Notice: Undefined index: Alternative in /var/www/html/httpdocs/app/controllers/biography.php on line 40

Notice: Undefined index: Blues in /var/www/html/httpdocs/app/controllers/biography.php on line 41

Notice: Undefined index: Children in /var/www/html/httpdocs/app/controllers/biography.php on line 42

Notice: Undefined index: Classical in /var/www/html/httpdocs/app/controllers/biography.php on line 43

Notice: Undefined index: Pop in /var/www/html/httpdocs/app/controllers/biography.php on line 44

Notice: Undefined index: Indie in /var/www/html/httpdocs/app/controllers/biography.php on line 45

Notice: Undefined index: Rock in /var/www/html/httpdocs/app/controllers/biography.php on line 46

Notice: Undefined index: Dance in /var/www/html/httpdocs/app/controllers/biography.php on line 47

Notice: Undefined index: Rap in /var/www/html/httpdocs/app/controllers/biography.php on line 48

Notice: Undefined index: Easy in /var/www/html/httpdocs/app/controllers/biography.php on line 49
Медеу Арынбаев өмірбаяны

Медеу Арынбаев


Медеу Арынбаев 1967 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы,  Сарыағаш ауданы, Дарбаза ауылында дүниеге келген. 1990 жылы Ташкенттегі эстрадалық студияны, кейінірек Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік университеттің музыкалық факультетін бітірген. Әнші Алматыда оқып жүрген кезінде 5 жыл қатарынан мейрамханаларда ән салыпты. Сол кезде ол шансон, шығыс стиліндегі әндерді де, классикалық және лирикалық шығармаларды да шырқаған екен. Сондықтан, оны нақты бір бағытта ғана ән салатын жан деп айту қиын. Жас күнінде Медеу Стиви Уандер, Джордж Бенсон, Майкл Болтон, Том Джонс сияқты әншілерге еліктеген.
«Жастау кезімде талай классикалық әндерді эстрадада жаңа бағытқа салып, быт-шытын шығарғанымды мойындаймын. Өзімді өз қателіктерін түзеумен өсіп келе жатқан әнші деп есептеймін. Осыдан он жыл бұрынғы Медеу Арынбаев ән айту мәнері қалыптаспаған әнші еді. Енді-енді өзімді қалыптастырып, дауысымды қойып, өз мәнерімді тапқан сияқтымын» дейді Медеу Арынбаев өз сұхбаттарының бірінде.
Әнші 1995-1997 жылдары «Гүлдер» ансамблінің әншісі болды. Ал, халыққа 1997 жылы «АБК» триосының солисі ретінде кеңінен танылды. Сол кезеңде «АБК» триосының орындауындағы «Тамшылар», «Ботақаным», «Ауылымды сағындым», «Айсұлу» әндері нағыз хитке айналды.
«АБК» тобы тараған соң, жеке шығармашылығына ден қойған Медеу қазақ эстрадасына халық әні «Назқоңырды», үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» алып келді. «Құстар» әнінің 3-4 нұсқасын жасады. Жастау кезінде осындай эксперименттерге барған әнші қазір эстрададағы ең тәжірибелі, ең сауатты вокалистердің біріне айналды. Ол әрқашан өзіне сын көзбен қарайды. Шоу-бағдарламаларға, ойын-сауықтық бағдарламаларға көп қатысқанды ұнатпайды. Даусын әрдайым формада ұстап, күн сайын дайындық жасайды. «Ақ бантик», «Бақыт құшағында», «Ақмаңдайлым», «Ғашықтар жыры», «Ақ тілек» сияқты ретро-әндерді Медеу Арынбаевтай шырқау шегіне жеткізіп, әдемі шырқайтындар некен-сияқ.
Медеу Арынбаев – бекзат болмыстың иесі. Ол әрқашан сахнада өзін кәнігі ақсүйектерше ұстайды. Биік, паң болмысы әншінің өзіне жарасып тұрады. Өзінің өнерге деген адалдығынан болар, лауазымды қызметтерге талпынбайды. Халыққа мансаптан гөрі, тәп-тәуір әндерімен танылғанды жөн санайды. Ән таңдауға келгенде өте кірпияз. Оның талғампаздығы сондай, әншінің репертуарынан бірде-бір арзанқол ән таппайсыз. Соңғы жылдары Медеу орындайтын әндерінің басым бөлігін өзі жазып жүр. Олардың мәтінінің 90 пайызын белгілі ақын Әбдірахман Асылбек жазады.
Әнші өзінің бағасын біледі. Өзін бір күндік әнші деп емес, ұзаққа шабатын жүйрік деп есептейді. Сондай-ақ, Медеу кеше танылып, бүгін ұмыт болған өнер адамдарының қатарынан емес. Күн сайын болмаса да, тыңдармандар оны концерттер мен тойларға жиі шақырып тұрады. Сондай-ақ, «Қазақстан даусы» жобасының алғашқы екі маусымында тәлімгер болып, шәкірттеріне жол көрсетті.
Қазір Медеу Арынбаевтың репертуарында 300-ге жуық ән бар. Ол орындайтын «Ардағым сен», «Алматының кешінде», «О, махаббат», «Мөлдір сезім», «Дариға-жүрек», «Сүйемін сені», «Балама тілек» әндері халық арасында кең таралған. Әнші қазірге дейін «Өмiр – өзен», «Любимая, нежная», «Слова любви», «Туған жердей жер болмас» үнтабақтарын жарыққа шығарды.
Әнші әлеуметтік желілерге кірмейді. Ғаламтордағы оның атынан ашылған парақшаларды көмекшісі жүргізеді.

Роза Әрен