Қарақат Әбілдина

Alternative


ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина 1978 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ол Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Домбырамен халықтық ән айту» класын тәмамдаған. Ал, 2004 жылы аспирантураны профессор, Қазақстанның Халық әртісі Қайрат Байбосыновтың класынан бітірген.
Қарақат алғашында тыңдарманға қазақтың дәстүрлі әндерін насихаттаушы ретінде танылды. Ол ел арасында кең тараған «Балапан қаз», «Бипыл», «Әгугай», «Айқарагөз» сияқты халық әндерін нәшіне келтіре шырқайды. Оның репертуарында Нартайдың шығармалары мен тағылымды толғау-термелер бар. Қарақат өзінің жеке концерттерінде міндетті түрде домбырамен ән салады. Сондай-ақ, жұрт оны жетіген аспабында ойнайтын әнші ретінде жақсы таниды. 23 жасында жетіген аспабында ойнауды үйренген әнші әрбір есеп беру кешінде жетігенді сахнаға алып шығады. Ол шәкірттерімен бірге жетігеннің сүйемелдеуімен халық әндерін орындайды.
Қарақат Әбілдина халыққа дәстүрлі әнші ретінде емес, эстрада әншісі ретінде көбірек танылды деуге болады. 2000-жылдардың басында әншінің жұбайы, продюсері Қыдырәлі Болмановпен бірге айтып шыққан «Аяулым» әні бірден хитке айналды. Сонымен қатар, «Айналайын», «Елігім-еркем», «Ризамын саған», «Бағым сен», «Бақыттымын өзіңмен» әндері де жұбайлардың дуэтін танымал етті. Қарақат әр жылдары жеке өзі орындаған «Асыл әжем», «Ару ғұмыр», «Ойлаған махаббатты бұлай деп кім?», «Қасымда бол», «Асыл досым», «Күнім», «Тойға тілек», «Ақжайнақ» та тыңдарман сүйіп тыңдайтын туындыларға айналды.
Әнші өзінің эстрадаға жасаған қадамы туралы сұхбаттарының бірінде былай дейді: «Өнерге қолыма домбыра ұстап келдім. Содан болар, домбырамен айтылатын дәстүрлі әндер, халық әндері менің жаныма өте жақын. Ал эстрадаға келер болсақ, оны танылу құралы ретінде қараймын. Тал бойымдағы әншілік қасиетті халыққа таныту үшін жарым, продюсерім Қыдырәлі мені эстрадаға алып келді».
Қарақат әртістердің арасында өзінің айрықша стилімен ерекшеленеді. Ол сахналық киімдеріне асқан кірпияздықпен қарайды. Әрдайым сахнаға ерекше талғаммен тігілген костюмдер киіп шығады. Әншінің әлеуметтік желідегі танымалдығы жоғары. Бүгінде оның «Инстаграм» әлеуметтік желісіндегі парақшасын 1,4 миллион оқырман оқиды.
2009 жылы Астанада әншінің «Қарақат» атты жеке мектеп-студиясы ашылды. Қазір бұл мектепте 200-ден астам бала оқиды. Қарақат қазірге дейін өзінің шәкірттерін сахнаға алып шықты, олармен бірге шырқаған әндеріне бейнебаян да түсіріп үлгерді.
Бүгінде Қыдырәлі мен Қарақат «Хабар» арнасындағы «Бенефис шоу» бағдарламасын жүргізіп жүр. Олардың отбасында Бекболат, Иманәли, Нұрәли,Айсұлтан есімді төрт ер бала өсіп келеді.

Роза Әрен