Кептер мен дән lyrics

Мақсұт Неталиев

0
0

Share:


Қанатын кептер қақты да,
Аралап орман, бақты да...
Сөйледі әбден қалжырап,
Бір түйір дәнді тапты да:
"Айналайын, түйір дән,
Дәм шығарсың бұйырған!
Жер жаһанды аралап,
Іздеп келдім қиырдан.
Тауға бардым басы бұлт,
Тұрған көкті жасырып.
Ақ сағымға орай сап,
Жіберді әрмен асырып.
Содан әрі жем іздеп,
Суда жүздім сені іздеп.
Көкірегім көкпеңбек,
Жүзгендіктен теңізде.
Жолдың бойын барладым
Қызыл құмды шарладым.
Сонда күйіп, қызарды
Тырнақтарым, бармағым.
Тауданасып басы бұлт,
Жеттім саған асығып.
Үш сары ауыз балапан,
Жылап қалды ашығып...
Айтқаныма сене гөр,
Өспедің сен неге мол?
Біреуі әбден жүдеді,
Мен бармасам өледі ол".
"Иә, - деді сонда дән:
Неге үшеу болмағам?
Жалғыз етіп жаратып,
Тағдыр мені қорлаған.
Үшеу болсам көрер ең,
Бәрін саған бөлер ем.
Жалғыз дәнмін, жетпеймін
Қалғаныңа не берем?..
Құлағың сал кеңеске,
Тұқымым дән емес пе?
Апар-дағы көме сал,
Дымқылдау бір дөңеске.
Сонда келем сәніме,
Тілді үйірер дәмі де,
Егін болып жайқалып,
Нан беремін бәріңе!".
Балапанға нан керек,
Тұқым үшін дән керек.
Кептер әлгі бидайын,
Екті биік дөңге кеп.
Келді кептер ертелеп,
Сөйледі өскін еркелеп:
"Жақсы болды келгенің,
Бір жұтым су бер! - деді.
Өсем сонда нәрленіп,
Уыс-уыс дән беріп..."
Кептер ұшты аспанға,
Найзағайдан жасқанбай.
Күркірден де қорықпай,
Қайтпақ емес жолықпай.
Ашуланды қара бұлт,
Жан-жағына қаранып:
"Жоқ жолдасың, досың да,
Қалай келдің осында?
Боран соқса - көресің,
Жаурап, тоңып, өлесің!
Енді маған ұрынба,
Қайт үйіңе, бұрыл да!"
Аяз болып үскірік,
Бір желпініп түсті бұлт.
Сосын оған беттеді,
Кептер, бірақ кетпеді:
"Үш балапан аш қалды,
Көздерінен жас тамды.
Нан әкел, деп сұрайды,
Дән әкел, деп сұрайды.
Берсең етті бір көмек,
Жас өркенге су керек!
Шөліркеп тұр, күйі жоқ
Жаңбырыңды құйып ет!"
Бұлт та бұған түсінді,
Өз тілегін ұсынды:
"Су беремін әр үйге,
Еңбек етсе, әрине!" -
Деп қабағы түйілді,
Жаңбыр төпеп құйылды.
Егінге су керек деп,
Құя берді шелектеп...
Кептер жетті төбеге,
Өскін тоңып өле ме?!
Жап-жас бидай сабағы,
Көк кептерге қарады:
"Жақсы болды келгенің,
Босқа өлмесін еңбегің.
Суға қанды тамырым,
Сұра күннің жарығын.
Ұшып енді күнге жет,
Маған ыстық нұр керек.
Сонда ғана нәрленем,
Өсіп-өніп дән берем!"
Ұшты кептер ғарышқа,
Бұлттан да әрі алысқа.
Ұшты күндіз, түнделеп
Жетті ақыры Күнге кеп.
Ашуланды сонда Күн:
"Қайда сенің қорғаның?
Ыстық жалын төнуде,
Келдің бе, әлде өлуге?
Пешті қоссам, көресің
Отқа күйіп өлесің!
Тұрғанда осы кезі кеп,
Қайт аулыңа тезірек!"
Күн де рақым етпеді,
Кептер бірақ кетпеді:
"Үш балапан аш қалды,
Кездерінен жас тамды.
Нан әкел деп сұрайды,
Дән әкел, деп сұрайды.
Су боп ескен сабағы,
Жаурап үсіп барады.
Іздеп келдім бір көмек,
Соған ыстық күн керек!
Кетсін десең мен егер,
Қайырымыңды бере гөр!"
Күлімдеді сонда Күн:
"Сен ақыры болмадың!
Жылу берем әр үйге,
Еңбек етсе, әрине!"
Күн төменге бет бұрды,
Жер ылғалын кептірді.
Дала төсі құлпырды,
Сабақ Күнге ұмтылды.
Келді кептер белеске,
Міне, ғажап емес пе?!
Алтын масақ өсіп тұр,
Шындық па, әлде елес пе?
Өзіне-өзі ол сенбеді,
Дала мұнша кең бе еді?!
Мына тұрған ақ бидак,
Түсіне оның енбеді...
Алтын масақ күлімдеп,
Аузын ашып күбірлеп:
Ақыл айтты: "Ұяңа
Орып ал да жүгір!" - деп.
Кептер ұшты қайтадан,
Қайтар жолын байқап ап.
Дәнге тойып қуанған,
Балапандар айтады ән:
"Қорғап ыстық -тандырдан,
Жердің шөлін қандырған,
Табиғатқа нұр берген -
Айналайын жаңбырдан!
Жаурағанды күлдірген,
Қайда барса, бір жүрген,
Тыныс болған тірлікке -
Даңқы артсын, Күннің де!
Қауызына сыймаған,
Алтын дәнді сыйлаған,
Айналайын, кең дала
Шын досымыз - сен ғана!"
Кептер жайлы ертегі,
Осылай сыр шертеді...
Мақсұт Неталиев, Кептер мен дән lyrics, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Added Lyrics

26.08.2016