворасы қандай еді! Кезінде бүкіл Кеңес халқы сүйіп тыңдаған Юрий Антоновтың «Лунная дорожкасын» да айнытпай шырқады. Бәйгенің басында келе жатқан болатын. Шоу аяқталуға сәл қалғанда дүниеден озды. Десе де, ұйымдастырушылар Батырханды сөзсіз жеңімпаз деп таныды.

Батырхан Шүкенов өзімен бірге музыканың тұтас бір дәуірін ала кетті. Өзінің өнер жолында артынан қаңқу сөз ертпеген аздың бірі еді. Сондықтан болар, халық оны шын жақсы көрді.

Роза Әрен