Төреғали Төреәлі

Alternative

Classic

Pop


Төреғали Төреәлі 1992 жылы Қызылорда облысындағы Байқоңыр қаласында
дүниеге келген. Ол Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Өнер
академиясының колледжін «актерлік шеберлік» мамандығы бойынша
тәмамдаған. Бала күнінде Байқоңырдағы балалардың бәрі ұшқыш болуды
армандап жүргенде, бұл «мен айтыскер ақын боламын» дейді екен. Кейін сол
арманы орындалып, Төреғали халыққа ең әуелі айтыскерлігімен танылды.
Оның талабын ескеріп, киелі өнерге баулыған – өз әкесі Төреәлі. Бірнеше
республикалық додада топ жарған Төреғали айтыста «әнші бала» атанды.
«Қызыл өрік», «Ауырмайды жүрек» және тағы басқа хит әндердің әуеніне
салып айтысып, халықтың қошеметіне бөленді. Кішкентайынан өлеңге де,
әнге де жақын боп өскендіктен болар, кейінірек эстрадаға қарай ойысты.
Ең алғаш оның әншілік қыры тыңдарманға «Іздеме» әнімен танылды.
«Іздемені» жаздырғанымда мен айтыста жүрген едім. Елдің алдында
айтыскер ақын болып танылып қалғаннан кейін өзімнің әншілік қырымды
байқату үшін тәуекелге бару керек болды. Тойларға беташар айтуға
шығатынмын. Ол кезде «Іздемені» менің орындайтынымды жұрт біле
бермейтін. Тойларда «бұл әнді мен орындаймын» деп, аузын жыбырлатып,
ақша алып кеткендерді көзім көрді. Мен үлкен сахнадан орындамай жатып-
ақ, бұл ән ғаламтор арқылы, телефон арқылы тарап кетті. Тойларда жиі
айтылып жүрді. Қазір де халық «Іздемені» менің орындайтынымды көп біле
бермейді» дейді әнші өзінің бір сұхбатында.
Төреғали сахнаға алғаш ән айтып шыққан кезде оны Еркін Нұржановқа,
Қайрат Нұртасқа ұқсатушылар көп болды. Алайда, әнші өзінің кішкентай
кезінен Мұқасан Шахзадаевқа еліктеп өскенін айтады. Төреғали өзі
орындайтын әндердің сөзіне ерекше мән береді. Тыңдармандарды әбден
таптаурын болған «айым, күнім, күйдім-сүйдім» сияқты сөздерімен
жалықтырғысы келмейді. Сондықтан, өз репертуарындағы әндерінің
көпшілігін айтыскер ақын Қайнар Алагөзовке жаздырады. Қазір Қайнар сөзін
жазған «Іздеме», «Қазақ қызға үйленем», «Алло», «Бол жанымда» әндері
халық арасына кең таралып, кейбірі тіпті ел жадында жатталып үлгерді.
Төреғалидың репертуарында өзі сөзін жазған «Ботам-ай» әні де бар. Әнші
оны Еркін Нұржановпен бірге орындайды.
Жасы енді ғана 25-ке толған әнші қазірге дейін бірнеше хит әндер орындап
үлгерді. Мысалы, «До Ре Ми», «Жүрегің қазақ», «Біртүрлі қыз», «Менің
Толқыным», «Түсімдегі қыз», «Романтик», «Ұлы дала баласы» және тағы
басқа әндер тыңдарман тарапынан жылы қабылданды. Ал, 2016 жылы
әншінің «Ұлы дала баласы» атты үнтабағы жарық көрді. Сондай-ақ, әнші
«Қазақстан» ұлттық арнасымен бірігіп, «Ұлы дала баласы» атты реалити-шоу
түсірді. Төреғали Төреәлі мен Ерке Есмахан орындаған «Алло» әні «Youtube»

желісінде 26 миллион рет қаралды. Қазір Төреғали бұл әнді Ерке емес, басқа
әншілермен бірге шырқап жүр. Ал, «Біртүрлі қыз» әні 2016 жылы «Жыл
таңдауы» ұлттық телевизиялық музыкалық жүлдесіне ие болды. Төреғалидің
негізгі мамандығы актерлік болғандықтан, ол киноға түсуге де кетәрі емес.
Былтыр ол «Бизнес по-казахски» фильмінің 2-3 эпизодына түсті.
Бүгінде Төреғали Төреәлі ғаламтор әлеміндегі ең танымал әншілердің
қатарына кіреді. «Google.com» мәліметінше, 2016 жылы ғаламторда ең көп
ізделген адамдардың бірі осы Төреғали екен. Ал, әншінің «Instagram»
әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасын 2 миллионнан астам адам оқиды.
2017 жылдың күзінде Төреғали Төреәлі Республика сарайында 5 күн
қатарынан концерт берді. Бұл концерттерге әншінің өнердегі әріптестері
Мейрамбек Беспаев, Тамара Асар, Еркін Нұржанов, Нұржан Керменбаев,
Айқын Төлепберген, Мәдина Сәдуақасова және т.б. қатысты. Концерттер легі
аяқталған соң, Төреғали Алматыда өзінің үйлену тойын дүркіретіп өткізді.
Әнші осы уақытқа дейін өзінің жұбайы Толқынды көпшіліктен жасырып
келген еді. Бүгінде Төреғали мен Толқын екі перзент тәрбиелеп отыр.

Роза Әрен