Қуандық Рахым

Alternative

Pop


Тыңдарманға «МузАрт лайв» жобасы арқылы танылған жас әнші Қуандық
Рахым 1992 жылы Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласында дүниеге келген.
Қуандықтың анасы кезінде Жезқазған өңіріне танымал әнші болған екен.
Баласын өнерге баулыған да – өзі.
Қуандық Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің дәстүрлі ән
бөлімін бітірген. Қазір Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық
консерваториясында білім алады. Қуандық дәстүрлі әнші болғанымен,
эстрадалық бағыттағы әндерді орындап, халыққа кеңінен танылды. Бұл
туралы әнші бір сұхбатында былай депті: «дәстүрлі әннен эстрадаға
ауысқанымның өзіндік себебі бар. Өйткені, біз жастарға бірден дәстүрлі әнді
тыңдатып кете алмаймыз. Эстраданы айтып, кейін арасында дәстүрлі әнді
тыңдатсақ, олар жақсы қабылдайды».
Қуандық домбырадан бөлек, күйсандық пен қылқобызда ойнайды. Өзін
сазгермін деп есептемесе де, ара-тұра ән жазатыны бар. Авторлық әндерінің
ішінен іріктеп, «Уайымдама», «Кейіпкерімсің» мен «Мақта қызды» өз
репертуарына қосқан екен.
Ал, жалпы Қуандықты фаворит етті деп «Сенің күлкіңнен аумайды»,
«Болайық бірге» әндерін айтуға болатын шығар. «Болайық біргенің» хикаясы
тіпті қызық. Алғашында әнші оны Гауһар Сардарбекпен бірге орындады.
Бірер айдан соң, дәл осы әнді Альбина Шардарова екеуі шырқап, оған
бейнебаян түсірді. Соңғы кездері байқағанымыздай, қазір «Болайық біргені»
Қуандық Ерке Есмаханмен бірге орындап жүр. Дуэттегі қыздардың жиі
ауысқанын Қуандық «Түнгі студия» бағдарламасында былайша түсіндірді:
«Бірге ән айтқан қыздардың бағы жанды. Жақын арада олардың өмірінде
үлкен қуаныш болғалы жатыр. Сондықтан, олар шығармашылығын уақытша
тоқтата тұруға мәжбүр. Ал, әнді Ерке Есмаханмен бірге шырқау идеясы аяқ
астынан туды. Ерке әпкемізбен бірге аймақтарды аралап концерт бергенде
халыққа ерекшелеу, қызық дүние ұсынғымыз келді. Халық әнді Еркенің
орындауында да жақсы қабылдады. Артық шырқамаса, кем орындады деп
жатқан ешкім жоқ».
Бұдан бөлек, қазірге дейін әншінің репертуарына «Астаналық қыз», «Лаула»,
«Мен сені жақсы көрдім, білесің бе?», «Сегізінші кереметім», «Айт», «Сүйіп
өтемін», «Ауа райымсың» және тағы басқа әндер қосылып үлгерді. Қуандық
алдағы уақытта дәстүрлі және эстрадалық бағыттағы авторлық әндерінің
топтамасын жарыққа шығаруды жоспарлап жүр.
Көптеген әншілер сияқты, Қуандық та тойда өнер көрсетеді. Кейбір
адамдардың «тойда ән салу беделіңді түсіреді» деген пікірімен келіспейді.

«Бастысы, тек қана тойға жұмыс істейтін әртіс болмағаным дұрыс» деп
есептейді.
Жас әнші жақын арада Еркін Нұржановпен дуэт айтпақшы. Ал, аға буын
өкілдерінен Нұрлан Өнербаев, Мақпал Жүнісовалармен бірге ән шырқауды
армандайды.
Қуандықтың қазіргі сәттегі басты жаңалығы сол – жыл соңында Республика
сарайында жеке шығармашылық концертін өткізбекші. Бүгінде соған қызу
дайындалып жүрген жайы бар.