Мейрамбек Бесбаев

Alternative


Мейрамбек Беспаев 1976 жылы 8 қарашада Жамбыл облысы, Талас ауданында дүниеге келген. Мейрамбек – кішкентайынан ел алдында келе жатқан санаулы таланттардың бірі. Өзінің туған әке-шешесі бола тұра, оны кезінде жұрт «Бозторғай» әнін орындағаны үшін жетім бала деп таныды. Бала Мейрамбектің бойындағы өнерін дер кезінде байқаған композитор Алтынбек Қоразбаев оның елге ерте танылуына үлкен үлес қосты. Кішкентай Мейрамбек домбырасымен «Бозторғай» әнін шырқағанда, залда көзіне жас алып, көңілі босамаған көрермен қалмайтын. Бұл баладан кейін үлкен әртіс шығады деп сенгендер қателескен жоқ. Ел алдында есейген Беспаев – бүгінде миллиондар сүйіп тыңдайтын дара әнші.
Мейрамбек Тараз қаласындағы музыка мектебінің қобыз сыныбын аяқтап, 1989 жылы Алматыдағы К. Байсейітова атындағы мектепке ауысады. Одан соң, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын «драма және кино актері» мамандығы бойынша тәмамдайды. Ал, еңбек жолын Сүйінбай атындағы филармонияда солист болып бастайды. Мейрамбек Жанар Айжанова, Сандуғаш Стамғазиева, Карина Абдуллина, Мөлдір Әуелбекова, Ақылбек Жеменей, Тоқтар Серіков, «Тарту» топтарымен бірігіп дуэт жаздырған. Біраз уақыт жеке ән салып келген әнші 2001 жылы Сәкен Майғазиев және Мақсат Базарбаевпен бірге «МузАРТ» тобын құрады. Алғаш сахнаға Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сенің көзің» әнін айтып шыққан «МузАРТ» аз уақыт ішінде халықтың сүйікті тобына айналды. Мейрамбек бұл уақытта өзінің жеке шығармашылығы мен топтағы шығармашылығын қатар алып жүрді. Әр жылдары «МузАРТ» тобы тыңдарманға «Өз елім», «Жайлаукөл кештері», «Рахмет саған, туған ел!», «Сүйкiмдiм», «Үшқоңыр», «Арман-ай», «Есіңе ал», «Кел, жаным», «Күзгі бақ», «Ол көктем оралмайды», «Мен сені сүйемін», «Ол көктем оралмайды», «Сен келерсің» және т.б. хит әндерді ұсынды.
Мейрамбек – әнді жүрекпен айтатын лирик әнші. Оның сонау «Бозторғай» әнінен басталған ән-ғұмыры, жүректен жүрекке жететін мұңлы әндері, өзгеше даусы тыңдарман қауымның өзіне деген шексіз құрметін арттырды. Әнші тек эстрада әндерімен шектелмей, термелерді де тамаша орындайды. Сондай-ақ, Мейрамбек қазірге дейін кинода да өзінің әртістік қырын байқап көрді. Бозбала кезінде «Алғашқы махаббат» фильміне түскен әнші 2010, 2011 жылдары «Ғашық жүрек – 1, 2» фильмдерінде өзін-өзі ойнады.
Мейрамбек Беспаев 2008 жылы қатты науқастанып, біраз уақыт шетелде емделді. Дәл осы уақытта оған жанкүйерлері өздерінің жүрекжарды тілектерін жолдап, рухани жағынан көп қолдау көрсетті.  2016 жылдың шілдесінде «МузАРТ» тобының Астанада өткен мерейтойлық концертінде үлкен экраннан көрсетілген шағын хикаяда Мейрамбектің науқасқа шалдыққан сәттегі ауыр кезеңдері де баяндалды. Әнші сахнада тұрып, сол қиын кездерде өзіне ерекше қолдау білдірген тыңдармандарына алғысын білдірді.
Қазір әншінің репертуарында көптің көңілінен шыққан «Ақмаралым», «Сен үшін жаралғандаймын», «Құс-қанат ғұмыр», «Өмір өтті», «Туған жер туралы толғау», «Түнгі сыр», «Аузынан айдың түскен қыз», «Ойлан, балам», «Құмған алған», «Ауылға сәлем», «Сағындым», «Ғашықпын», «Қол жетпесім» және тағы басқа әдемі әндер бар.

Роза Әрен