Musicola өмірбаяны

Musicola


«Мюзикола» – қазақ эстрадасындағы ең әдемі, ең сапалы дуэттердің бірі. Топ құрамында әнші-сазгер, актриса Карина Абдуллина мен виртуаз музыкант, гитарашы Болат Сыздықов болды. «Мюзикола» биыл 7 мамырда Болат Сыздықов аяқ астынан дүние салғанға дейін 24 жыл бойы өз тыңдарманын ғажайып әндерімен тербеп келді. Осы 24 жыл ішінде топтың шығармашылық стилі де, құрамы да бірде-бір рет ауысқан жоқ. «Гитараның құлағында ойнайтын» талантты продюсер, композитор Болат пен ерекше қоңыр үннің иесі, көптеген тамаша әндердің авторы Каринаның тандемі тәуелсіз Қазақстан тарихындағы теңдессіз шығармаларды сахнаға алып шықты.
Болат пен Карина 1992 жылы танысты. Олар бірнеше жыл бойы студияда талмастан жұмыс істеп, ән жазып, өздерінің стилін іздеді. 1997 жылы 17 жастағы Карина ресейлік «Утренняя звезда» телевизиялық байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Бұл жеңіске Каринаны байқауға дайындаған Болат Сыздықовтың қосқан үлесі зор болды. Жалпы, Болат Мұратұлы өзінің саналы ғұмырын сапалы музыка жазуға, өңдеуге арнаған өте талантты музыкант еді. Ол небәрі 16 жасында Қарағанды облыстық филармониясына жұмысқа қабылданып, кейінірек «Гүлдер», «Арай» ансамбльдерінде, әйгілі «А-студио» тобында өнер көрсетті. Болат Сыздықовты әріптестері сессиялық музыкант, гитарашы ретінде ерекше бағалайтын. Сондықтан болар, ол көптеген қазақстандық және ресейлік эстрада әншілерін гитара партиясында сүйемелдеді.
1995 жылы жарыққа шыққан «Девочка в платьице белом» атты алғашқы альбомы дуэттің бойтұмарына айналды. Осы дебюттен кейін Болат пен Карина «Big Apple Music – 1996» халықаралық байқауына жолдама алды. Байқаудың басты премиясы «Мюзиколаға» бұйырды. Ал, топтың 2000 жылы жарыққа шыққан «Я не забуду тебя» әні Ресейдің халық әртісі Алла Пугачеваның «Рождественские встречи» атты бағдарламасында шырқалды.
«Мюзикола» қазақтың ұлттық фолькорына да айрықша көңіл бөлді. Дуэт репертуарындағы «Әй-әй, бөпем», «Көк өрік» сияқты халық әндері, Абайдың «Қор болды жаным», Т. Базарбаевтың «Ауылым» секілді ғажайып әндері тыңдарманның ризашылығына бөленді. Карина Абдуллина қазақ тіліндегі әндерді акцентсіз, жан-тәнімен беріліп орындайтындықтан, тыңдаушыға шығарманы асқан шеберлікпен жеткізе біледі. Сондықтан болар, ол шырқаған қазақ тіліндегі «Арман жолдар», «Құстар-ай, құстар», «Бір көргеннен», «Сен мұңыңды бер маған», «Ақ сұңқарым», «Өмірде солай» (дуэт – Мейрамбек Беспаев) әндері халықтың жүрегіне жол тапты. Бұдан бөлек, дуэттің қоржынында «Певица и саксофон», «Я не забуду тебя», «Шахтерская жена», «Вспоминай меня», «Шаги у порога», «В Техасе лето», «Любви моей столица» және тағы басқа әдемі әндері (барлығы – 18 альбом) бар.
Дуэт әр жылдары Өзбекстан, Қырғызстан, Сібір, Испания, Франция, Италия, Швейцария, АҚШ және Австралия елдерін гастрольдік сапармен аралады. Ал, 2014 жылдың 1 ақпанында қазақстандық танымал боксшы Геннадий Головкиннің Монте-Карлода өткен жекпе-жегінің алдында «Мюзикола» ҚР Әнұранын орындады (егемен Қазақстан тарихында тұңғыш рет).
Дуэттің шығармашылық жолы Болат Сыздықовтың беймезгіл қазасынан кейін тоқтады. Бірақ, Карина Абдуллина шығармашылықтан алыстаған жоқ. Ол енді сахнаға жеке әнші ретінде шығып жүр.

Роза Әрен