Нұржан Керменбаев өмірбаяны

Нұржан Керменбаев


Ел арасында «Қап-қарашка» атанып кеткен әнші Нұржан Керменбаев 1989 жылдың 17 ақпанында Қарағанды облысының Жезді ауылында дүниеге келген. Алдымен Жезқазғандағы музыкалық колледжде, кейінірек Алматыдағы Орталық Азия университетінде білім алған. Ол 2006 жылы «Superstar.kz – 3» телевизиялық жобасында жеңіске жетіп, жарқырай көрінді. Осыдан соң, әншінің қазақ эстрадасындағы жемісті жолы басталды. 2009 жылы Латвияның Юрмала қаласында өткен халықаралық «Новая волна» байқауына қатысты.
Нұржан алғашында «Арнау» дуэтінің құрамында «Superstar.kz – 3» жобасына бірге қатысқан әріптесі Жанар Хамитовамен бірге ән салды. Кейін Жанар жеке жағдайларына байланысты топтан кеткенде, оның орнына Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі Салтанат Бақаева келді. Салтанат Нұржанмен тез тіл табысып, дуэттің одан ары танылуына ерекше үлес қосты. Бұл дуэттің репертуарындағы «Аңсарым сен», «Егіз-лебіз», «Адалдық», «Махаббат жыры», «Астана – махаббатым менің» әндерін халық жылы қабылдады.
Нұржан тек дуэттің шығармашылығымен шектеліп қалмай, Салтанат декреттік демалыста болған кезде солист ретінде танылды. Осы жылдары ол өзінің «Қайдасың, ғашығым?», «Қаланың сұлулары», «Есіңде ме?», «Сен және мен сияқты» хит әндерін жаздырды. «Саз әлемі» телевизиялық байқауында «Қаланың сұлулары» әнін айтып шықты. Нұржанның көптеген әріптестерінен артықшылығы, ол өз репертуарындағы кез келген әнді жанды дауыста еш қиналмастан шырқайды.
Кейінгі жылдарды Керменбаевтың жеке шығармашылығындағы жемісті жылдар деп атауға болады. Өйткені, ол соңғы жылдар бедерінде небір тамаша әндерді жаздырып қана қоймай, олардың көпшілігіне бейнебаян түсіріп үлгерді. Әншінің репертуарындағы «Алыста жүрсең де», «Баурайды», «Бауырым, бесті әкел!», «Қазақтың баласы», «Мың сұрақ», «Аяла», «Қайда, қайда?», «Әтттең-әттең», «Өмір-ай» сияқты әндердің қай-қайсысы да тыңдарман назарынан тыс қалған жоқ. Сондай-ақ, биыл Нұржан Айқын Төлепбергенмен бірге «Қалқаға наз», Жанар Дұғаловамен бірге «Мұның дұрыс болмады» әндерін орындап шықты.
Нұржанның болмысы тым қарапайым. Сондықтан болар, ол адамдардың бойындағы шынайылық пен қарапайымдылықты ерекше бағалайды. Бос уақытында үстел теннисі, футбол және бильярд ойнағанды ұнатады. Болашақта Ресей эстрадасының примадоннасы Алла Пугачевамен бірге дуэт айтуды армандайды.
Әнші былтыр өзінің өнерін жоғары бағалайтын Назерке есімді жанкүйеріне үйленді. Қазір бұл отбасында Мүсілім есімді кішкентай сәби өсіп келеді.

Роза Әрен