Шәйтімнің Сексен жаспен айтысы lyrics

Шәйтім ақын

0
0

Share:


Шәйтім:
Бұралған тал шыбықтай он бесім-ай!
Пенденің көз жете ме өлемесіне-ай.
Қадірі қонған жұрттың көшкенде өтіп,
Түсіп тұр қалған дәурен енді есіме-ай.
Жас артық емес екен жиырмадан,
Нәсіпті тартып алдым бұйырмаған.
Еңбектеп төсегімнен тұра алмаймын,
Кәрілік жақындап тұр биыл маған.
Отызда талай салған ойраным-ай,
Өтер деп дүниені ойладым ба-ай?!
Жігіттік қайта айналып неғып келсін,
Құдайым бере бермес ойдағыны-ай.
Қырық қайда қынсыз қылыш секілденген,
Не пайда өткен күнге өкінгенмен.
Кешегі жігіттіктің уағында
Бар ма еді ой дүниені өтер деген?!
Секілді кескірегеу елуім-ай,
Бола ма енді қайта айналып келуің-ай.
Саулаған жанған өрттей өте шықтың,
Жоқ екен, дүние, сенің сенімің-ай.
Елуге баста секен алпысың-ай,
Алпыс жас, жігіттіктің артысың-ай.
Көз бенен қол-аяқтан бірдей алды,
Жетпістің түскеннен соң талқысына-ай.
Алпыстан ауыр тиді жетпісің-ай,
Жетпістің қатты көрдім тепкісін-ай.
Бойымнан ұрмай-соқпай күшімді алды,
Япырым-ай, бұл жетпістің ептісін-ай.
Жетпістен ауыр тиді сексенің-ай,
Мен тұрамын, сексен, сенен сескеніп-ай.
Саулаған жанған өрттей қызық дүние,
Бір күні бастан ғайып өткенің бе-ай?
Қызыл тіл, жел сөз еді күнелткенім,
Мың шүкір бүгінгіше тірі еткенің.
Алпыс пен жетпіс жаста адам едім,
Неткенің мені, сексен, жүдеткенің?!

Сексен:
Дүниеде көргенненде көрмеген көп,
Сексен жас тілесе де бермеген көп.
Сен неге маған сонша өкпелісің,
Алдында тоқсан жатыр көлденеңдеп?!

Шәйтім:
Сескен жас, жете алмадым есебіңе-ай,
Сенімен жолдас болам неше күн-ай?
Тоқсанның өлісіне, тірісі не,
Жатқаннан соң бүлдіріп төсегіне-ай.
"Жуырда мұны Құдай алмас" деген,
Қалдырма келін-бала өсегіне-ай.

Сексен:
Шын болат шығыршығын үзбей жатыр,
Адасып жол таппаған түзде жатыр.
Құдайым айдап барса, шараң барма,
Тоқсанның аржағында жүз де жатыр.

Шәйтім:
Жігіттік кезде көңіл тасқындады,
Келген соң сексен маған басқындады.
Тоқсаннан әрі асып, жүзге барсам,
О дағы Құдайымның қас қылғаны.

Сексен:
Жігіттік кезде көңіл тасқын дағы,
Келген соң сексен саған басқындады.
Жоқ дейді тамықоты жүзге барсаң,
Қанеки Құдайыңның қас қылғаны?!

Шәйтім:
Қымбат зат бірдей болмас тегінменен,
Балалар қырын қарар келінменен.
Есіктен айтқан сөзің төрге озбас,
Алжытып, бірдей етпе өлімменен.
Шәйтім ақын, Шәйтімнің Сексен жаспен айтысы lyrics, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Added Lyrics

26.08.2016