Мәдина Сәдуақасова өмірбаяны

Мәдина Сәдуақасова


Мәдина Сәдуақасова 1979 жылы 8 қыркүйекте Қызылорда қаласында дүниеге келген. Әншінің балалық шағы Алматы қаласында өтті. Мәдина – кіщкентай күнінен бері көпшіліктің алдында келе жатқан өнерпаз. Алғаш он үш жасында «Әнші балапан» байқауына, кейінірек «Музыкалық вояж» телевизиялық жарысына қатысты. Ал, 1999 жылы «Жас қанат» байқауында өнер көрсеткенде жас әнші ҚР Халық әртісі Роза Рымбаеваның назарына ілікті. Роза мен Мәдина араға жылдар салып, «Мақсат – бақыт бастауы» әнін жаздырды.
Жастайынан ел алдында жүргенімен, Мәдинаның жұлдызды сәті әлі алда еді. Біраз жыл Астанадағы Президент оркестрінде ән салған кезде ол көпке таныла қоймады. Әншіге өзі 2004 жылы жаздырған «Махаббат жалыны» (сазгер – Ермек Елгезек) әні танымалдық алып келді. Сезімге толы ән халық арасына тез таралып кетті. Арада көп уақыт өтпей-ақ, Мәдинаның "Аңсағаным" деп аталатын алғашқы әнжинағы жарық көрді.
Ал, 2008 жылы жарыққа шыққан композитор Павел Лидің «Сүйген жүрек» әні әншіні сыршыл, нәзік, лирикалық ән орындаушысы ретінде танытты. Бұл ән жеңіл әуені мен тез жатталатын ұғынықты мәтінінің арқасында сол кезеңдегі махаббат тақырыбындағы ең үздік әндердің біріне айналды. Мәдина Сәдуақасова ұзақ жылдар бойы Жанатбек Бәйтеков, Азамат Сатыбалдылармен бірге «Хабар» арнасындағы «Таң қалмаңыз» телебағдарламасын жүргізді. Сондай-ақ, ол «Хабар» арнасы түсірген бірнеше фильмде басты рөлде ойнады. Ал, 2011 жылы өткен қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатын комментатор ретінде жүргізген кезде әнші сынға ұшырады.
Мәдинаның репертуарындағы әндердің басым көпшілігі махаббат тақырыбында жазылған: «Аяулым», «Ғашық жүрек», «Жауапсыз махаббат», «Сағынамын», «Күт мені», «Жүрегіме бағынбаймын» және т.б. Ол қазірге дейін «Сүйген жүрек», «Жүрегіме бағынбаймын», «Жұлдызым», «Айтатын саған сырым бұл», «Махаббат жалыны», «Сезім қайда?», «Балалық шаққа саяхат», «Ән сал, сарбаз» әндеріне бейнебаян түсіріп үлгерген.
Мәдина Сәдуақасова 2014 жылдың ақпанында «Хабар» арнасының режиссері Олжас Смағұловқа тұрмысқа шықты. Қазір бұл отбасында Әнуар атты кішкентай балақай өсіп келеді. Декреттік демалыстан кейін Мәдина жеке шығармашылығына жаңа деммен кірісті. 2015-2016 жылдар аралығында ол «Жұлдызым», «Періштем», «Армандар орындалады», «Болшы жанымда», «Гүлдер» сияқты жаңа әндерін сахнаға алып шықты.

Роза Әрен