70 және 7 жыл lyrics

Мақсұт Неталиев

0
0

Share:


Үйрендік жастан бар елге
Бақыт пен шаттық тілеуді.
Тіледік және расында
Құсының биік ұшқанын!..
Даңққа сеніп, Әлемде
Данышпан дедік біреуді -
Ленин еді ол - басында!
Қосылды кейін Сталин!
"Жаһанда - жолдас, досы көп,
Жаралған жалғыз - ғарыштан, -
Сиынды халык,: "Осы!" -деп,
Лениннен соңғы данышпан!.."
Сиынды соған сеніммен,
Күрестің күтіп жалғасын:
"Бастар, - деп алға, зейінмен, -
Билікті колға алғасын?!"
Жасасын!
Аман-есен боп,
Сталин - елдің сұңқары!
Кемеңгер әрі көсем! - деп
Гимнге қосып шырқады.
Еңбекке қоса - екпінді,
Арнады соған ән-жырды!
"Сталин нұры!" деп білді,
Шөлдерге жауған жаңбырды.
Сталин десе - ерекше
Елеңдеп тұрды Жер үсті:
Соныкі деді, керексе,
Соғыстағы ұлы Жеңісті.
"Жаулары" жабық ұрынған,
Кетпеді тегін...
Басы аман!
Сталин деген ұғым бар,
Тарихты да жасаған!..
Сталин аты - ғаламға
Жайылды солай ұран боп!
Ойлаған жоқ-ты адамдар:
"Өздерін қойша қырар" деп.
Кремль болды - Қособа!
Кіруге халық қорықты.
Генсек боп алған -
Сосода...
Бастады сұмдық жорықты!
Сүйген ел Ильич ардағын,
Бұған да сенді - имандай!
Жек керген "халық жауларын"
Аттыра берді ол, қиналмай!
Зауал боп елге - бұралған,
Түнере түсті төнген бұлт.
Шықпады қайтып дуалдан -
Шаруасын айта келген жұрт.
Қалмады жұрттың бос түні,
Соңынан аңдып, "сот" ерді.
Сонда да халық тостыны -
Сталин үшін көтерді...
Жазықсыз құртты "дұшпанын",
Тартқызып тамұқ азабын!..
Білмеді бірақ Сталин -
Өз көрін өзі қазарын?!
Тарих - куә!
Жұрт - куә!
Көз көрді бәрін осының!
(Берия оны құртты да?..)
Ашылды бағы - "досының!" -
Хатшы боп алған Хрущев
Кірісті іске батыл кеп!
Уралап халық тұрушы ед:
"Коммуна құрып жатыр!" деп.
"Сталин салған зауалмен,
Қасірет қашан айықпақ?!" -
Ұсынды сонда сауалды Ел,
Кесемнің культін айыптап!
ЦК-ға қарт пен жасы кеп,
Қолдады оны дүйім жұрт:
-Құрысын! - деді, - қасірет,
- Жойылсын! - деді. - қиындық!
Ағылды жастар толассыз,
Тың жерге жатқан тозаң боп.
Жүгеріге де жол ашты ол:
"АҚШ-тан басып озам!" - деп.
Сөйледі кейде бөсіп те:
"Жеңем, - деп бәрін, -
Күмән жоқ! -
Уәде берді: Кешікпей,
Коммунизм де құрам!" - деп.
Үлкен бір топты айыптап,
Қателіктерді бұрынғы -
Түзете бастап...
Ғайыптан
Қателікке өзі ұрынды...
Бағасын өзі түсірген,
Ақшаның құны тәрізді -
Айрылды қуат-күшімен
Қасиетінен- бар ізгі...
Атаққа сеніп, даңқ пен
Беделден жұрдай айрылды.
Қолпаштап...
Мақтап...
Дәріптеп...
Қызметінен тайдырды!
(Тарих шындығы)
ІҮ
Болған соң билік қолында
Қайта сап атқа тоқымды,-
Хрущев кеткен орынға -
Брежнев келіп отырды!
Кезегін күтіп түрлі істер,
Айналған еді жүдеуге ел:
"Кездейсоқ!" - деді білгіштер,
"Дұрыс қой!" - деді біреулер.
Тиген соң мансап бағына,
Шырқалды ерлік дастаны!
Танысын жинап маңына...
Салтанат құра бастады!
Келмесе шеттен қонақтар,
Тұратын болды сағынып...
Төсіне толды жолақтар,
Алтыннан алқа тағынып!
Қонақ қып келсе, әркімді
Соларға арнап кей түнін...
Шет елге шашып алтынды:
"Үнемдеу керек!" дейтұғын.
"Тамырың келсе - тарылма,
Шөміштен қысып жейтұғын!"
Шашу да керек, барында!
Ішу де керек!" - дейтұғын.
Сездірмей елге шешімін,
Сескеніп кейбір қысымнан
Қалалар түгіл, есімін
Өзенге дейін - ұсынған!..
Батыр да болып өзі енді,
Шығармай сыртқа бейпіл үн,
Тоқырып жатқан кезеңді:
"Жұлдызды жылым!" дейтұғын.
Сыймас бұл, бәлкім ұғымға,
Ұқсайтын соған нақ түрі:
Брежнев болды, шынында
"Ажалсыз культтің" авторы.
(Тарих шындығы)
Ү
Тоқырау туы жығылды?!
Береке...
Мерей...
Құт. .. келді.
Қоғамды қайта құруды
Андроповтан күтті енді.
Жетпеді ол бірақ
Мұратқа!
Болғанша алдын байыптап,
Әкетті тағдыр жыраққа -
Ажал боп төніп, ғайыптан!
(Тарихи шындық)
ҮІ
Тұрмадық!
Алға бет бұрдық!
Архивті қайта ақтарып...
Қылмысты құртып, жоқ қылдық!
Атылғандарды ақтадық!..
Өмірдің бүкіл мысалын
Қайтадан құра бастадық.
Тоқырау жылдың тұсауын
Сыпырып, аулақ тастадық!
Хрущев бастап сынаған,
Сталин культін күйреттік.
Данышпан болса, бір адам
Никита деп те үйреттік!
Кейіннен бірақ күйіндік,
Қатесін айтып, сынадық.
"Құдай" деп енді сиындық,
Брежневті де құп алып!..
Сынаймыз неге көз көре?
Онда жұрт асқақ, шалтты еді.
"Тоқырау" деген кезде де
Миллиард беріп жатты елі...
Сынаймыз неге өлгесін?
Мұны жұрт жаңсақ сезеді:
Ақ шарап бұрқап көл-көсір
Жұлдыздар жауған кез еді...
Тіріде мақтап көпіріп,
Сынауға өлсе- батырмыз!
Қолпаштап күнде отырып,
Айыптап енді жатырмыз?!
Бастықтың құнын түсіріп,
Сенбейтін болды ел енді.
Демонстрация! - деп түсіндік,
Демократия дегенді...
Құпияларды жоқ қылдық,
Бастадық бөспе-бейпілді.
Жария-бүлік деп білдік,
Жариялылық дейтінді...
Шыққандай тура жорыққа
Қамданып әркім өзінше -
Құдай да болса, қорықпай
Сынайтын болдық көзінше!
Сынайтын болдық ұялмай,
Сапыра сөйлеп, желпіне.
Жатырмыз енді тыя алмай,
Жіберіп жұртты - еркіне!
Мұны, сен түсін-түсінбе,
Ақиқат шындық, дерек бұл!
Қайтадан құру үшін де
Темірдей тәртіп керек бір! - (Өмір шындығы)
ҮІІ
Бірінші міндет осы еді,
Басқару үшін - ұялмай!
Қайта құрудың көсемі -
Адасты, есін жыя алмай.
Болашақ көзден бұлдырап,
Адасып және қалды елі...
Түсінген жанға, бұл бірақ
Тәуелсіздіктің алды еді.
Халыққа бұл сөз ұнады,
Құлаққа және жағымды! -
Горбачев бұған кінәлі,
Дейтіндер тағы табылды.
Одаққа еркін жол беріп,
Қателеспесе Горбачев, -
Тәуелсіз ұлы ел болып,
Егемендікті алмас ек?!
Сынақтан біз де өткен ек,
Өткенді қажет байыптау!
Қайтеміз оған өкпелеп,
Артық та шығар айыптау?!
Мишада ешбір кінә жоқ! -
Жоқ! - деу де, бәлкім қателік!
Үйретті мезгіл: "Шыда!" - деп,
Нарыққа елді әкеліп!..
Тәуекел! - дедік, қорықпай,
Аруақтарға сиындық!..
Осынау ауыр жорықта
Кездесті талай қиындық!
Нарыққа бетті бұрдық та,
Киліктік қиын сынаққа!..
Басталды ұрлық-жырлық тақ.
Баратын жолда - "жұмаққа".
Он-ақ жыл өтті арада
Талайды нарық ұқтырды:
Өткенді ойша сарала -
Орнынан елім тік тұрды!
Бауырын жазып,
Бұрқап қыр..
Кеудесін ашты бай дала!
Қазақтың аты шырқап тұр,
Ғарышта! Жерде! Айда да!..
Ойласаң, бар-ау, аз-ақ күн,
Он-ақ жыл өткен - небәрі.
Тәуелсіз!
Тыныш - қазақтың
Көтердік
Туын жоғары!
Қалыңдық құсап жасанып,
Гүлденді дала - не керек!
Астана жақтан бас алып,
Көркейді қала - керемет!
Көрсінші шет ел аралап,
Қайда бар мұндай сүгірет?!
Қазақтың жері - ғаламат!
Қазақтың елі - Құдірет?!
Мақсұт Неталиев, 70 және 7 жыл lyrics, 0
Біздің ұялы қосымшаларды жүктеңіздер:
Google Play және App Store






GM

Added Lyrics

26.08.2016